Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақытжанның бағы

Бақытжанның бағы

Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласы туралы жиі сөз қозғайды. «Қазақстан спорт саласына айрықша мән береді. Елімізде азаматтардың кәсіби және бұқаралық спортпен айналысуы үшін жағдай жасалған. Бұл саланың инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінеді...
Қазақстан спортшылары көптеген дүбірлі додада топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге бастайды» деген болатын. Иә, қазір ауданымызда спорт саласына айтарлықтай үлкен мән беріліп, белсенді даму үстінде. Соның ішінде, соңғы жылдары аса жылдам қарқынмен дамып, жас спортшылар арасында танымал болған ережесіз жекпе-жек чемпиондары да бар. Солардың бірі – Бақытжан Серікбаев.
Бақытжан Азаматұлы 2009 жылдың сәуір айында Шымкент қаласында дүниеге келген. Кейін ата-анасының жұмыс жағдайына байланысты Арал қаласына көшіп келеді. Бақытжан қазір қаладағы №220 мектептің оқушысы. Отбасының асыға күткен тұңғышының жетістіктері туралы анасы Динара Серікбаева:
– Бақытжан – балаларымның алды. Әдетте, үйдің үлкенінде жауапкершілік көп болады ғой, солай Бақытжан да өте сабырлы, мінезі тұйықтау. Үйдің, ауланың, мектептің шаруасы деп ештеңені бөліп жармайды. Өзінен кейінгі іні-қарындастарына қамқор аға, әкесі екеумізге қолқанат.
Ал осы спортқа деген қызығушылығы кішкентай кезінен байқалған. Әкесі ер бала болған соң қызық көріп, ойнатып жүретін. Содан өсе келе баламыздың жекпе-жекке, жалпы дене шынықтыру спорт түріне жақын екенін байқадық. Оның үстіне нағашысы Нұрбек Құрмашев Шымкент қаласында кикбоксинкпен айналысады. Нағашыларына қыдырып барғанда ол кісі де өнерін байқап, бізге айтты. Содан 2018 жылдан бері тұрақты түрде айналысып келеді, – дейді.
Иә, «болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, ата-анасының қолдауының арқасында Бақытжан Азаматұлы бүгінге дейін түрлі жетістіктерге жетіп келеді. Атап айтар болсақ, ережесіз жекпе-жектен 2020, 2021, 2022 жылдары Қазақстан чемпионы атанса, сол жылы қоян-қолтық спорт түрі мен әмбебап жекпе-жектен жасөспірімдер арасында Республика үздігі атанды. Қазірде алдағы үлкен жарысына қызу дайындық үстіндегі кейіпкеріміз осылайша 13 мәрте «Чемпион» атағын қорғаған. Ал 2023 жыл Бақытжан үшін ең сәтті жылдың бірі болып, сүйікті ісінен алдымен Азия кейін Әлем чемпионы атанған.
Бақытжан Серікбаевпен кездескенімізде:
– Жекпе-жек – қиын спорт түрі. Өзгелерге тек қана «төбелес» болып көрінгенімен, оның арғы жағында біздің күнделікті таңнан кешке дейінгі дайындығымыз жатыр. Алаңға шыққанда жеңісті қалағаныңмен, өзіңнің ғана емес, қарсыласыңның да денсаулығына жауапты екеніңді түсінесің. Себебі байқамай жасалған бір қатенің өзі ауыр тиюі мүмкін. Сондықтан жауапкершілік өте көп.
Мен қазір қаладағы №19 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде білім алудамын. Бапкерім Фараби Сауытбаев – өз ортасында, өз қатарында өзінің деңгейін дәлелдеген жан. Мен де сол кісілердің ізін қуып, алдағы уақытта әлі де Әлем чемпионы атанып, балаларды спортқа баулығым келеді, – деген болатын.
«Күш атасын танымас» дейді қазақ. Талай мықтымен сынға түсіп, ауданның, қазақтың атын танытып жүрген жас спортшыға алдағы Әлем чемпионатында тек сәттілік тілейміз!

10 тамыз 2024 ж. 188 0