Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамзат тарихындағы алапат

Адамзат тарихындағы алапат

Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы – тіршіліктің қауіпсіздігі. Талай жылдарға жалғасқан түрлі алапаттың ауыздықталуы осының анық көрінісі. Әсіресе адамзат баласына жасалған ауыр қастандық Семей сынақ полигоны тіршілікке келген тажалдай еді.
Мынаған қайықшы. 1946 жылы ғалым Юлий Харитон алғашқы кеңестік атом бомбасын құрастыру мақсатында тактикалық-техникалық тапсырма әзірледі. Осы жылы үкімет шешімімен атом қаруын өңдеу және құрастыру жөніндегі алғашқы орталық ашылды. Кеңес ядролық полигоны КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен 1947 жылдың 21 тамызында Семей қаласының батысына қарай 170 шақырым қашықтықта құрылды. 1948 жылдың жазында алғашқы өндірістік атомдық реактор құрылысы аяқталып, 1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында ядролық қарудың ең алғашқы сынағы өткізілді. Алғашқысы деп ерекшелеп айтуымызда  себеп бар. Мұнан кейін де талай мәрте жер солқылдатқан жарылыстар орын алды. Ал 1953 жылдың 12 тамызында термоядролық қару, 1955 жылдың 22 қарашасында А.Сахаров құрастырған алғашқы сутегі бомбасы жарылды. 1962 жылға дейін сынақтар жер бетінде өткізілсе, 1963 жылдан бастап, жер астына көшірілді.
Осынау полигонның ауқымы Курчатов қаласын, «Балапан», «Сары-Өзен», «Г», «Ш» сынақ алаңдарын, толып жатқан басқа да ұсақ тәжірибелік алаңдарды қамтиды. Семей ядролық полигонның осынау тәжірибелік алаңдарында 456 ядролық жарылыс жасалды. Осынау сынақтар атом қаруының қиратқыш қаруын айтарлықтай арттыруға ғана емес, оның жаңа түрлерін де жасауға мүмкіндік берді.
Полигон аумағындағы соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында өткізілді. 1991 жылдың 29 тамызында Президент Жарлығымен Семей полигоны жабылды.
1995 жылы соңғы ядролық құрылғы жойылды. 1996 жылдың сәуір айында Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы және АҚШ Қорғаныс министрлігі жанындағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі агенттік сынақтар өткізілген туннелдер мен ұңғымаларды  жою туралы келісімге қол қойылса, 2000 жылдың 29 шілдесінде Семей ядролық полигонының соңғы ұңғымасы жойылды.
Жай ғана хронологиялық жылдар тізбесі болып көрінгенімен 40 жыл көлемінде, одан кейін де қаншама халықтың қасіреті жатыр. Дамыған елдер арасындағы бәсекелестіктің осы бір тартысының салдарынан сан ұрпақ мүгедек болып, азапты өліммен көз жұмғандары қаншама.
Сол уақыттарда жасырын ұсталғанымен алғашында адамға да, жануарға да, жалпы тірі тіршілік иесіне орасан зор зиян тигізетін ашық жарыластар жасалды. Әр сынақтан кейін радиация тарап, одан шамамен 500 мыңдай адам зардап шеккен. 1949 жыл мен 1963 жылдың арасында болған ашық сынақтар зардаптарының есебі көп болды. Аймақтағы ауру-сырқаттың есебін Кеңес одағы ыдырағанға дейін барынша мұқият жасырып келді. Бірақ Семейде онкологиялық, жүрек аурулары, жүйке жүйесі мен психикалық аурулар күрт артты. Көптеген жазықсыз жандар, көптеген отбасылар өз жақындарының қиналысына шыдай алмай қайғы кешті. Семейде жалпы саны 456 ядролық сынақ болса, соның 116-сы ашық әуе кеңістігінде жүзеге асырылды. Қазірде зерттеушілердің пайымдауынша бұл жарылыстар әлемдегі ең қуатты, күші жағынан ауыр жарылыстар болған.
Атап өтсек әлемдік тарихтағы ең орасан зор апат болып табылатын Хиросимаға 1945 жылы тасталған ядролық атом бомбаларынан Семейде сынақтан өткізген атом бомбасының қуаты 2,5 мың есеге қуатты болған. Ядролық жарылыстардан ең сорақы жері қауіпсіздік. Шаралар тиісті дайындықсыз, жауапкершіліксіз жүргізілген. Халыққа алғашқы сынақтардың өтетіндігін ешқандай да билік өкілдері ескертпей, сынақ кезінде тосыннан болған жарылысты көргенде халықтың қандай жантүршігерлік сезімдерді бастан кешіргені айтпаса да түсінікті. Ядролық сынақтардың болатындығын ескерту тек 1953 жылдан бастап қана жүргізілген. Одан бұрынғы уақыттарда жарылыстар туралы ешқандай түсіндірімелер берілмеген. Адамдарды қорғау мақсатында жергілікті тұрғындарды сынақ алаңынан алыстатып, қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстары мүлдем жүргізілмеген, адамдарға көмек көрсетіліп, эвакуацияға қажетті мемлекет тарапынан қолдау болмағасын, адамдар қираған үйлерде, сол радицалық аймақтарға малын бағып, шаруашылығын жүргізіп адамдар бұрынғыша өмір сүруін жалғастыра берген. Қиналыстарды тікелей қабылдап, ауыр күндерді бастарынан кешірген.
1963 жылдан бастап сынақтар жер астында өткізілгенімен, оның зардабы да аз болмады. Мысалы, атап айтсақ, 1989 жылы 12 ақпан күні жоспар бойынша кезекті сынақ өткізіледі. Бұл сынақ кезінде жерасты үңгірлерінің бірінде қуаты 70 килотоннадан асатын ядролық атом жарылды. Оның салдарынан сол жерде саңылаулар пайда болып, саңылаулардан бірнеше тәулік бойы радиациялық газдар жер бетіне шығып, тарап тұрған.Ол газдардан пайда болған радиациялық бұлт сол аймақта бүркеп, аймақтағы ахуалды қиындатты. Бұл жағдайдан кейін санжылғы азаптарға шыдамаған Қазақстан халқының наразылық көрсетуі басталды. Елімізде «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы қалыптасты. 1989 жылы ақпан айында наразылар өздерінің ең алғашқы қарсылық митингісін ұйымдастырды. Қозғалысты қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды. Онда: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада – Семей» қозғалысын құрдық» – делінген болатын. Осы қозғалыстың күшімен 1991 жылы 29 тамыз күні Семей полигоны жабылды. Осылайша біз тажалды да жеңгенбіз.
Семей сынақ полигоны тек сол аумақтағы жергілікті халықтың ғана қасіреті емес еді. Бұл барша қазақтың басына түскен қорқынышты алапатқа айналды. Бұл ретте біздің ауданнан да қаншама азамат әлі күнге дейін радиацияның кесірін көріп келеді. Сынақ полигонына ауданның 150-дей адамы қатысса, бүгінде соның жартысы өмірден өткен. Солақай саясаттың сынағына түскен жандарға бүгінде жыл сайын құрмет көрсетіліп, батыр деп танып төрге оздырады. Дегенмен солардың барлығы мемлекет тарапынан көмек алып отырған жоқ. Осы ретте өзге де Семей полигоны ардагерлеріне жеңілдіктер қарастырудың жолы жасалса нұр үстіне нұр болар еді дегіміз келеді.
Қаражан ІЗТІЛЕУОВ,
Арал аудандық Семей сынақ полигоны
ардагерлері кеңесінің төрағасы

Сурет: baq.kz

30 тамыз 2024 ж. 116 0