Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Соқыр» жолда сақтық керек

«Соқыр» жолда сақтық керек

Халық саны 80 мыңға жуық аудан орталығында жол жүру мәдениеті әлі қалыптаса қоймаған. Оған себеп кей көше бойында жол-көлік оқиғасының көптеп орын алуы. Кей кездері көшедегі асфальт жолда адамдардың қатарласа жүруі барлық көлік тізгініндегілердің ашуын келтірері анық. Тіпті жаяу жүргінші өтетін арнайы жолдан темір тұлпарлардың жоғары жылдамдықпен өте шығатытын да көріп жүрміз. Осы сынды әрекеттер соңы оқыс оқиғаға әкеліп жатады.
Соңғы жылдары өзектілігін жоғалтпаған атаулы мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып, заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырған болатын. Сонымен бірге мемлекет басшысы мас күйінде автокөлік жүргізгендерді қатаң жазалау керектігін де тапсырды. Қалаларды дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент: «Елімізде жол-көлік оқиғаларының көп тіркелетіні алаңдатады. Адамдар қаза тауып, жарақаттанып жатыр. Жол апатынан зардап шеккендер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан қаза табатындардың санынан кем емес. Жол қозғалысы мәдениеті айтарлықтай төмендеп кетті» деген еді.
Көлік құралына деген сұраныстың жоғарылығы апатты жағдайлардың артуына да әкеліп отыр. Тәртіп сақшыларының жол қауіпсіздігі жөнінде айтқандарына мән беріп жатқан жан жоқ секілді. Керсінше, жоғары жылдамдықпен жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, кайғылы оқиғаға тап болады. Осыдан келіп жолдың сапасыздығы мен қараусыз жүрген малды кінәлайтыны тағы бар.
– Аудан бойынша жыл басынан 22 жол көлік оқиғасы орын алған. Жарақат алғандар саны 37 адам болса, 10 адам қаза тапқан. Сонымен бірге аудан тұрғындарына арнайы жол қауіпсіздігі жөнінде көптеген ескертпе жұмыстары жүргізіліп жүр. Таяуда «Автобус», «Тасмалдаушы», «Қауіпсіз жол», «Мотоцикл» сынды көптеген іс-шара өткізілді. Көпшілік көкейінде жүрген сауалдарына құқықтық көмек берілді. Атаулы шараның басты мақсаты – жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасы азаматтарының тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуі мен пайдалануының кейбір мәселесі туралы 2020 жылғы 20 мамырдағы Үкіметтің №306 қаулысына сәйкес ішкі істер органдары көрсетілген санаттағы автомобильдерді тіркеу бойынша халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады. Сондай-ақ жүргізушілердің шамадан тыс жұмыс істеуі нәтижесінде рульде ұйықтап кетуі себебінен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жедел профилактикалық шаралар өткізіліп келеді, – деді Арал Апб-нің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы полиция капитаны Еркебұлан Ғарифуллаұлы.
Тағы бір мәселе, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің көлік жүргізуі. Түнгі уақытта көлік тізгінін бермейтін жасөспірімдер арасындағы бір-бірімен жарыса айдауы жол көлік оқиғасының басты себебі екені белгілі. Жол бермей «мен бірінші жүруім керек» немесе «менің жолыма түсіп, алдыма шығып кетті» деп ерегесіп жарысатын жасөспірімдер өз өмірлерін қиып келе жатқандығын сезбейді. Салдарынан қателік орын алып, жазықсыз бөтен көлікке соғылып жатады. Бұл мәселенің алдын алу алдымен ата-ананың қолында. Сол себепті кәмелет жасқа толмаған балаға көлік айдауға рұқсат бермей, баласының саулығын ойлаған дұрыс.
– Жол жөнделген. Тіпті қаланың көптеген көшелеріне асфальт түскен. Оның сапасы да жақсы. Дегенмен балаларымызды көше бойына ойнатуға қорқамыз. Кей адамдар тегіс әрі тура жол бойында көліктердің жоғары жылдамдықпен жүргенінің нәтижесінде оқыс оқиғаға ұшырап жатады. Көбіне балалар жол жүрісі қағидаларын біл¬меген соң немесе оларға немқұ¬рай¬лы қарау салдарынан жолдың бойында ойнап жүрген, бел-гіленбеген жерлерден көшені кесіп өтуінің салдарынан жол апатына себепші болып жатады, – деді қала тұрғыны Марат Рысбекұлы.
Тағы бір мәселе, 18 жасқа толмаған жасөспірімнің мопед, скутер сынды тұлпар мінуі. Олар жол ережесін білмеуінің кесірінен оқыс оқиғаға тап болады. Атаулы көлік тізгініндегі кішкентай балаларды көріп «байқап жүрсе екен» дейсің де, жандарынан өтіп кете береміз. Бұл мәселеге заң да үнсіз қарап қалмады. Өткен жылы мамыр айында Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.
Кешкілік серуенге шыға қалсақ, түрлі электросамокат, мопед түрлерін кездестіреміз. Оны тіпті балалардың үлкені де, кішісі де айдап жүреді. Ал мұндай көлік құрылғысын жалға беріп те кәсібін айналдырып отырғандар жетерлік.
– Бүгінде жаяу жүргіншілер қатары азайды десек қате болмас. Себебі технология күн санап дамыған заманда түрлі көлік құрылғылары пайда болып жатыр. Мәселен, мектепке немесе жұмысқа күнделікті қатынауға электросамокат, мопед секілді түрлі көлік құрылғыларын тізгіндеген жандар қатары көбейіп келеді. Дегенмен жол ережесін білмейтін жандардың салдарынан оқыс оқиғалар болып жататыны көңілге қаяу салады. Сол үшін мұндай құрылғы түрлерін айдауға шектеу қойылғаны жөн секілді. Яғни жол ережесін білетін, жүргізуші куəлігі бар адамдар айдағаны дұрыс. Бұл барлығымыздың қауіпсіздігіміз үшін тиімді болар еді, – дейді қала тұрғыны Ж.Әбденова
Соңғы кездері жол көлік оқиғасы орын алғандығы туралы жиі құлағымыз шалатын болды. Әрине, бұл жаңалыққа көңіліміз құлазып қалады. Жауапты мамандар да барынша ескерту жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруда. Дегенмен мұны тыңдайтын құлақ болмағанның салдарынан қаншама адам өмірі қиылды десеңізші?!. Жетер жерімізге асықпай-ақ жетуге болады. Осыны есте сақтап, көлік тізгінін ережеге бағына отырып басқарғанымыз дұрыс-ақ.

А.НҰРЛАНОВА
26 тамыз 2024 ж. 139 0