Тазалық – табалдырықтан басталады

Адамдар өздері өмір сүріп, ауасын жұтып отырған маңайды күл-қоқысқа толтырып тастайды. Күн жылынып, жер қарая бастағанда әр жерден мен мұндалаған қоқыстың күлімсік иісі қолқаны алып, мазаны кетіретіні де белгілі. Тиісті мекемелер қанша тазалық жұмыстарын жүргізсе де тұрғындар айналаны қоқысқа толтыруды тимай келеді. Саналы адамның санасыз әрекеті қоршаған ортаның сұрқын кетіріп қана қоймай, түрлі ауру да таратады.
Қалалар мен ауылдар төңірегінде бейберекет шашылып, ұлғайып бара жатқан қалдықтар малдың жайылымы болған жер қыртысының құнарын жоятындығы жасырын емес. Тасталып жатқан қалдықтардың ішінде аса қауіпті, улы заттар да кездеседі. Ертеңгісін ерте саябаққа барсаңыз, астан-кестен дүние¬ні көресіз. Орындықтардың бәрі жылжыған, кейбіреулері аударылған, әр орындықтың алды толған қоқыс. Шылым мен сусындардың қалдықтары оңды солды тасталған. Ал осылардың бәрін таң атпай түзеп, әр сіріңке талын көтеріп, көше тазалаушылардың жинап жүргені. Осылайша, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырғымыз келеді. Бірақ бұл қашанға дейін созылады? Өркениетті елдердің адамдары өздері тұрып жатқан қаланың, оның көшелерінің, үй ауласының тазалығына, әдемілігіне, тыныштығына, жайлылығына ерекше мән береді. Үй ауласын, көшені өздерінің үйлерінің төріндей көреді. Сондықтан да оны аялап ұстауға, бір тал сірің¬ке тастамауға тырысады. Сөйтіп, өздеріне өздері үйде де, түзде де қолайлылық туғызып, мәдениетті өмір салтын ұстап жүреді. Ал біздің елде айтуға ұят, бірақ айтпасқа тағы болмайды.
Бұндай жағдайда адам мен табиғат арасындағы қайшылықты шешуді қоғам реттейді. Оның қызметі – адамдардың санасын тәрбиелеу. Яғни қоғамдағы тазалы¬қ мәселесі жергілікті биліктің ғана шаруасы емес. Бұл – әрбір азаматтың ықтиярлықпен қарайтын шаруасы. Қазіргі күні ауданда тазалықты қамтамасыз ету бағытында көптеген шаралар қолға алынып отыр. Түрлі акциялар ұйымдастырылуда. Соның арқасында қаланың біраз бөлігі күл-қоқыстан тазаланып қалды. Осындай игілікті шараға бәріміз атсалысар болсақ өзіміз өмір сүріп отырған қаланың әсем келбеті мен таза ауасын қалыптастыратын боламыз. Тазалық саулық негізі, саулық байлық негізі екендігін ұмытпайық.
Н.БАҚЫРАН