Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Он жасар аралдық Шопен

Он жасар аралдық Шопен

Иә, Алла көрдім бе, көрмедім бе?
!Иә, Тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!
Шырылдаған үніңнен айналайын,
Шыныменен өмірге келгенің бе?!
Мұқағали Мақатаев

Дүниеге шыр етіп келіп, шаңырақ басында сәби үні естілгеннен-ақ баршамыз қуанып, сүйіншілеп кетеміз. Қазақ халқы әрдайым бала тәрбиесі мен оның ақыл-ойының дамуына ерекше мән берген. Сонымен бірге ерекше балаларды қорғау, қоғамға бейімдеу және қолдан келетін мүмкіндіктерді жасау үшін қолайлы жағдай тудыру біздің басты міндетіміз. Оларды бала кезінен бастап, келешек өмірге бейімдеп, өздерін еркін сезіну үшін ыңғайлы орта қалыптастыру мақсатында білім ордаларында ерекше балаларға арналған арнайы сынып бар.
Айдана Рзабаева – екі баланың анасы. Тұңғышы Әлиге дәрігерлер аутизм диагнозын қойған. Айдана Қайырбекқызы баланың денсаулығында кінәрат барын ерте кезден-ақ сезген.
– Балам Әли туралы айтсам, қызықты әңгіме де таусылмайды. Ол әр жасқа өскен сайын өмірі қызықты әрі шытырманға толы. Әли 2014 жылы Шымкент қаласында дүниеге келді. Оны жүктілігімнің 26 аптасында өте ерте босандым. Негізі Әли егіз екі ұл болатын. Оның біреуі шетінеп, екіншісі Әлиім аман қалды. Дүниеге келгеннен бастап үш ай бойы осы Шымкент қаласындағы, перзентханада реанимация бөлімшесінде ем алды. Содан ол біздің қолымызға 1, 900 грамм болған кезінде барып берді. Қазір жасы 9-да болса да, әлі де денсаулығы толық түзелмеді. Сол үшін бүгінде қажетті ем шараларын алып жүрміз, – деді анасы.
Біздің қоғам ерекше балаларды қатарға қосуға толықтай дайын емес. Оған себеп қоғамдық орындарда Әлиге көпшіліктің таңырқап, балалардың шошынып қарайтыны анасының көңіліне қаяу салады. Бала болған соң Әли де кейде көшеде балалармен ойнағысы келіп, іздерінен жүгірсе оны дұрыс түсінбей, қаша жөнеліп жататындар да аз емес секілді.
Жүйке ауруы аутизмімен ерекшеленетін Әли қазірде 20 шақты сөз біледі. Тіпті ол кішігірім әрекеттерді де түсіне алады. Арал қаласындағы №64 орта мектептің 4 - сынып оқушысы Әли Ибраев математика мен ән-әуез пәнін жаны сүйетін көрінеді.
– Әли өзі өте ақкөңіл, әрдайым күліп жүреді. Ол ешқашан мұңаймайды. Мектебінің апайлары мен оқушылары оны қатты жақсы көреді. Сондай-ақ ол өте талантты бала. Әсіресе математика пәнінен есептерді жоғары деңгейде шығарады. Берілген тапсырманы айтып, түсіндіре алмаса да берілген есеп түрін жазбаша шығарып береді. Әлидің ән өнеріне деген қызығушылығын үйде байқайтынмын. Ұялы телефондағы әнді тыңдап отырып, айтып жүреді. Айтылған сөзді, әрекеттерді бірден қабылдап, есте сақтап алады. Ол алғаш мектепке барған кезде ән-әуез пәні қосылып жатты. Сол кезде Ұлықбек ағайы сабақ берген. Ағайы сабақ барысында балаларға күйсандық (пианино) ойнап, балаларға түсіндіріп, үйретеді екен. Сол уақытта Әли де күйсандықты үйреніп жүргенін ағайы аңғарады. Кейін оның ерекше талантын байқаған Ұлықбек ағайы оны әрі қарай жетілдіруге жұмыс істейді, – деді Айдана Қайырбекқызы.
Бәріміз бірдейміз, бөлуді білмейміз. Ұстаздың ең бірінші міндеті – балаларды бөлмей, барлығына бірдей білім беру. Әлидің ән-әуез пәнінен білім беретін Ұлықбек Қуаңбаев ағайы да оны өзіне ерекше жақын тартатынын айтты.
– Ұстаздық қызмет ауыр әрі қызықты. Әр үйдің ерке балаларымен жұмыс істеу де оңайға соқпайды. Алғаш №64 мектепке келгенімде Әлидің күйсандыққа деген қызығушылығын бірден байқадым. Кейін оның бос уақытын пайдаланып, бойындағы талантын әрі қарай жетілдіруді мақсат еттім. Ол атаулы аспапта өте керемет ойнайды. Уақыт өте келе оны арнайы жарыстарға дайындап бастадым. Өткен жылы күз мезгілінде Әли екеуміз №262 мектеп-гимназиясында болған облыстық ерекше балалардың өнер сайысына қатысып, жүлдеге ие болдық. Алдағы уақытта әрі қарай Әлиді биіктерден көрсету үшін жұмыс істей беремін, – деді ән-әуез пәнінің мұғалімі.
Сондай-ақ атаулы білім ордасында 4 жыл қатарынан Әлидің тәртібі мен оқуын ретке келтіріп, оның тілін таба білген Әлия Бозғұлова апайының да еңбегі зор екендігін анасы Айдана атап өтті.
Әли ерекше бала бола тұра жалғыз қарындасы Нұрайға ағалық қамқорлығын көрсетіп, анасының тірегіне айналуды мақсат ететін бала екендігін әрекеті арқылы көрсетіп жүр. Екі балапанын жалғыз жеткізіп отырған батыр ана Айдана Рзабаева балаларын қатарынан кем қылмай, қоғаммен тығыз байланыста ұстайды. Ерекше баланың күтушісі әрі анасы болса да өз жұмысынан ешқашан сылтауратып қалған емес.
А.НҰРЛАНОВА

19 тамыз 2024 ж. 281 0