Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдің ертеңі бүгіннен басталады

Елдің ертеңі бүгіннен басталады

Ел болашағы жалынды жастар. Олай қашанда қоғамның айнымас қозғаушы күші. Қазақта “болам деген баланың бетін қақпа, белін бу” деген астарлы, мәнді мақал бар. Ертеден жастың ерек қасиетін байқаған данагөй халық үшін, осы дарынды ашу үлкен мүдде болған. Кешегі Сабалақты аяққа тұрғызған Төле би, бүгінгі “Жас ұланының” синонимі. Оларға артылған үміт пен ерткен еңбек болашаққа деген инвестиция іспетті. Мұны Мемлекет басшысының "Жастар әрдайым жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады. Сондықтан біз жас ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс бағытта бағыттап, оны тиімді пайдалануымыз керек. Олар – Қазақстанның мәдени имиджі, тәуелсіздік құндылықтарын, біздің ерекше күшімізді бейнелейтін, халықаралық аренада біздің еліміздің атынан қатысатын рухани елшілер. Мұндай азаматтарға қамқорлық жасау – мемлекеттің міндеті" деген сөзінен анық аңғара аламыз.
Иә, білімді ұрпақтың болашақтағы рөлін осылай баяндасақ, ендеше олардың келешегіне де алаңдауымыз қажет. Әлбетте солай. Ал ол үшін жауапты кім? Осындай сұрақ туындаған жағдайда алғашқы болып баланың ата-анасымен қатар мұғалімдері мен мектеп ойға оралады. Бұл қаншама қоғам ауысса да санамызда сіңіп қалған стереотип. Олай болуы да заңдылық. Өйткені санасы ақ парақтай тап-таза бүлдіршіндерді қабылдап алып, оларға сәуле жол көрсету, терең білім мен білімді тиімді қолданатын тәрбие беру біздің, яғни мұғалімдердің басты міндеті. Баланың бағбаны саналған ұлағатты кәсіп иелері бұл міндетті, өздеріне артылған жауапкершілікті өте жақсы біледі және сезініп жұмыс жасайды. Оған өзіміз куәміз.
Шындығында әрбір 45 минутты барынша қызықты етіп, баланы білімге шақырудың жаңа әдістері мен тың технологияларын игеру бүгінгі білім саласында еңбек етіп келе жатқан жандардың басты жұмысы.
Бүгінде осы жұмыстардың қорытындысымен жоғарғы нәтижеге қол жеткізіп жүрген білімді жастар аз емес. Оған бірден-бір себеп ұстаздардың да еңбекке деген құлшынысы. Баршаға белгілі мұғалім мәртебесінің биіктегені, оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау, түрлі жеңілдетілген әрі тиімді жаңалықтардың жиі қолданысқа енуі мұғалімдердің нәтижеге тұрақты қол жеткізуіне кепіл болып отыр.
Мағжан Жұмабевтың "Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі" дегеніндей бүгінде құрметтің төріндегі ұлағатты мамандық иелері қолдаудың арқасында әлі талай дарынды өсіріп, тұлғаны тәрбиелеп шығары сөзсіз. Ал олар тәуелсіз еліміздің ертеңгі тірегі болады. Мен мұғалім ретінде бұған күмәнсіз сенемін.
Арайлым ЕЛУБАЕВА,
№60 Ж.Түменбаев атындағы мектептің мұғалімі
23 шілде 2024 ж. 157 0