Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзекті мәселелер талқыланды

Өзекті мәселелер талқыланды

Осы аптада аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудандағы білім беру ұйымдарының жай-күйі туралы кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиында ағарту саласының күрделі әрі ауқымды мәселелері қаралды. Білім ошақтарын қауіпсіз ортаға айналдыру, оқушыларға өнегелі тәрбие беру, тағы басқа өзекті әрі күрделі мәселелер жан-жақты талқыланды.
Кеңейтілген алқа мәжілісіне мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, дербес бөлім басшылары, қала, кент және ауыл әкімдері, қоғамдық кеңестің төрағасы, ардагерлер мен әйелдер кеңесінің төрағасы, мектептердегі ата-аналар комитетінің төрағалары және білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздар қатысты.
Маңыздылығы мол жиында аудан басшысы:
– Қоғамға түйсікті тұлға, мемлекетке жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу – білім беру жүйесінің аса маңызды міндеті екендігін естен шығаруға болмайды. Сондықтан да, кез-келген елде, қай заманда болмасын, мектеп – қоғам тұрақтылығы мен мемлекет мүддесін қорғау жүйесінің алтын тұғыры болған. Білім беру жүйесінің басы-қасында жүрген әріптестер осыны терең түсініп, тиісті қорытынды жасауға міндетті – деп, бүгінгі білім беру жүйесінің өзектілігіне тоқталды.
Одан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова білім сапасын арттыру, тәлімді тәрбие беру жұмыстарының барысы мен ұстаздардың жаңашылдық бағытындағы инновациялық жұмыстары туралы баяндама жасады. Өз баяндамасында ауданда көш ілгері келе жатқан білім ұяларымен қатар белсенділігі төмен бірнеше мектептің көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталып, мұндағы мұғалімдердің өзінің міндетіне, жауапкершілігіне, түрлі деңгейдегі шараларға қатысуға құлықсыздығын сынға алды. Қазақта "ұстазы жақсының ұстамы жақсы" деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Сондықтан білімді ұрпақ тәрбиелеп, болашақ тұлғаларды қалыптастыру бағатында мұғалімдер де оқушыларына үлгі болуы қажеттігін білім бөлімі басшысының баяндамасынан анық аңғардық.
Келесі болып аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Нұрбек Шегебаев балалар мен жасөсіпірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, сондай-ақ олардың өмірі мен денсаулығына қарсы жасалатын зорлық-зомбылық бағытындағы қылмыстардың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу бойынша атқарылған іс-шараларды тізбектеп өтті.
Осы ретте Н.Шегебаевтың баяндамасынан біз ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты кейбір жағдайларға салғырттық танытып отырғанын байқадық. Мектеп жасындағы балалардың кешкілік уақытта беймезгіл жүрісінің көбею фактісі тіркелгені осының айғағы.
Балалар қауіпсіздігі, олардың құқықтарын қорғау және аудандағы білім беру ұйымдарындағы тексеру нәтижесі туралы аудандық прокуратураның прокуроры Руслан Нұрлыбаев баяндама жасады.
Бұл ретте де білім саласындағы кейбір заңсыздықтар көрініс берген. Айтар болсақ, мектеп асханасының талапқа сай болмауы, мектептердегі санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарындағы олқылықтар анықталғанын айтты. Мысалы Жалғызағымдағы бастауыш мектеп 2023-2024 оқу жылын уәкілетті органның оң қорытындысын алмай, басқа ғимаратта оқыған. Осының салдарынан оқушылар мен үй иесінің үй жануарлары бір есіктен кіріп-шыққан.
Сондай-ақ, мектеп директорларының басқарудағы жаңашылдықтары, ұстаздарының әлеуметтік потенциалдарын көтеру мәселелері жөнінде Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектептің директоры Күлайша Сүлейменованың пікірі тыңдалды.
Оқушылар үйінің қосымша білім беру педагогы әрі қамқоршылық кеңестің белді мүшесі Төребек Дәрмағамбетов бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, бос уақытын тиімді пайдаланудағы ұтымды тетіктер туралы өз ойын ортаға салды.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Өмір өзеніне қадам басқан әлемдегі әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазына қарыздар, оны мәңгілік есінде сақтайды. Әркім өз жауапкершілігін жоғары сезініп, бала тәрбиесіндегі өз міндеттерін бұлжытпай орындағанда ғана ұлт үшін ұтымды іс атқаратын боламыз. «Тәрбиесіз үйретілген білім – ақымақтың қолына қанжар ұстатқанмен бірдей» деген нақыл бар. Ендеше, ұстаз – тек білім беруші ғана емес, тәлім-тәрбие үйретуші де. Бала тәрбиесінде «Бала – ұстаз – ата-ана» үштігі әрдайым біркелкі, ұдайы байланыста жұмыс жасауы қажет. Осыны терең түсінгенде ғана біз тиісті мұратымызға жете аламыз» – деп жиынға қатысушыларды елдік істе бірлесе еңбек етуге шақырып, орын алған кемшіліктерді түзету турасында бірқатар тапсырмалар жүктеді.
О. ЖОЛДАСОВ

10 ақпан 2024 ж. 235 0