Ауыл ажарын айшықтауға атсалысқан
...Журналист деген қауымның жүрмейтін жері, баспайтын тауы жоқ. Содан да шығар біздерді қалам ұшымен қоғам қалыптастыра білген қызмет өкілдері деп былайғы жұрт жиі айтады. Расында да, солай... Жуырда Атанши ауылдық округінің орталығы Жіңішкеқұм елдімекеніне жол түсті. Бардық, көрдік. Мінген көлігіміз – «УАЗ». Оны тізгіндеген Нұрболат есімді жігіт ағасы. Қасына жайғасқан жолсеріктері де аудан дамуына қолдан келгенше үлес қосып, қазіргі таңда ел құрметіне бөленген қадірменді кісілер. Яғни тақырыпқа арқау етуді мақсат қылған ғибратты ғұмыр иесіне тағзым қылуға ниетті көз көрген замандастары.
Наурызбай Әбубәкірұлының атынан көше ашылады дегенде бәрекелді деген жіңішкеқұмдықтар ерекше қуанды. Өйтпегенде ше? Қысқа ғұмырын құнды етіп, осы өңірдің өсіп-өкендеуіне сүбелі үлес қосқан жанның аты ауылдағы әр үй шарбағының маңдайшасында жазылып тұруға әбден лайық. Бұл кейінгі буынға да үлгі.
Аудандық ономастикалық комиссияда қаралып, өнегелі өмірімен дараланған жанның өзі тірлік кешкен ауыл халқы жадында жатталуын бірауыздан мақұлдаған шешім лайықты болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезекті бір Жолдауында еңбек адамы туралы салиқалы ойын былайша жеткізіп:
–Қажетсіз мамандық болмайды, білікті маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанада сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз деді.
Осынау қанатты сөз ауыл ажарын айшықтауға атсалысқан Наурызбай Әбубәкірұлына да арналғандай. Адал азаматқа тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады,– деген Президент қиын-қыстау шақта аудан экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып, жерлестерінің ертеңге деген сенімін маздата білген асыл азаматтың сөнбес сәулесі әлі де жарқырап тұрғандай.
Ұлықпан да ұрпағымен мың жасаған деген осы екен-ау. Алтын бесікке баланған ауылдағы көше ашу салтанатында Наурызбай Әбубәкірұлының ұл-қыздары мен туған-туыстары аянып қалған жоқ. Ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратып, биыл мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндерді оқу құралдарымен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, талай шәкіртті қияға қанаттандырған №220 орта мектебінің ұжымына ұстаздар қажеттігі үшін салқындатқыш құрылғысын алып берсе, ауылдағы әр үйдің еркелерін тәрбиелеп отырған «Еркем-ай» балабақшасына өнерпаз балғындар керегіне деп музыкалық орталық табыстады. Мұнан бөлек, ауылдық клуб үшін дыбыс күшейткіш микрофон сыйлыққа берсе, көше келбетіне көрік беретін 6 жарық шамды орналастыруға демеушілік жасап, ауыл халқының игілігіне 8 қанат ақбоз үй тарту етті.
Үлкен де, кіші де шат. Наурызбай Әбубәкірұлының атынан ашылған көше рәсімінде Атанши ауылдық округінің әкімі Еркін Ізбасаров сөз сөйлеп, Жіңішкеқұм совхозының алға озуына айтарлықтай қолтаңба қалдырған Наурызбай Әбубәкірұлына көше атын беру тектен-тек емес екендігін тілге тиек етіп, төрт түлікті көбейтуде, шаруаның қыр-сырын ұғынуда бұл жанның орны айрықша екеніне жан-жақты тоқталды. Мұнан соң құлынтайдай бірге өскен жолдастары Асанов Өмірзақ пен Әзілхан Биманов Наурызбайдың іскерлік болмысына тоқталып, құптарлық шешімнің жерлестері үшін берері мол екенін алға тартты. Сондай-ақ, аяулы жанның туыстары атынан Тойбазар Төлебаев пен Телман Сүлейменовтер ақжарма лебіздерін ортаға салса, ауыл ақсақалы Жаңабай Ізімов көпшілікке бата берді. Ал Наурызбаймен қызметтес болған Шыңдалы Әбдіраманов, Жеткерген Нұрқабылов совхозды алдыңғы қатарға сүйреп, жансенбілікпен еңбек еткен Наурызбайдың Самархандағы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, қаракөл шаруашылығы бойынша ғалым-зоотехник мамандығын алғанын Жіңішкеқұм ауылдық советінің депутаты атанғанын кеңінен әңгімеледі.
Иә, «ат тұяғын тай басар» деген тәмсіл бар. Жұбайы Айжанмен бірге ұлды ұяға, қызды қияға қондырған белгілі әулет. Перзенттері де ардақтыларының атына кір келтірген емес. Тектінің ізін жалғаған ұл-қыздары да бүгінгі күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде әке салған сара жолмен мінсіз қызмет жасауда.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ.