Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржол тасымалы – тынымсыз еңбектің ортасы

Теміржол тасымалы – тынымсыз еңбектің ортасы

Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісін қазақстандық теміржолшылар асыға күтеді. Себебі дәстүр бойынша бұл күні Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Бұл мерекенің ежелден тілге жатық атауы – «Теміржолшылар күні», ол темір жол көлігі тасымалы саласында еңбек еткен, әлі де қызмет етіп жүрген, кешегі-бүгінгі барша теміржолшыларды біріктіретін мереке. Сонымен қатар, әрине бұл күн өзін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерімін деп атайтын жүз мыңдаған адам үшін айрықша маңызы бар мереке, магистраль майталмандарының ерен еңбегі еленіп, мерейі үстем болатын күн. Осыған орай, мереке қарсаңында «Арал теңізі» станциясының жұмысымен танысқан болатынбыз.
Өз бастауын Арал-Аралсульфат теміржолынан алған қазіргі «Арал теңізі» темір жол станциясы 1906 жылы Орынбор-Ташкент темір жол торабымен байланыстырылды. Сол уақыттан бері елдің экономикалық, әлеуметтік дамуына мол үлесін қосып келеді. Ал 120 жылдық тарихты бастан кешкен мекеменің қауырт жұмыс кестесіне сай, жүк тасымалы пойыздары толастаған емес.
Талғат Шүреновтің қарамағындағы «Арал теңізі» станциясы теміржол мекемесінде бүгінде 35 жан қызмет етеді. Негізгі міндеті жүк тасымалы мен жеткізу қызметі болған мекеме 6 айлық есептік көрсеткіште 5850  вагон, яғни 388 121 тонна Аралдың ақ алтыны болған «Аралтұз» тұзын тиеп, жөнелткен. Және 768 вагон басқа қаладан, елден импортталатын азық-түлік, құрылыс заттары мен жанар-жағармай өнімдері түсірілген.
Еңбегі ерен қызметкерлер «Қазақстан Темір жолына 1220 жыл» және Көлік қызметкерлерінің кәсіби мейрамы қарсаңында марапат төрінен көрінді. Оның ішінде, облыс әкімінің алғыс хатымен аға тауар кассирі Нұрмағанбетова Сұлушаш марапатталса, Қызылорда Жолаушылар басқармасы бастығының Алғыс хатын тауар кассирі Кусупова Зигаш алды. Сонымен қатар, аудан әкімінің Алғыс хатымен станса кезекшісі Құдайбергенов Қуанышбек, парк кезекшісі Мұратов Оңғар, поезд құрастұрушы Еділбаев Нұрғали және аға тех.кеңсе операторы Матаева Зинегүл марапатталды. Аталған қызметкерлердің шойынжол бойында атқарған қызметтері еленіп, құрметке ие болуының астында қаншама еңбек, кестеге сай жасалған жұмыс пен адал маңдай тер жатыр.
Міне, бізге қарапайым ғана көрініп, күнделікті көз алдымызда жүйткіп жатқан теміржол саласының да өзіндік қыры, өзіндік сыры бар. Көзге көрінбесе де, елдің, ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайына үлесі мол сала қызметкерлері құрметтің қай түріне де лайық.

Г. МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ

03 тамыз 2024 ж. 134 0