Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «GEOPARK ARAL» Арал өңірін тұрақты дамыту үшін серпінді жоба

«GEOPARK ARAL» Арал өңірін тұрақты дамыту үшін серпінді жоба

Әлемдегі экологиялық жағдай қазіргі уақыттағы күрделі мәселенің бірі болып отыр. Оны шешу жолы барлық ғаламда, соның ішінде біздің елімізде өткір түрде жолға қойылып отыр. Қанша жерден табиғи қорларды тиімді пайдалануда, қалаларды, елдімекендерді көгалдандыруда, ұлттық парктер, көгалды аймақтар жасауда көптеген шаралар іске асырылса да, айналадағы ортаны қорғаудағы жауапсыздық, болашақты ескермеушілік орын алып отыр.
Арал теңізінің қазіргі жағдайы тек ауданның ғана емес, сонымен бірге әлем халықтарының біріге отырып шешімін табуы тиіс мәселе. Осы бағытта жасалып жатқан жобалардың тиімді тұсын бәріміз көріп келеміз. Және тағы да сүйінші жаңалықтың бірі, жақында ЮНЕСКО ұйымы мен Халықаралық Аралды құтқару қорының бірігуімен «GEOPARK ARAL» ұлттық геопаркін құру жобасы іске асырылмақ.
Геопарк – белгіленген шекаралары бар, бірақ ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА) болып табылмайтын аумақ, оның шегінде шаруашылық және рекреациялық қызметке шектеулер жоқ. Сонымен қатар геопарктің негізі болып табылатын негізгі геологиялық және өзге де табиғи және мәдени объектілер ұлттық, өңірлік және жергілікті заңнама шеңберінде қорғалуға тиіс.
Бұл геопарктің басты мақсаты – ғылым мен туризмді насихаттау үшін объектілер ретінде пайдалану мүмкіндігі мен аумақтың геологиялық және геологиялық емес мұраларын сақтау, жергілікті тұрғындардың экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуына ықпал ету болып табылады. Геопарктердің құрылысы негізінде мемлекет пен инвесторлар арқылы іске асатын заманауи инфрақұрылымдар, оның ішінде жолдардың, қонақүйлердің, аттракциондар мен cапар-орталықтардың құрылуы жергілікті тұрғындардың тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау, жұмыс орындарын ұлғайту және жұмыспен қамту арқылы өңірлердің дамуын ынталандырады, бұл халықтың шалғай өңірлерден қалаға кетуін айтарлықтай азайтады. Ал бұның барлығы бүгінгі таңда Қазақстандағы маңызды проблемалардың бірі екендігі өтірік емес.
Осы орайда өткен аптада аудандық «AMANAT» партиясы ғимаратында Алдаберген Жоланов төрағалық еткен Қоғамдық кеңес отырысы өтті. Жиынға Қоғамдық кеңестің мүшелері, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының әкімшілік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент басшысы Темірбек Сәуле Каюмовна, ЮНЕСКО-ның еліміздегі өкілі Нигматова Саида Араповна, Қызылорда облысындағы денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ерқосаев Жұлдызхан Байназарұлы, Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы директоры орынбасары Нарбаев Марат Тұрсынбекұлы және «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің директоры Баймаханова Айна Үдербайқызы мен қоғамдық бірлестіктер, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, туризм саласындағы мамандары қатысты.
Отырысты ЮНЕСКО-ның еліміздегі өкілі Нигматова Саида Араповна бастап:
–Орталық Азияда, оның ішінде Арал өңірінде алғашқы геопаркті құру, ең алдымен ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуын жақсартуға белсенді атсалысып жүрген барлық ұйымдардың жұмысын шоғырландырумен іске асады. Аталған аумақты басқарудың нақты құралына қолжеткізу біз үшін бұрынғыдан да маңызды және өзекті болып табылады. Ал жергілікті тұрғындар үшін жоба – экологиялық жағдайы нашар, экстенсивті ауыл шаруашылығынсыз аумақты дамытудың баламалы жолы. Сондықтан жобаны қазіргі таңда дереу қолға алып, іске асуын қамтамасыз ету өте маңызды, – деп пікірін білдірді.
Кейін жобадан күтілетін нәтижелер легі таныстырылды. Ол туралы Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының әкімшілік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент басшысы Темірбек Сәуле Каюмовна баяндама жасады.
–Жобаның бізге берер жақсы, тиімді тұстары өте көп. Қазіргі таңда халықаралық деңгейде туристтер Арал теңізіне келіп, жағдайды өз көзімен көруге құштар, дегенмен оған нақты жағдай жасалмаған. Біздің жобамыздың арқасында теңіз ғана емес, сонымен қатар аудан, облыс көлеміндегі бірнеше тарихи-мәдени кешендерді тамашалауға болады. Сол үшін маршруттар аумағында туристік инфрақұрылымды дамыту, Өзбекстан Республикасымен бірлесіп, транс ұлттық геопарк құру перспективасымен Арал теңізі бассейнінің қазақстандық бөлігінде туризмнің барлық түрлерін үйлестіру, өңірде ғылым мен білім беруді дамыту, халықтың санасын жаңғырту және жергілікті тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау арқылы өңірді дамыту істері қолға алынбақ. Және бәріміз аңдап отқандай, жоба арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, халықты тұрақты табысты жұмыспен қамтып, Арал экономикасына үлес қосуға мол мүмкіндік бар. Геопарктер құру – еліміздің негізгі стратегиялық мақсаттарына сәйкес келетін жедел жоба. Әлеуетті Арал геопаркі осы аймақтың геологиялық тарихын және табиғатқа антропогендік әсердің салдарын бақылауға мүмкіндік беретін әлемдегі бесінші трансшекаралық геопарк болуы мүмкін. Осы бірегей табиғи оқиғаларды өз көзімен көру мүмкіндігі көптеген туристердің назарын аударады, – деп жобамен кеңінен таныстырды.
Сонымен қатар жиында Халықаралық Аралды құтқару Қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы дирекциясының геопаркті құру жолындағы қадамдары жөнінде баяндалды. Бүгінге дейін ЮНЕСКО-мен бірлесіп геопарк құру туралы шешім қабылданып, бірнеше жұмыс кездесулері өткізілген. Соның ішінде, жол картасы, геопарктің картасы жасалуда, мүдделі мемлекеттік органдарға хаттар жолданып, геопарк құруды қолдау туралы жауаптар да алынған. ҚР-дағы ХАҚҚ АД өкілдігі базасында және Көкарал бөгетінде Арал қаласында визит-орталық құру жұмыстары мен «Эко-Арал» ҒТО-да мұражай құру бойынша жұмыстар басталып, іске асуда. Және қазірге дейін Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ және ҚНУ студенттері-магистранттарымен бірге 2 далалық сапар, Француз делегациясы үшін экспедиция ұйымдастырылып, сәтті өткізілген. Қызылорда облысының Әділет департаментінде тіркеу жұмыстары да бастау алып жатыр.
Айта кететін жайт, жақында Арал қаласындағы жалпы білім беретін мектептер арасында «GEOPARK ARAL» логотипі байқауы өткізілген болатын. Байқауға қатысқан барлық оқушы арнайы Алғыс хатпен және бағалы сыйлықпен марапатталып, аудандық Оқушылар үйінің 9-сынып оқушысы Дана Үркімбаевның логотипі үздік деп танылып, жеңімпаз атанды («Дизайн» үйірмесінің мүшесі, жетекшісі Әділбек Реймұлы Изнатов). Данаға арнайы мадақтама және планшет сыйланды.
Жиын соңында айтылған пікірлер мен ұсыныстар қаперге алынып, Қоғамдық кеңес отырысының хаттамасына сәйкес Арал ауданы әкімдігіне «GEOPARK ARAL» ұлттық геопаркін құру жобасын іске асыру мақсатында тиісті сала бойынша заңдылығына сәйкес қолдау ұсынылды.
Гүлмарал САҚТАПОВА
15 шілде 2024 ж. 319 0