Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 82 жасында Журналистер одағының мүшесі атанды

82 жасында Журналистер одағының мүшесі атанды

Журналист – қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпір. Елдің мұңын жоқтап, керегін айтатын IV билік өкілдері. Қуантарлығы, өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын осы бір кәсіп иелерінің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Сол жандардың бірі – 82 жасында ҚР Журналистер одағының мүшесі атанған Қойбағар Аяқбаев.
Ол 1942 жылы Арал ауданы, Жақсықылыш кентінде дүниеге келген. №19 ауыл мектебінде білім алып, 1960 жылы Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Техник-механик мамандығы бойынша білім алып келген жас түлек алғашқы еңбек жолын комбинатта бастаған. Жастайынан зерек, білімге құштар Қ.Аяқбаев 1964 жылы Өскемен қаласындағы құрылыс-жол институтына оқуға қабылданып, 1969 жылы инженер-экономист мамандығы бойынша үздік білім алып шығады.
Туған жерге, туған елге қызмет етуді армандап, халқына тигізер пайдасын ойлаған ол оқу бітірген соң Жақсықылыш кентіне оралып, бәрімізге белгілі, ақ алтынның ордасы болған «Аралтұз» комбинатына жұмысқа тұрады. Еңбек жолында Кәсіподақ комитетінің Төрағасы шеніне дейін адал қызмет етіп, 2012 жылы Құрметті Еңбек демалысына шығады.
Ал қолы қалт еткенде өлең шығарып, қағаз шимайлайтын әдеті оның мектеп жасынан басталған екен. Алғашында бала жүрекпен 2-3 шумақ өлеңдер жазып бастайды. Уақыт өте келе шабыттан туған толғаулар мен жырлар оның әдет емес, ақындық өнер екенін аңғартқандай. Осылайша ақын алғаш рет «Жыр сандығын ашайын» жинағын шығарса, «Аралтұз» АҚ-ның 75 жылдығына арналған «Аралдың ақ алтыны» атты кітаптың жарық көруіне үлес қосады. Арал қаласының мерейтойына арналған облыс көлеміндегі жазба ақындар айтысына түсіп, ынталандыру сыйлығына ие болған Қойбағар Аяқбаев ширек ғасыр бойы Тәуелсіздікті, Президент Жолдауын қолдап, ел бірлігі мен тыныштығы туралы жырлар жазды. Бұдан бөлек, 1998 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде «Аралдықтардың айтары» мақаласы, 2008 жылы Астана қаласының 10 жылдығына арналған «Күн сайын гүлдей құлпырған» өлеңі шықты.
Бүгінде «Қоғамдық тілші» атанған ол аудандық қоғамдық-саяси «Толқын» газетімен тығыз байланыс орнатып, жырлары мен мақалаларын жиі шығарып тұрады.
Еңбек еріне лайықты іс атқарып, бар ғұмырында туған жердің төсінде, халқына қызмет етумен жүрген азаматтың еңбегі еленіп, бүгінге дейін І дәрежелі «Еңбек Даңқы», ІІІ дәрежелі «Кенші Даңқы», «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медальдарімен марапатталған. Сонымен қатар, ауданның «Құрметті азаматы» атағы беріліп, түрлі «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс» хаттармен марапатталып жүр.
Бүгінде жары Айнаш Жайыққызымен 8 бала, 19 немере, 9 шөбере сүйіп отырған арда ақсақалдың ғұмыры баршаға үлгі.
Гүлмарал САҚТАПОВА
13 тамыз 2024 ж. 211 0