Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асық атудан аудан мақтанышы

Асық атудан аудан мақтанышы

Аға буыннан асық ату ойыны туралы сұрасаңыз, көбіне мұғалімдерден жасырынып ойнағандарын айтады. «Асық ойнаған – азар, доп ойнаған – тозар. Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген сөзді ұстаным еткендерін де жасырмайды. Ал бүгінде асыққа деген көзқарас мүлде өзгерген. Ұлттық ойынды насихаттап, бүгінгі буынға үйретіп жүргендердің қатарында мұғалімдер көп. Солардың бірі – аудандық, облыстық, республикалық деңгейде қазақтың ұлттық ойыны асық атудан жүлделі орындарға ие болып жүрген жан, №220 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, асық атудан «Құрмет» төсбелгісінің иегері, спорт шеберіне үміткер Қуаныш Қармысбаев.
Қуаныш Қармысбаев1985 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Ол 2004 жылы қаладағы №64 мектепті бітіріп, Ақтөбе қаласындағы темір жол колледжіне оқуға түседі. 2007 жылы оқуды бітірген соң 3 жыл Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімде келісімшарт негізінде жұмыс жасап, 2011 жылы Тараз қаласынан «денешынықтыру пәні мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алады. 2014 жылы өзі оқыған №64 орта мектебінде техникалық қызметкер болып жұмыс жасап, 2021 жылы №220 орта мектебіне денешынықтыру пәні мұғалімі болып қызметке тағайындалды.
«Алтын асықтай ұл туыпты», «Асығың алшысынан түссін», «Алты сақа секілді» дейтін қазақ тіл біліміндегі фразеологизмдер қатары бекер айтылмаса керек. Себебі бұл ұлттық ойын түрі болғаннан кейін оның гендік, менталитеттік тұрғысынан қарастырылуы да ғажап емес. Табиғи сүйек арқылы ойын түрін жасау, оған көшпелі жұрттың дәстүрін сіңістіру үлкен еңбек екені мәлім. Бұл туралы кейіпкеріміз:
–Ауылда өскен соң ұлттық ойындарға қызығушылық болмауы мүмкін емес қой. Солай мен де кішкентайымнан қазақтың ойындарына, оның ішінде асыққа өте қызығып өстім. Қатарлас достарымызбен, көршілермен үнемі ойнайтынбыз. Кейін келе де бұл ойынды тастамай, бос уақытымда ойнауды жалғастыра бердім. Қазірде шәкірттер дайындап жүрмін. Басты мақсатым – бабаларымыздан мирас болып келе жатқан қазақтың ойындарын әлемге таныту. Осы салада атсалысып, белгілі бір дәрежеге жеткім келеді, – дейді.
Иә, жастайынан асық атуға қызығушылық танытқан Қуаныш Жарылқасынұлы бұгінде аудан абыройын талай халықаралық жарыста асқақтатып жүр. Мәселен, көшпенділер ойынында Азия біріншілігінде асық атудан жүлдемен оралса, мұнан бөлек әр түрлі деңгейлі додаларда қарсыластарынан басым түсіп жүргені бәрімізге мәлім.
«Көк бөрі» лақап атымен республика көлеміне танылған ол жақында ғана асық ату спортынан тұңғыш рет өткізілген «Алаш сақасы» сайысында облыс атын қорғаған болатын. Осыған дейін Қазақстан чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері, Қырғыз елінің Ордо ойынынан Халықаралық сайыстың жүлдегері, Қызылорда облысының бірнеше дүркін чемпионы атанған Қуаныш Қармысбаевтың шәкірттері бүгінде ізін жалғап келеді. Олардың бір тобы асық атудан Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын.
Бүгінде шәкірт тәрбиелеп, салауаттылыққа, спортқа баулып келе жатқан Қуаныш Жарылқасынұлы соңғы жылдары футболды да жанына серік еткен. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында білім беру мекемесі қызметкерлері арасында шағын футболдан өткен аудандық турнирде Қуаныш Қармысбаев «үздік ойыншы» атанса, шәкірттері шағын футболдан «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының аудандық кезеңінде 7-8 сынып оқушылары арасында ер балалар командасы, 5-6 сынып оқушылары арасында қыз балалар командасы І орынды жеңіп алды.Түрлі жекелей номинациялар бойынша да үздіктер ретінде шәкірттері биіктен көрініп келеді.
Бала тәрбиесінде ұстаздың атқарар рөлі маңызды. Баланың санасы енді қатайып келе жатқан шақта көп уақытын осы ағай-апайларымен өткізіп, сол жандар санасына сіңірген тәрбиені өмірлік жолына нұсқаулық ететіні сөзсіз. Осы тарапта Қуаныш Қармысбаевтың атқарған жұмысы көпшілікке үлгі болмақ.

Гүлмарал САҚТАПОВА
22 шілде 2024 ж. 184 0