Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім. Бала. Базар

Білім. Бала. Базар

Санаулы күннен соң білім беру ұйымдарында күміс қоңыраудың сыңғыр дауысы естіліп, балалар мектепке қайта оралады. Жазғы демалыстан кейін бір сыныпқа жоғарылаған оқушылар жаңа оқу жылына дайындықпен келеді. Сол себепті қазір базардың саудасы қызып, баласын жетектеген ата-аналар тегіс ағылуда. Балалардың оқу киімі мен құралдарын түгендеуге кіріскен ата-аналардың қалтсына да айтарлықтай салмақ түсіп кететіні жасырын емес. Осыны ескерген Үкімет әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасыларға мектепке дайындық үшін бір реттік қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Бүгінгі мақаламызда мектепке дайындықтың төңірегіндегі мәселені жан-жақты қозғап көрдік.
Елімізде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қаржылай және материалдық көмек көрсету және балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында «Жаппай оқыту қоры» құрылған. Қор әрбір оқушыға киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алу үшін ең төменгі қаржылық қолдау мөлшері биыл – 43 407 теңге көлемінде қаражат жұмсалады деген есеппен бір реттік көмек тағайындады. Аталған көмекті аралдықтар да алып, балаларын мектепке дайындау үстінде.
Аудандық білім бөліміне қарасты мекемелерде ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес оқу жылы қарсаңында міндетті оқу қоры есебінен мектеп формасы, қажетті оқу құралдарын алуға бір жолғы қаржылай көмекпен қамтылатын отбасынан 5 279 бала есепке алынған. Олар мемлекеттік атаулы көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар мен мемлекеттік атаулы көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күн көріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар.
– Білім беру мекемелерінде ата-аналардан өтініш қабылданып, міндетті оқу қорынан қаржылай көмек көрсету туралы комиссия отырысы өткізіліп, қорытынды шешім шығарылып, көмек алатын оқушылардың ата-аналарының есеп-шоттарына қаржы аударылды. Былтырғы оқу жылы қарсаңында 4 829 балаға 40 567 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген болатын. Биыл 2 747 отбасы өтініш берсе, 2 588 отбасының өтініші қамқоршылық кеңестің шешімімен қанағаттандырылды.
Сонымен бірге 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» акциясы жүруде. Былтырғы оқу жылы қарсаңында кәсіпкерлер, депутаттар, ұжым, мешіт, мекемелер тарапынан әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасынан 1 155 балаға мектеп формасы, спорттық киімдер, сумка оқу құралдарынан көмектер жасалды. Биылғы оқу жылына дайындық барысында «Мектепке жол» акциясы аясында мектепке қажетті оқу құралдары мен мектеп формасын алуға балаға көмек жасау жұмыстар демеушілерді тарту арқылы жалғасын табатын болады, – дейді Арал ауданы бойынша білім бөлімінің бас маманы Ғалия Сейтова.
Мемлекет тарапынан берілген қаржылық қолдауды алған ата-ананың бірі Жадыра Көбейсінова. Ол бала күтіміндегі ана. Ал жолдасы жұмыссыз. Олардың мектеп жасындағы екі баласы бар. Әлеуметтік көмек әл бергенімен нарықтағы бағаның құрық салдырмай тұрғанын айтады.
– Құжаттарымыз қабылдау комиссиясынан өтіп, жуырда екі баламды мектепке дайындау үшін тағайындалған қаржы түсті. Әрине, қуанып қалдық. Бірақ сол күні балаларыма қажетті құрал-жабдықтарын алу үшін базарға барғанымда бағаны көріп көңілім түсіп кетті. Арзан зат та бар. Бірақ сапасы сын көтермейді. Сондықтан сапалы дүние алуға тура келеді. Өзім сияқты ата-аналар реніш білдіріп жатқандығын да құлағым шалып қалды. Мемлекеттен берілген қаржы толықтай мектепке дайындауға жетпесе де дем бергендей болды. Дегенмен осындай науқан кезінде билік тарапынан базардағы бағаға бақылау жасалса деген ойым бар. Себебі саудагерлер ойына келген бағаны қойып жатқан сыңайлы, – дейді ол.
Мектепке дайындық басталған шақта базар сөрелері мектеп формасы мен оқу құралдарына толып кетті. Әрине, баға да аспандап тұр. Бір баланы мектепке дайындау үшін толығымен қанша қаражат жұмсалатындығын саралап, сауда орындарының көп бөлігін аралап шыққанда шығарған орташа баға мынадай болды: Қыз бала үшін ақ кофтаның бағасы 5 000 теңге, белдемше 5 000 мен 7 000 аралығында, ер балалар үшін жейде бағасы 5 мыңнан басталып, сапасына қарай бағасы да арта береді. Классикалық үлгідегі шалбарлар да осы баға төңірегінде. Ал аяқ киім бағалары 7 мың мен 10 мыңның айналасы. Спорттық киімдермен қамту үшін қалтаңызда жоқ дегенде 20 мың теңге болуы тиіс. Оқушы сөмкесі 5 мың мен 10 мыңды төңіректейді. Тағы бірсыпыра оқу құралдарын алу үшін бір балаға 15 мың жұмсауыңыз бек мүмкін.
Науқанда нарықты белшесінен басып қалғысы келген кәсіпкерлерге бағаны мұнша өсірудің мәнісін сұрағанымызда:
– Біз алып сатар болғандықтан өзіміз алған бағаға жол шығындарымыз бен базардағы жалдау ақымызды, күнкөріс ақымызды қосып баға шығарамыз. Қымбат сатып алынған тауарлар қымбат бағада сатылымға шығады. Мектеп формаларын Бішкек мен Түркиядан алдырамыз. Халық қалтасына қарай таңдау жасайды,– дейді 20 жылдан бері сауда саласында нәпақа тауып жүрген Қалдыгүл Есмұрзаева.
Түйін. Бүгінгі қоғамның қарбаласы тіршілігіне айналып отырған мектепке дайындық жұмыстары төңірегінде даурыққан да мәселе көп-ақ. Мемлекеттің қолдауы мұқтажға деп берсе, базарды аспандаған бағасы «былай тартсаң өгіз өледі, былай тарсаң арбасы сынадының» керін келтіріп ата-аналардың баланың қай жоғын қамтырын білмей басын қатырды. Не десек те алай-дүлей науқанда бақылау керек-ақ.
Назерке МАРАТ
19 тамыз 2024 ж. 139 0