Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос ішектен төгілген күй құдіреті

Қос ішектен төгілген күй құдіреті

Шілденің алғашқы күні қазақтың қасиетті қара домбырасының құрметіне «Домбыра күні» болып бекітілді. Расында талай аңыз бен қиссаларда қасиеті ерекше айтылған құнды жәдігерді құрметтеу – бізге парыз. Осы жолда өлшеусіз еңбек етіп жүрген жандар да жетерлік. Ол жайлы күнделікті оқып, біліп, көріп те жүрміз.
Мәселен барша қазаққа таныс қазақтың қара домбырасын жаңа технология арқылы жасайтын шебер Ертай Байжалғас бір сұхбатында: «Тәжірибе алмасу мақсатында Өзбекстанға бардық. Хиуа, Самарқанд қалаларына барып, текстиль, жез, ағашпен жұмыс істеу технологиясын көрдік. Олар мемлекет деңгейінде қолдауға ие екен. Мысалы, бізде Алакөл ауданында (өзінің туған жері) 2 шебер болса, оларда 2000-нан аса шебер бар екен. Тіпті бұл кәсіппен 500 жыл айналысып келе жатқан әулет бар. Олар атадан-балаға мұра етіп келеді» деген екен.
Алайда құндылықты бағалау оны жасаушы шеберлердің көптігімен емес, ұлттың болмысымен бағаланады. Мәселен қазақтың дара аспабын алғаш болып әлемге танытқан да қазақстандық этно-рок стиліндегі музыкалық «Ұлытау» ансамблі.
Сондай-ақ көнеден белгілі «Ақсақ құлан» аңызы қазақпен бірге жасасып келеді. Ханның баласының өлігін қайғылы күймен жеткізген күйшінің жазасын жеңілдетіп, шанағына қорғасын құйылған қара домбыраның қасиетін қалай айтсақ та тауыса алмаймыз.
Иә, аңыздың да астарында ақиқаттың сығалайтынын білсек те, ойдан құрастырылды деген ойдың қатар жүретіні жасырын емес. Біріміз сенерміз, біріміз жоқ. Дегенмен көңілді толқытар, жүректі жұбатар, сезімді ақтарар сырлы домбыраның құдіреті жайлы сөз ете қалсақ, менің ойыма мына бір дүние орала береді, орала береді. Бұл ешқандай аңыз да, ертегі де емес. Бұл ақиқат. Кеше ғана ортамызда күллі қазақты күйшілігімен тәнті еткен Сүгірдің шәкірттерінің бірі Төлеген Момбековтың мұңды әрі мәнді күйші «Салтанаттың» тарихы.
Күйдің кейіпкері, күйшінің қызы Салтанат Момбекованың «Egemen Qazaqstan»газетінің тілшісі Дүйсенәлі Әлімақынмен сұхбатында:
– Анам 1970 жылы 9 мамырда бала-шағам деп жүріп суықтады ма, бірнеше рет емханада жатып емделсе де, бауыр¬дан ауруы асқынып, қайтыс болған. Мен небәрі 4 жаста екенмін. Анамды іздеп шырылдап көп жыласам керек, өзі де жарын жоқтап жүрген әкем сол кезде осы күйді шығарыпты. Күйдің атына айналған менің есіміме қойылған «Салтанат» сөзі шаттықты білдіргенімен, бұл күй – қайғылы бойлауық күй. Әкем бұл күйдің шығу тарихы жайлы: – Бір күні үйге келсем, «апама айтам» деп өксіп жылап отыр екенсің. Қайрат ағаң ренжітіп қойыпты. Ее, анасын сағынған екен ғой құлыным, деп сені алдыма алып уатам деп еріксіз көзден ағыл-тегіл жас ақты. Сол жас кеу¬демнен күй болып төгілді, құлағыма бір әуен қайта-қайта келіп, дүниеге осы күй келді. Күйдің басы «Қайтейін, жаным-ау» деп басталып, сенің жылаған үніңе ұласады, сағасында көзден аққан жас булығып, мұрыннан аққан сумен тұншығып, шырқырап шыққан үнің анық естіледі, – деуші еді. Бұл күй ойналғанда тыңдап отырып, іштей алай-дүлей күй кешіп, жан-дүниемнің сағыныштан ақтарылып жат¬қанын сезуші едім. Көзіме анамды елестете алмай, анық түрін сақтап қала алмағаныма күйінетін едім. Тіпті бала күнімде ауылдың бас жағында орналасқан мектебіме жалғызаяқ жолмен сөмкемді сүйретіп кетіп бара жатып, менмұндалап тұрған Қаратаудың биік шоқысына көз тігіп, «Шіркін, анамның бейнесі ана таудың басынан бір елестесе ғой, түрін бір көрсем ғой» деп күнде армандайтынмын. Неге екенін қайдам, артынан ойша анама ақ кимешек кидіріп, бейнесін өзімше елестетіп, бала көңіліммен мәз болатынмын. Көкірегімдегі сағыныш отын осылай басатынмын. Үнемі баласын айналып, басынан сипаған аналарды көргенде, ешкімге көрсетпей көз жасыма ерік беретінмін. «Қандай бақытты» деп іштей күбірлеп, бала жүрекке түсініксіз бір ауыр зіл түсіретінмін. Өкініштісі сол, анамды анық елестетер, мендегі естеліктердің ізсіздігі. Тек бір ғана есімде қалғаны, майы таусылған шам білтесінің көмескі жарығындай көрініс қана. Еміс-еміс есімде қалғаны: үйдің сол бұрышында тө¬секте жатқан анамның көрпесін сәл түріп жіберіп, мені құшырлана құшақ¬тап, қайта-қайта сүйгені ғана. Шын¬дығына келгенде, елестеткен жерім қате болып шықты. Бұл туралы есейе келе бауырларыма айтқанымда, ол жерге қайтыс болған соң, жаназасын оқу үшін шығарғанын білдім. Анамның біз¬бен қоштасуы үй ішіндегі отау тамда ( үйдегілер солай атап кеткен екен) болған екен. Шырағының сөнетінін білген қайран шешем амалсыз соңғы рет бізбен осылай қоштасыпты. Әлі күнге осы күй ойналған сайын анамды бір көре алмадым-ау деп өкініш пен сағыныштан көзіме жас келеді. Бәлки, бұл анасымен құшырлана тілдесе алмаған 4 жасар қыздың өкініші десеңіздер де болады. Ананың орны бөлектігін сезінсем керек, оқушы күнімде балалар үйінде жұмыс жасап, жетім балалардың маңдайын бір сипасам деп армандайтынмын. Мүмкін бұл ішімдегі құсамды бөлісіп, сыртқа шығарғым келгендіктен де шығар... – деген сырлы сұхбатының өзі көзге жас үйіреді. Ал сол кездегі бала Салтанат пен күйшінің жағдайын ойлаудың өзі ауыр.
Міне, мұң мен сырды мәңгі мұра етіп қалдырып келген маңғаз аспаптың мәні де осында. Қазақпен бірге жасасатын қасиетті домбыра қашан да қастерлі болып қала бермек.
Дайындаған О.ЖОЛДАСОВ
02 шілде 2024 ж. 103 0