Танымал фототілші өмірден озды
Сыр журналистикасы ауыр қазаға душар болды. 76 жасында Қазақстанның Құрметті журналисі, елімізге белгілі фототілші Болат Омарәлиев дүниеден өтті.
Болат Шамаұлы Омарәлиев 1948 жылы 15 қарашада Сырдария ауданы «Қоғалыкөл» ауылында туған. Белгілі фотошебер. КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Танымал фототілші Одақ көлеміндегі, республикалық конкурстарда жүлдегер атанды. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» басылымдары, «Ауыл» партиясы өткізген байқауларда жұмыстары үздік деп бағаланды.
Одақтық «Советское фото» журналы 1982 жылы №9 санында Болат Омарәлиевтің фотоларын жариялады. 1984 жылы 3 қыркүйекте «Известия» газеті өзінің арнаулы тілшісі Эдуард Полянскийдің «Түн қысқа, ақша бұлттар ұйықтап жатыр… («Ночь коротка, спят облака…») деген көлемді мақаласын қызылордалық фототілшінің суреттерімен безендіріп берді. Бұдан бөлек, еңбектері «Қазақ фотошежірешілері» атты альбомға енді, республикада шыққан 20-ға жуық тарихи кітаптан орын алды. Сол сияқты Алматы, Мәскеу қалаларында үш рет, Польша мен Украинада бір реттен фотокөрмелері ұйымдастырылды. Фотосуреттері 2017 жылы Астанада өткен ЕХРО көрмесіне, Ұлттық мұражайға қойылды.
1989 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық фотосуретшілер съезіне Қазақстан атынан делегат болып қатысты.
Қазақстан фотожурналистикасын дамытуға көп жыл сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапатталды.
Біздің басылымның ардагері, фотосуреттері арқылы аймақ шежіресін жасаған Болат ағамыздың жарқын бейнесі жадымыздан өшпейді.
Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет: ашық дереккөз