Айналаны таза ұстау – әрбір тұрғынның міндеті

Адамдар өздері өмір сүріп, ауасын жұтып отырған маңайды күл-қоқысқа толтырып тастайды. Күн жылынып, жер қарая бастағанда әр жерден мен мұндалаған қоқыстың иісі қолқаны алып, мазаны кетіретіні де белгілі. Тиісті мекемелер қанша тазалық жұмыстарын жүргізсе де тұрғындар айналаны қоқысқа толтыруын тоқтатар емес. Саналы адамның санасыз әрекеті қоршаған ортаның сұрқын кетіріп қана қоймай, түрлі ауруды да таратады.
Қалалар мен ауылдар төңірегінде бейберекет шашылып, ұлғайып бара жатқан қалдықтар малдың жайылымы болған жер қыртысының құнарын жоятындығы жасырын емес. Тасталып жатқан қалдықтардың ішінде аса қауіпті, улы заттар да кездеседі. Ертеңгісін ерте саябаққа барсаңыз, астан-кестен дүниені көресіз. Орындықтардың бәрі орнынан жылжыған, кейбіреулері аударылған, әр орындықтың алды толған қоқыс. Шылым мен сусындардың қалдықтары оңды-солды тасталған. Ал осылардың бәрін таңертеңменжердегі әр сіріңке талын көтеріп, көше тазалаушылардың жинап жүргені. Осылайша, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырғымыз келеді. Бірақ бұл қашанға дейін созылады? Өркениетті елдердің адамдары өздері тұрып жатқан қаланың, оның көшелерінің, үй ауласының тазалығына, әдемілігіне, тыныштығына, жайлылығына ерекше мән береді. Үй ауласын, көшені өздерінің үйлерінің төріндей көреді. Сондықтан да оны аялап ұстауға, бір тал сірің¬ке тастамауға тырысады. Сөйтіп, өздеріне өздері үйде де, түзде де қолайлылық туғызып, мәдениетті өмір салтын ұстанып жүреді. Ал біздің елде айтуға ұят, бірақ, айтпасқа тағы болмайды.
Бұндай жағдайда адам мен табиғат арасындағы қайшылықты шешуді қоғам реттейді. Оның қызметі – адамдардың санасын тәрбиелеу. Яғни, қоғамдағы тазалық мәселесі жергілікті биліктің ғана шаруасы емес. Бұл – әрбір азаматтың ықтиярлықпен қарайтын шаруасы. Бүгінгі таңда ауданда тазалықты қамтамасыз ету бағытында көптеген шаралар қолға алынып отыр. Түрлі акциялар ұйымдастырылуда. Соның арқасында қаланың біраз бөлігі күл-қоқыстан тазаланып қалды. Осындай игілікті шараға бәріміз атсалысар болсақ, өзіміз өмір сүріп отырған қаланың әсем келбеті мен таза ауасын қалыптастыратын боламыз. Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі екендігін естен шығармайық.
Н. БАҚЫРАН