Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсібінен береке тапқан жанұя

Кәсібінен береке тапқан жанұя

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шағын және орта бизнеске соңғы бірнеше жылдықта аса назар аударып, мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар ұйымдастырып, қолдау білдіріп келе жатқаны бәрімізге аян. Нарықтық экономикадағы көрсеткішіміз де жеке бизнестің дамуымен өлшенеді. Ауданда сол қолдау арқылы шағын бизнес бастап, несібесін көріп отырған халық қаншама. Бүгінгі мақаламыздың арқауы солардың бірі – «Qarakesek» дүкенінің иесі Нұрлыбек Әлібекұлы Қанаев.
Иә, теміржол өткелінің жанындағы «Qarakesek» дүкенінің ашылғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен өзінің ерекше атымен көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді десек қателеспейміз.
– Дүкенді ашатын кезде көп ойлана қоймадық. Келіншегім бұрын сату-сатып алу саласында жұмыс істеген. Қазіргі таңда декреттік демалыста отырған ана. Үйдің күнделікті тіршілігі шаршатып жібереді ғой. Сондықтан ойы бөлініп, өзіне ермек болсын деген ойым болды. Осылайша отбасымызбен ақылдасып, ата-анамыздың батасын алып, азық-түлік дүкенін ашуды жөн деп ұйғардық, – дейді кәсіп иесі Нұрлыбек Қанаев.
Кәсіпкер алғаш естігенде атымен есте қалатын дүкенді бастапқыда басқаша атағысы келгенін айтады:
– Әуелгіде әкем дүкеннің атын немересінің атымен бірдей етіп, «Рамазан» қойғысы келді. Дегенмен қаламызда ондай дүкен көп болғандықтан, аздап ерекшелік қаладық. Ойымыз халықтың ойында қалатындай, жаттанды, көпшілікке қызықты ат ойлап табу еді. Ата-баба салтын құрметтеп, оларды құрметтеп өскен қазақпыз ғой. Жарыммен ақылдаса келе, «Qarakesek» деп қоюға шешім қабылдадық. Ата-анамызға айтқанда ол кісілер де келісе кетті, – деді ол туралы Нұрлыбек Әлібекұлы.
Бүгінде халықтың қажетін өтеп, алғысын алып отырған дүкеннің жұмыстарын Нұрлыбек мырзаның жары Айгерім Өксікбаева жүргізеді.
– Жолдасымның жұмыстан көбіне уақыты болмай жатады. Ондай уақытта барлық шаруаны өзіміз атқаруға тура келеді. Отбасымның, әсіресе қайынсіңілімнің көмегі көп. Дүкен шаруасы бір кісінің қолынан келетін дүние емес. Заттарды алу, тасу, орналастыру, реттеудің бәрі уақытты да, физикалық тұрғыдан күшті қажет етеді, – дейді ол.
Айта кетейік, кәсіпкерлер отбасы өз істерін бастар алдында «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы қаржы ұйымынан мемлекеттік қолдау арқылы 5 млн. теңге көлемінде несие алған.
– Кәсіпкерлік грант, несие туралы ойым өте жақсы. Қазіргі таңда біз сияқты жеке кәсіп ашқысы келген жастарға жақсы мүмкіндік әрі мотивация. Мемлекетіміз істеймін, еңбек етемін деген жандарға барлық жағдайды қарастырып қойған. Тек соны ұтымды пайдаланып, жоспарын нық құрса болғаны – деп Нұрлыбек Қанаев пікірін білдірді.
«Qarakesek» дүкенінде халық күнделікті тұтынатын 19 түрлі әлеуметтік азық-түлік түрі сатылымда. Олардың ішінде ұн, күріш, макарон өнімдері мен сұйық май секілді өнімдердің бағасы тұрақты, қолжетімді. Сонымен қатар тұрмыстық тауарлар, әртүрлі дайын өнімдер мен сусын түрлеріне де таңдау жетерлік.
Қызығы, дүкен отбасылық кәсіптің алғашқысы емес. Нұрлыбек Әлібекұлы мен Айгерім Қанатқызының ата-анасы да бірнеше жылдан бері орталық базарда кәсіпкер ретінде тіркеліп, қызмет жасайды. Жас отбасы бүгінде үш тәтті бүлдіршінді тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
Тірліктің көзін тауып, адал еңбекпен асын ішіп отырған отбасының алда қойған мақсаты да айқын. Өз кезегінде бұл кәсіп – халық қажетін өтеумен қатар экономиканың дамуына үлкен үлес қосу. «Кәсібім-нәсібім» деген кейіпкеріміздің алдағы жоспарларына тек сәттілік тілейміз.

Гүлмарал САҚТАПОВА
27 шілде 2024 ж. 152 0