Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойыннан қашық бол!

Құмар ойыннан қашық бол!

Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында көтерілген әлеуметтік бес қауіпті кеселдің бірі – лудомания. «Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады», деген еді Президент.

Құмар ойынның шырмауына ілінген жастар Атырауда да бар. Соның бірі Нұртас Нұрғалиұлы құмар ойынға алғаш рет 9-сыныпта барған. Содан оның шырмауында 12 жыл болған.

«Мектепте оқыған кезде футбол ойнау­шы едім. Футбол командаларының ойынын қызыға қарап, жанкүйері болдым. Бірақ әр адам алдыңда не күтіп тұрғанын білмейді ғой. Біреуге шын, біреуге өтірік болар, 9-сыныпты оқып жүргенде құмар ойынға ақша салуға бет бұрдым. Бірінші күні оған 10 мың теңге тігіп, біраз ақша ұттым. Одан кейін де ұтыс болды. Сол ұтыстың әсері ме, мол ақшаның буы ма, содан кейін құмар ойынға салатын қаржының көлемі бірте-бірте ұлғая түсті. Бірде ұтылдым, енді бірде әжептәуір ақша ұтып жүрдім. Ақша ұтқан кезде оны одан сайын көбейте түсуді ойладым. Өйткені бұл – жан қинамай табатын жеңіл табыс. Ал жеңіл табысты тек құмар ойыннан ғана табуға болатынын ұғындым. Осыған қызыққаным сонша, оған арбалғанымды сезбей қалдым. Құмар ойынның шырмауында он екі жылымды өткізіп, құрбаны бола жаздадым», дейді Нұртас Нұрғалиұлы.

Ол бастапқыда құмар ойынға баратынын ата-анасынан, ағайын-туыстарынан жасырған. Тегінде кез келген теріс әрекетті біраз уақыт жасыруға болатын шығар. Алайда оны үнемі жасырып жүру мүмкін емес. Оның үстіне құмар ойынға салатын ақша қажет-ақ.

«Үнемі қалтаңда мол ақша бола бермеуі мүмкін. Бұл – шындық. Сондай кезде қарызға ақша сұрауға тура келеді. Құмар ойыннан көп ақша ұтып отыр­ған­да мол қаржыны алып шығып кетуге ерік-жігер керек. Бірақ көкейде «есеп­шо­тымдағы қаржыны еселей түс­сем» деген ой тұрады. Осындай оймен жүріп, қомақты қаржымды құмар ойынға жіберіп алдым. Тіпті үйім мен көлігімнен де айырылдым», дейді ол.

Оның құмар ойынға салынғанын, тіпті шырмауықтай шырмаған құрдымға батып бара жатқанын әке-шешесі де, ағайын-туыстары да, отбасы да білген. Шалыс басқан бұл қадамы, әсіресе әке-шешесіне, отбасына ауыр соққы болып тиді.

«Өзімнің лудоманияға шалдық­қа­нымды бастапқыда білмедім. Құмар­паз­дық – адамды тереңге батыратын жат әдет. Осы әдетімнің кесірінен әке-шешемнің, әйелімнің жүрегіне ауыр салмақ түсірдім. Туыстарыма да оңай болмады. Әсіресе әке-шешемнің уайымға салынып, жасына жетпей, ерте қартаюына себепкер болғаныма өкі­немін. Ал әйелім ажырасуға бел буды. Шынымды айтайын, сүйген жарымды жоғалтудан қатты қорықтым. Көп ақша, баспана мен көлікті жоғалту да күй­зе­ліс­ке түсірді. Ал күйзеліске түс­кен­дер өзіне қол жұмсауға бейім болатынын білемін. Сондай ой менде де болды», дейді Н.Нұрғалиұлы.

Дегенмен лудоманиядан арылу үшін мықты ерік-жігер қажет. Алайда Нұртас Нұрғалиұлына құмар ойыннан бас тарту оңай болмады. Оны өзі де жасырмайды.

«Құмар ойыннан бас тартуымның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ақшасынан ұтылып, ішкілікке салынған жігіттерді білемін. Көпірден секірген жігіттерді де көрдім. Көбі – жастар. Екіншіден, бірен-саран болмаса, ойынға салынған өзге ұлттың өкілі көп емес. Дені – қазақтың жас жігіттері. Оларға құмар ойынның зардабы жөнінде кеңес беретін ешкім жоқ. Тіпті вахталық жұмыстан кейін үйіне бармай тұрып, алдымен бәс тігетін орынға отыратын жігіттер де бар. Үшіншіден, қарызға алған ақша көбейді. Қарыз бергендер ақшасын қайтаруымды сұрай бастады. Осының бәрі әке-шешеме, отбасыма оңай болмады. Расында, құмар ойыннан бас тарту қиын. Оңай болған жоқ. Шүкір, 2021 жылы құмар ойынды түпкілікті қойдым. Сөйтіп, Алматыға, Астанаға оңалту орталықтарынан кеңес алуға бардым. Бірақ сол орталықтардан қазақ жігіттеріне кеңес алу қиын екенін көрдім. Қазақша кеңес беретін маман жоқ. Егер орыс тіліне шорқақ жастар болса, ойын жеткізудің өзі қиын», деп баяндады Н.Нұрғалиұлы.

Осындай себептерден соң ол ойынқұмарларға психологиялық кеңес беретін, қолдау көрсететін орталық ашуға бел буды. Былтыр Тимур Рамазанов екеуі құмар ойыннан зардап шеккендерге психологиялық кеңес беру, қолдау көрсету орталығын ашу идеясын ұсынды. Қыркүйек айында жұмысын бастаған орталықты «Жаңа өмір» деп атады.

«Себебі екеуміз де құмар ойын­ның зардабын тарттық. Өзіміз секілді ақшасынан айырылып, құмар ойын­ның құрбаны болып жүрген қазақ жас­­­та­рының жаңа қадам жасауына ықпал еткіміз келді. Былтырдан бері біз­дің ор­талыққа 100-ден астам адам келіп, кеңес алды. Бойжеткендер де, тіпті көпбалалы аналар да келеді. Сондай аналардың бірі «Күйеуім жұмыс істе­мей­ді. Балаларымды, отбасымды асырау үшін осындай қадамға бардым. Бірде ұтылып, енді бірде ақша таптым», деген еді. Өз басымнан өткеннен кейін құмар ойынға ақша салудың соңы ұшпаққа шығармайтынын білемін. Азын-аулық ақша ұтқанға алданып, көп қаржыдан айырылудың соңы өкі­ніш­ке ұрындыратын қадамға баруы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Неге? Өйткені қомақты ақшадан ұтылу адамның көңіл күйіне, мінез-құлқына кері әсер етеді», деді ол.

Жаңа өмірге қадам басқан Нұртас Нұрғалиұлының айтуынша, кеңес алуға келгеннен кейін құмар ойыннан бас тартып жатқандар бар. Демек оның мақсаты іске бастады.

«Өмірге адам болып келдік. Енді сол қалпымызды сақтауымыз қа­жет. Адам болып қалудың кілтін да­нышпан Абай­дың шығармасынан тап­тым. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның, білсеңіз, Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой, Бес асыл іс, көнсеңіз». Мен де осы қағиданы ұстанып, бес нәрседен қашық болуға, бес нәрсеге асық болуға ұмтылдым», деп түйіндеді ойын Н.Нұрғалиұлы.

Атырау облысы
Ақпарат көзі:  egemen.kz
16 тамыз 2024 ж. 108 0