Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрметті теміржолшы

Құрметті теміржолшы

Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде шойынжолда тер төгіп, ерен еңбек еткен теміржолшылар марапат төрінен көрініп, кәсіби мерекесін атап өтеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, айдынды Аралдың теміржолшыларының мерейі үстем болды. Төл мереке қарсаңында 31 жылдық еңбек өтілі бар «Арал теңізі» станциясының басшысы Талғат Шүренов «Құрметті теміржолшы» атағына ие болды.
Т.Шүренов 1974 жылы Арал ауданы, Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Өзінің әкесі Жеңіс Шүренов те 40 жыл теміржол саласында қызмет еткен «Құрметті теміржолшы». Қос ішектей созылған теміржолдың қыр-сырын жастайынан көріп өскен ол мамандық таңдауда көп ойлана қоймады. Осылайша Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына оқуға түсіп, «теміржолшы» мамандығын алып шығады.
Еңбек жолын 1993 Арал қаласында «Арал теңізі» станциясының парк кезекшісі болып бастап кейін пойыз құрастырушысы, станция кезекшісі маманы ретінде ауысады. 2004 жылы станция бастығының орынбасары қызметіне орналасып, 10 жыл жұмыс істеді. Ал 2014 жылдан қазірге дейін станция Т.Шүренов қарамағында.
–Теміржол саласында біздің басты міндетіміз – жүк тасымалы. Ауданымыздың импорт-экспорт жолында дамуына, әсіресе ақ алтынымыз бен халық қажеттілігі болған құрылыс заттары, тағам өнімдерін тасымалдау қызметіне үлес қосамыз. Еңбегіміз ескеріліп, осыған дейін өзім де, ұжымдастарым да басшылық тараптан түрлі «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс» хаттармен марапатталып жүр. Өзім Президент жарлығымен 2021 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталдым. Және ең қуанышты жайт, биыл мейрам қарсаңында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы, «Қызылорда бөлімшесі» бойынша «Арал теңізі» станциясы «Үздік станция – 2024» атанды. Бұның барлығы еңбегіміздің ақталғаны деп білемін, – деді Құрметті теміржолшы.
Бүгінде Талғат Шүренов жарымен 5 бала тәрбиелеп отырған, бақытты әке. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының мүшесі, аудан экономикасын, ел жағдайын оңынан қалыптастыруға атсалысып жүр.

"Толқын" ақпарат
13 тамыз 2024 ж. 145 0