Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара

Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара

Өткен күнімізге көз тастап, ой елегінен өткізіп қарайық. Әріге бармай-ақ, кейінгі жылдардың өзінде елімізде қаншама игі істер атқарылды. Осындай толымды тірлік Арал ауданынан шалғай, яғни 165 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңақұрылыс елді мекенінде де бар.
Негізгі тақырыпқа көшпей тұрып, өткенді тізбелесек. Әрине, халықтың тілегі бір күнде орындала бермейді. Бірақ билік халықты ескерусіз қалдырған емес. Тұрғындардың сұрауындағы қажеттіліктер кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Солардың қатарында екі қабатты жаңа мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, мал дәрігерлік пункт, ұялы байланыс мұнарасы, сондай-ақ әр шаңыраққа тартылған таза ауыз су. Ал ел болашағына баланған жастардың игілігіне демалатын, жазда ойын-сауық кештерін өткізетін жастар алаңы салынды. Өткенін ұмытпай Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арнап «Тағзым алаңы» ашылса, Ақбасты көлдерін суландыру үшін Сырдария өзенінің бойындағы «Нұралы» жарнасына үш қақпалы шлюз салынды. Ал Аманөткел елді мекенінің тұсынан, Сырдария өзенінен бастау алатын «Ералы» каналы қазірде бірнеше көлді, мал жайылымдарын, шабындық жерлерді суландыруға, егіс егуге және де балық өсіретін тоғандар жасауға өте тиімді болып отыр. Бұл каналдың да арнасы кеңейіп, жиегі биіктеді.
Міне, осының барлығы ел басқарған азаматтардың іскерлігі мен ауыл халқының ауызбіршілігінде. Осындай бірліктің тағы бір көрінісі жаңадан салынған "Өтеш ахун" шаңына қарамай 14 шақарым жолда жұмыс жасаған мешіті мен жанынан салынған 100 орындық асхана десек болады.
Бұл тек тілге тиек етілгені ғана. Жемісті жұмыс жайында айта берсек таусылмайды. Алайда ауыл халқына ерекше қуаныш сыйлаған жаңалық көршілес қос ауданды жалғап жатқан автожол құрылысы болды. Қазалыға қарасты Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс ауылын жалғап тұрған 35 шақырым жолдың азабын мұндағы ел жақсы біледі. 30 жылдам астам уақыт бойы жөндеу көрмеген қара жолда қаншама қиындық болғанын білетін халық жылдар бойы айтып та, жазып жүрді.
Осы жолдың 13 шақырымы Қазалыға қарайтын. Мұхтар Оразбаев Қазалының әкімі болып тұрған тұста өздеріне қарасты бөлігі асфальтталып, халық игілігіне берліген. Ал ауданға қарасты 22 шақырымның 8 шақырымы 2018 жылы жөнделіп, құрылысы жұмысы тоқтап қалған еді. Бұл халықтың үмітін оятқанымен "қалғаны не болады?" деген сұрақ мазалады. Жиі айтылып, аудандағы атқарушы билікке әркез сауал ретінде қойылып келді.
Міне, бүгін сол жұмыстың жемісін көріп отырмыз. Жаңақұрылыстырдың арманындай болған тақтайдай түзу жол толық аяқталды. «Нұрас и Компания» ЖШС жауапкершілігіне алған міндетті тиянақты түрде тындырып, ауыл тұрғындарының ақ батасын алып отыр.
«Нұрас и Компания» ЖШС басшысы Нұркен Ботабаев сөз арасында "2022 жылы Қазалы ауданына қарасты 13 шақырым жолды біз асфальттап едік. Енді міне, сәтін салып 14 шақырым жолдарыңызды ойдағыдай сапалы түрде аяқтап, ел игілігіне бердік. Рахаттарыңызға пайдаланыңыздар. Сәтті жол болсын" деп ойын түйіндеді.
Осы аталған автожолмен жүру халық үшін өте қиындық туғызды. Жолдың жөнделуі жөнінде ауыл тұрғындары облыстық мәслихаттың депутаты Ібайдулла Тілеп мырзаға өтініш айтып, аманат етіп тапсырған. Елдің аманатын орындау мақсатында халық қалаулысы жоғарғы орындарға талап қойып, жолды жөндеуге қаражат бөлу жөнінде көптеген жұмыстар атқарып, жолдың сапалы істелуіне бір кісідей атсалысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында елдегі автожол құрылысына, оның ішінде жергілікті жолдардың сапасына мән беру керектігін айтқан болатын. Тапсырма орындалуымен құнде деген осы емес пе?! Расында облыс, аудан, ауыл аралық автомобиль жолдарының талапқа сайлығы, ауылдық жерлерде тұратын халықтардың әлеуметтік-тұрмысының жақсаруына бірден-бір көзі деген. Жолдың жақсысы ауылдың дамуына, кәсіп көздерінің жаңадан ашылуына ықпал жасайды.
Ел үшін, халық үшін осындай игі істер жалғасын таба берсе, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсартары сөзсіз.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы
28 тамыз 2024 ж. 166 0