Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүрекке жүк түспесін

Жүрекке жүк түспесін

Өткен аптаның бейсенбі күні. Түскі уақытта аудандық көпбейінді ауруханаға жолым түсті. Ондағы себеп көптен ойымда жүрген, аралдықтарды қуантарлық жаңалық жаңадан ашылған кардиология бөлімі туралы қалам тербеу. Аурухана маңайынан инсульт және кардиология бөлімін тауып, ішке қарай беттедім. Нысанның екінші қабатына көтеріле бергенімде алдымнан сол жерде қызмет ететін мейірбике шықты. Ол кісіге өзімді таныстырып, келген себебімді айтқаным сол еді көп бөгемей-ақ жол сілтеді.
Діттеген жеріме келіп тоқтағанымда есік алдында дәрігер кезегінде отырған екі қарияны көзім шалды. Жөн сұрасып, соңғы кезекке тұрдым. Арасы 10 минутқа жетер-жетпестен алдымдағы кісілер дәрігер қабылдауына кіріп-шықты. Ендігі менің кезегім келіп, есік тұтқасын ұстап ішке ендім. Жарық кабинет ішінде мені мейірімді, жылы жүзді Алия Жиенбайқызы деген дәрігер күтіп алды. Дәрігер алдында тұрған үстелге отыруға рұқсат алып, өзімді таныстырып, сұрақтар легін бастап кеттім.
Алғашқы сұрағым әрине дәрігердің өзін таныстыру болды. Ата-анасының білім саласындағы және отбасында жалғыз медицина қызметкері екендігін дәрігер ағынан жарыла айтты.
– 1984 жылы Түрікменстан елінде дүниеге келдім. Ол кездері ата-анам Түрікменстандағы жоғары оқу орнында оқыды. Кейін өз еліміздегі Ақтау қаласына көшіп келдік. Қалада балалығымның бал күндері өтті. Мұнан соң әкемнің жұмыс барысымен араға біршама уақыт салып Шымкент қаласына қоныс аудардық. Әкем білім министрлігінде жұмыс істейтін. Жұмыс бабымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай қаласына депарамент басшысы болып ауысты. Алғаш мектеп табалдырығын қаладағы №17 орыс мектебінде аттап, түлеп шықтым. 2000 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясында 7 жыл білім алдым. Мұнан соң біліктілігімді жетілдіру мақсатында 1 жыл интернатура оқыдым, – деді Алия Мырзабаева.
Дәрігердің алған білімінің тереңдігінен соң оның бұл салаға қалай келгені және еңбек жолы мені қызықтырғаны жасырын емес. Ол 2008 жылы оқу бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы жедел жәрдем бөлімшесінде реанимация бөлімінің дәрігері болып жұмыс істеген. Сондай-ақ сол кездері бір емес, екі жерде еңбек етіп жүрген екен. Оның екінші жұмысы қаладағы кардиологиялық орталықтың қабылдау бөлімшесінде дәрігер-кардиолог маманы еді.
– 2009 жылы тұрмысқа шығып, өз салам бойынша Қызылорда қаласына ауыстым. Жолдасым екеуміз медицина мамандығында оқу орнында бірге білім алған едік. Қызылордаға келгенімде де екі жерде жұмыс істедім. Оның бірі жедел жәрдем бөлімшесінде дәрігер-реаниматолог болса, екіншісі Облыстық медицина орталығында қабылдау бөлімшесінде дәрігер-терапевт қызметін атқардым. Кейін 2013 жылдан бастап жедел жәрдем бөлімшесінен өз еркімнен жұмыстан шығып, Облыстық медицина орталығында жүріп кардиология бөліміне ауыстым. Сонымен бірге 2020 жылдан бастап, биылға дейін Қызылорда облысының штаттан тыс Бас кардиологы болдым. Жұмыс барысымен осы жылдың мамыр айында Арал қаласына ауыстым, – деді кардиолог.
Алғаш рет Арал қаласында биылғы жылдың мамыр айында инсульт және кардиология бөлімі ашылды. Бұл аралдықтар үшін өте жақсы жаңалық болды. Себебі осыған дейін созылмалы жүрек ауруларымен ауыратын науқастар облыс орталығына баратын еді. Бүгінде көп қуанышына айналған 20 төсектік бұл орталық қызметкерлері ел ризашылығына бөленіп отыр. Сонымен бірге бұл бөлімшеде қазірде 25-30 шақты науқас ем алып жатыр екен. Бөлімшеде науқастар жоспарлы түрде қабылданып, жедел түрде де жатқызылады. Және күндізгі бөлім де науқастарға қызмет етеді.
– Кардиолог ретінде айтар болсам, негізі жедел түрде емделгеннен гөрі жоспарлы түрде ем алған дұрыс. Яғни әр аймақ бойынша қан қысымында тіркеуде тұрған науқасты дәрігерлер бізге алдын ала жіберсе, уақытымен ем алады. Тізімде тұрған науқас жылына 2 рет қабылдауда болып, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Егер адам жоспарлы түрде емделер болса, жедел түсетін науқастар саны азаяр еді. Сондай-ақ бізде барлық дәрі-дәрмектер мен технологиялық құрал-жабдықтар толықтай қамтамасыз етілген. Ендігі кезекте алдағы уақытта жүрек тамырларына арналған карнография аппаратына арнайы ғимарат бөлінбек, – деді дәрігер.
Алия Жиенбайқызына мейірбике қызметкері келіп, құжаттарын да тастап үлгерді. Ендігі менің дәрігерге қойған сұрағым жүрек-қан тамырлары ауруы туралы болды.
– Жүрек-қан тамырлары ауруы асқынуымен қауіпті. Күні кеше ғана түнде реанимация бөліміне 36 жастағы келіншек түсті. Оның сол кезде қан қысымы 200-ді көрсетті. Кейін келе ол кісінің қан қысымы бұрыннан бар екенін білдім. Сол себепті де науқас жүрегінің жұмысы қатты нарашлап тұр. Міне, адам бастан кішкене қан қысымы көтеріліп немесе түсіп ауырғанына аса мән бермей жатады. Соның салдарынан жүрек жұмысы нашарлап, адам ісінеді және клапанның жұмысы төмендейді, сондай-ақ тамыр жарылып та жатады. Бұл сырқаттың көбіне қан қысымы себепші болады, – деді маман.
Бүгінде энергетик сусындарға қанша тосқауыл қойылғанымен, оларды тұтынушылар саны азаяр емес. Кешкілік серуенге шықсақ та, қолдарына энергетикалық сусын ұстап жүрген адамдарды көптеп көреміз. Дүкен сөрелерінде де мұндай сусындардың түр-түрі сатылымда тұрады. Алия Жиенбайқызы мұндай сусындардың жүрек жұмысына әсері туралы да айтып өтті.
– Дамыған заманда күн сайын фаст-фуд өнімдерінің де түрі көп. Адамдар қазір дайын тағам жей салуға үйренген. Бір сөзбен айтқанда, кей адамдар дұрыс тамақтану салтын ұстанбайды. Соның салдарынан жастарда артық салмақ көбірек. Артық салмақтың нәтижесінде жүрек аурулары пайда болып жатады. Адам денесіндегі артық май жүректі басары анық. Тағы бір себеп, энергиетикалық сусындарды шамадан тыс пайдалануы. Қазір менде соңғы 1-2 жылдықта осындай сусындарды үзбей ішіп жүрген 21, 24, 28 және 30 жастағы 4 науқас тіркеуде. Бұл кісілер бүгінде ем алып, дәрілер қабылдап жүр. Дегенмен олардың жүректерінің жұмысы жасына сәйкес емес. Сол үшін мұндай сусындарды пайдалану дұрыс емес. Менде тағы бір осылай қан қысымы 200-ге көтеріліп кеткен науқас түсті. Былай қарағанда салмағы барлығы жасына сәйкес. Бірақ ол кісіде энергетикалық сусындарға тәуелділік басым. Оның айтуынша, күніне мұндай сусындардың 3-4-еуін ішпесем тұра алмайды екен. Міне, сол үшін сіз арқылы айтқым келетіні, энергетикалық сусындарды ішпесе деймін. Ондай кісілердің жартысында жүрек ауруы болса, жартысында қант диабеті болады.
Әрі қарай әңгіме қант диабетінің жүрекке әсеріне жалғасып кетті. Бұл жөнінде тілші ретінде қызыға да сұрадым. Дәрігер бұл ауру туралы да еш қарсылық танытпай айтып берді.
– Қант диабеті бойынша бізде есепте тұрған адамдар жетерлік. Бұл жүрекке әсер ететіні белгілі. Қант диабетімен ауыратын науқастардың жүректері мен қан қысымын емдеу өте қиын. Оның себебі, қант диабеті уақыт өте келе адам организміндегі тамырды кішірейтеді. Мәселен, тамыр арқылы қан өтеді, ал сол тамыр 2 сантимерт болуы керек болса, 0,5 сантимертге дейін қатты жіңішкеріп кетеді. Одан өтетін қан мөлшері азаяды. Сол себепті қант диабетімен ауыратын адам емін үзбей алып, диета ұстаса, тамырдың жіңішкеруінен мәселе туындамас еді. Тамыры жіңішке болып кеткен науқастарға көбіне дәрі-дәрмектердің әсері болмай жатады, – деді маман.
Әңгімеден соң ем алып жатқан науқаспен сөйлесіп, пікірін білуді жөн көрдім. Дәрігер бұл сұранысымды жерге тастамады. Палата ішінде екпе қабылдап жатқан 69 жастағы Күнқияш Сахиева апамыз қуана қарсы алды. Оның жүзінен жазылып келе жатқандығын да аңғардық.
– 3 күн бұрын қан қысымым 210-ға дейін көтеріліп, жедел түрде кардиология бөліміне жатқызылдым. Қазір емімді уақытылы алып жатырмын. Үйде болсақ, дәрі-дәрмектерді уақытылы қабылдамайтынымыз жасырын емес. Ал мұнда барлығы уақытымен ем жүргізеді. Әр науқас жіті бақылауда. Дәрігер Алия қызыма алғысым шексіз. Күнде жағдайымызды сұрап, денсаулығымызды бақылауда ұстап отырады, – деді ем алушы.
Әңгіме барысында менің риза болғаным дәрігер телефонына келіп түскен қоңырауларға да жауап бермей қайтарып тастап, менің сұрақтарыма назар аударып отырды. Әр сауалыма зейін қойып тыңдап, тыңғылықты жауап берді. Бұл мен үшін журналист ретінде ең әсерлі әңгіме болды деп толықтай айта аламын.
А. НҰРЛАНОВА
20 тамыз 2024 ж. 172 0