Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық саны артып келеді

Халық саны артып келеді

Ахмет Байтұрсынұлы 1915 жылы «Алһам-дилля, аз емеспіз, алты миллион қазақпыз» деген екен. Сол кезде алтыншы миллионға аяқ басқан қазақ халқының отыз жылда үш дүркін қайталанған күшті демографиялық апаттан саны жартысынан да төмен түсіп кеткені аян. Нақтырақ айтсақ 1916-1921 жылдардағы ұжымдастыру, сол ұжымдастырудың соңы алып келген 1931-1933 жылдардағы ашаршылық және 1941-1945 жылдардағы зұлмат соғыс халық санын күрт азайтып жіберді. Танымал демограф Мақаш Тәтімов «Қазақстанның өз территориясында осы ұлы демографиялық дүрбелеңдер алдындағы 1915 жылғы 5 миллион халқынан 1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталғанда 2 миллионға әрең жетер-жетпес қана саны қалған» деп көрсетеді. Отаршылдар мен әміршілдер ХХ ғасырда небір зұлматты қырғынға, саяси қуғынға, ғаламатты геноцидтер мен қасіретті қайғыға ұшыратпағанда мұндай жағдай болмас па еді дейміз ғой. Шынында 300 жылдай жаугершілік заманды өткерген, 75 жылдай әкімшіл-әміршіл жүйеден езіліп-жанышталған қазақ халқы өткенді еңсеріп, азат ел ұрпақтарының бүгінгі демографиялық ахуалы қандай?
Расында әр халықтың демографиялық санасы сан қырлы, көп қатпарлы. Тарих бедерлерінде талай тарихи-демографиялық сынаққа ұшыраған қазақ қоғамында халықтық демография ұлттық сананың мәйегі мен басты дәнекері болып келген. Оған дәлел халқымызды ыдыратып, қырып-тоздырудың бар амал-айлаларына төтеп беріп, орны толмас тарихи шығынға ұшыраған ата-бабаларымыздың ұлттық рухының сөнбей, бізге жеткені. Осы орайда, бүгінгі күні саяси-демографиялық ой-сананың рөлін арттыру мен халық санының өсіп-өну үдерісінде ұлттық рухтың маңызы басым.
Біз бүгінгі сөзімізді ұлт ұстазы Ахметше бастайық. «Алһам-дилля, аз емеспіз, жиырма миллион қазақпыз» деп мақтанышпен айта аламыз. Оған себеп 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан халқы жиырма миллион жетпіс бес мың екі жүз жетпіс бір азаматты құрайды. Қарап отырсақ соңғы 2 жылда халық санында 2 миллионға жуық өсім байқалады. Алайда еліміздің жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынға табан тірейтін тағы бір еске салайық. Құс қанаты талып, тұлпар тұяғы тозатын территорияның төрі халыққа толмаса, қауіп-қатер де азая қоймайды. Мәселен әлгі біз айтқан 20 миллиондық меженің өзімен Қазақстан әлемде алпыс төртінші орында тұрса, халық тығыздығы әлемдегі ең төмен елдердің бірі болып саналады.
Бірақ көңіл қуантатын бір дүние мынау. Болжамшылардың есебі бойынша елде болып жатқан демографиялық жарылыс алдағы жылдары да байқалса, Қазақстан халқының тығыздығы 6-7 есе артады. Сондай-ақ БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінің орташа болжамы бойынша 2050 жылы Қазақстан халқы 40 миллионнан астам адамды құрауы мүмкін. Ал араға тағы бір жарты ғасыр салып, 2100-де ол 75 миллионды құрауы мүмкін.Этникалық қазақтардың елімізде туу көрсеткіші жоғары болғандықтан, қазақтар өз елінде өз халқын тез арттыра алады. Себебі Қазақстанда урбанизация өте баяу жүріп жатыр.
Сарапшылар сөзінің жаны бар. Себебі осыдан санаулы жыл бұрын ғана еңбек ресурстарын дамыту орталығы елімізде халық саны 2030 жылы-ақ халық саны 20 миллионнан асып жығылады деген еді. Айтылған уақыттан алты жыл ерте біз 20 миллионға толдық.
Бірақ демографиялық жағдай екі жолмен өзгереді десек, соның бірі – табиғи өсім. Бұл үшiн аналарға жасалатын көмек, медициналық жәрдем және әлеуметтiк жәрдемақылар өсуi керек. Қазақстанда табиғи өсім оң бағытқа ие. Себебі елде ана мен балаға жасалған жағдай жоғары. Жас босанған ананың амандығы мен сәбидің саулығын сақтау бүгінде медицина саласы қызметкерлерінің алдында тұрған басты міндет. Бұл міндетті аудандық ақ халаттылар да мүлтіксіз атқарып келеді. Сөзімізге дәлел іздеп Арал ауданаралық ауруханасы Бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Ағила Мектепбаевамен тілдестік.
– Бүгінгі күні ана мен бала мәселесі біз үшін ең маңызды дүние болып табылады. ҚР ДСМ ұсынған басты индикаторы ол осы сәби өлімін болдырмау, алдын алу бағытында жұмыстарды күшейту күнделікті күн тәртібімізден түскен емес. Әр ананың, әрбір баланың қауіпсіздігі тікелей бақылауымызда болады. Қуаныштың артын тек қуаныш жалғауы қажет деген ұстанымда қызмет жасайтын дәрігерлер де білікті. Аудандағы туу көрсеткіші де өте жоғары деп айтуға болады. Мәселен 2023 жылдың алғашқы жеті айында 1062 бала дүниеге келсе, биылғы жеті айдың көрсеткіші бойынша 1001 сәби дүние есігін ашқан, – дейді маман.
Байқасақ берген мәліметінен жағдайдың тұрақтылығы байқалады. Ал туу көрсеткішіндегі тұрақтылық аудандағы демографиялық жағдай қалай әсер етуде? Аудандық статистика бөлімінің басшысы Еламан Қапановтың айтуынша:
– Соңғы жылдары елдегі жағдай белгілі ғой. Біздің жұмысымызда осыған тікелей байланысты. Жалпы демографиялық жағдайды бақылауда баланың туу көрсеткіші, өлу көрсеткіші сондай-ақ, көші-қон ахуалы басты назарда ұсталады. Оны жекелей талдауға да болады. Бірақ, Ұлттық халық санағынан кейін нақтыланған халық саны туу көрсеткіші бойынша жылдан-жылға өсіп келеді. Соларды тіркей отырып, төмендегіше даму көрсеткішіне қол жеткізіп отырмыз. Нақтырақ тоқталып өтетін болсақ, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткішке сәйкес ауданда 77 948 адам, 2023 жылдың 1 қаңтарында 78 687 адам, 2024 жылдың 1 қаңтарында 79 099 адам бары айқындалды. Бүгінгі, 2024 жылдың 1 шілдесіне жедел көрсеткіштер бойынша аудан халқының саны 79253 адам. Осы сандарға қарап отырып, аудан халқы жылына орташа есеппен 575 адамға артып келеді десек болады, – дейді.
Түйін:
Аудандағы демографиялық жағдай қалыпты. Жоғарыдағы мамандардың сөзінен соны байқадық. Ал Еңбек ресурстарын дамыту орталығы әзірлеген болжам қаншалықты орындалар екен? Расында халықтың ахуалы да бұл өсімге өзіндік қарқын қосады. Ендеше жаңа Қазақстанның болашағы мемлекеттің жаңа қолдауларымен кемелдене түседі дейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

Фото: qazaquni.kz
09 қыркүйек 2024 ж. 120 0