Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбие саласының бірлескен көшпелі кеңесі қорытындыланды

Тәрбие саласының бірлескен көшпелі кеңесі қорытындыланды

Өткен аптадан бастап облысымыздың барлық аудандарында білім саласының қызметкерлері мен ата-аналардың «Отбасы - тәрбие бесігі» атты бірлескен көшпелі кеңестері өткізілді. Келелі кеңестің соңғы жиындары бүгін Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарында өткізіліп, қорытындыланды.

Кеңеске арнайы облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, аудан әкімдері, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Жапырақ Ұзақбаева, барлық аудан бойынша 1500-ге жуық ата-аналар мен 1000-ға жуық білім саласының қызметкерлері, ардагерлер, құқық қорғау органдардың және салалық бөлімдердің басшылары қатысты.

Жиында әр ауданның жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары талқыланды.

Кеңейтілген кеңестің күн тәртіптеріне сәйкес, білім бөлімінің басшылары білім беру ұйымдарында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы айтса, аудандық полиция бөлімі бастықтары кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына байланысты хабарламалар жасады. Сонымен қатар әр аудандағы білім саласының ардагерлері бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне тоқталып, бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл Ж.Ұзақбаева баланың әлеуметтік қорғалуы туралы кеңесте ойын ортаға салды. Мұнан соң жиындарға арнайы қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбет білім беру ұйымдарында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың, суицидтің,кибербуллингтің алдын алу, болдырмау және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бірқатар мәселелерге көтерді.

Бірлескен кеңестердің қорытындысы бойынша басқарма басшысы білім бөлімдеріне тәрбие саласын жандандырып, жергілікті жерде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуде бірқатар тапсырмалар берді.

kyzylorda-news.kz
15 ақпан 2023 ж. 281 0