Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС-тің маңыздылығын білеміз бе?

МӘМС-тің маңыздылығын білеміз бе?

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының жарғысында «Денсаулық – физикалық ақаудың, аурудың болмауы ғана емес, адамның физикалық, психикалық, рухани және әлеуметтік тұрғыдағы толыққанды белсенділігі»,- деп көрсетілген екен. Яғни, адамдар тек он екі мүшесі сау болып қана қоймай, еңбек етуге қабілетті, қоғаммен араласа алатындай болу тиіс дегенді білдіреді. Сонымен бірге Ата Заңымызда көрсетілгендей, еліміздің ең басты байлығы – адам және оның өмірі, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы қажет. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі екені сөзсіз. Елімізде әр адамның денсаулығы маңызды болып табылады. Осы тұрғыда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) енгізілген.
    Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі – Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына олардың жынысы, жасы, әлеуметтік мәртебесі, тұрғылықты жері және табыстарынан тәуелсіз түрде медициналық және дәрілік көмекке бірдей қолжетімділікті кепілдік етеді. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Бұл туралы ол үкіметтің кеңейтілген отырысында:
    –Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатыр. Соңғы жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылды. Әлеуметтік сала мамандарының, әсіресе педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет. Бұл – ең алдымен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда, медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес.
Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс", - деді Тоқаев.
        –Арал ауданы бойынша жалпы халық саны – 72 311. Оның ішінде МӘМС-те 60 489 адам сақтандырылған. Сонымен бірге еңбекке қабілетті жастағылар саны – 34 853, ал оның ішінде 23 001 адам сақтандырылған. Жалпы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заңдылығы бойынша  бойынша 15 осал топ бар. Оны Үкімет мойнына алған. Яғни, Үкімет тарапынан оларға сақтандыру жарнасы төленіп тұрады. Осы 15 осал топ кірмейтін тұрғындардың барлығы 2024 жылдың қаңтар айынан бастап 4250 теңгеден айына сақтандыру жарнасы төлену керек. Егер жұмыссыз болған жағдайда, жұмыссыздыққа тіркелу арқылы жаңағы 15 осал топтың қатарына кіреді де оны да Үкімет өз тарапынан атаулы жарнаны төлейді. Сонымен бірге МӘМС-тің жарнасы төленбеген жағдайда тегін медициналық көмекті ала алмайды. Тағы айта кетерлігі, МӘМС жарнасын төленбеген тұрғындар тек ғана емханадан дәрігерге дейінгі қаралу бөлмесі, ерлер немесе әйелдер қаралу бөлмесіне, сонымен бірге жалпы тәжіребиелік дәрігерлерден ғана тексерілуден өте алады. Әрі қарай лабараториялық, инструментальды тексерулерден және тар буынды мамандар кеңесін алуға мүмкіндігі болмайды. Сол үшін МӘМС-тің заңдылығына сәйкес әр тұрғын ай сайынғы жарнасын төлеу арқылы сақтандырылған мәртебесін алуы керек. Оны алған әрбір тұрғын қандай да бір қымбат тұратын медициналық тексерулер мен көмектерге қол жеткізе алады,–деді Арал ауданаралық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері орынбасары Лаура Жанысқызы.
    Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебеңізді бірнеше жолмен тексеруге болады. Мәселен, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, 1414 байланыс орталығы, Damumed мобильді қосымшасы, Halyk мобильді қосымшасы, Kaspi.kz мобильді қосымшасы және egov.kz электрондық үкімет сайты арқылы,  сондай-ақ «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы мәртебенің мән-жайын білуге болады.

А.НҰРЛАНОВА

08 шілде 2024 ж. 200 0