Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Масылдық – дамудың тежегіші

Масылдық – дамудың тежегіші

Мәңгілік мемлекеттіліктің, ұлттық өрлеудің, экономикалық дамудың тұсауы – масылдық. Мұның түр-түрі шығып келеді. Несін жасырайық,қанша күрессек те түп-тамырымен жойылмай келетін сыбайлас жемқорлықтан бастап, өзге де оңай ақшаға құныққан, қалтаны қалыңдатудың жеңіл жолын таңдаған адам көп. Айта берсек тереңдей береміз. Бірақ әлеуметтік масылдық бүгінгі қоғам үшін ең қауіптісі деуге болатындай. Жұртшылығы жаппай масылдыққа бой ұрған ел жарқын болашағының негізін өзі қалай алмай қалары анық.
Шындығында Абай айтқан «талап, еңбек, терең ой» қазіргі жастардың, тек жастардың ғана емес ересектердің де санасынан шығып кеткендей."Қазіргі күрделі, аумалы-төкпелі заманда халықтың әл-ауқатын көтеру, кедейшілікпен күрес – тек байлық-бақуаты бар, еңсесі тік, әлеуеті зор елдердің ғана қолынан келеді. Бүгінде Қазақстан халық тұрмысын жақсартуға бағытталған саналуан әлеуметтік қамқорлық шараларын жүзеге асыруда. Бірақ ол барлық халықты қамтамасыз ете алмайды" деп бәрін биліктен күтетіндердің қарасы өте көп. Себеп неде?
Әлбетте жалқаулық. Себебі біз айтып отырған масылдықтың басты себебі де сол еріншектікте. Бірақ халықтың кешегі тәуелсіздік алған уақытқа дейін 70 жыл Кеңестік боданда өткен. Бұл аз уақыт емес. Санамызды да жаулап алуға жететін уақыт. Және сол кездері халықтың пайдаланғаны толықтай үкіметтің еншісіндегі дүниесі еді. Тіпті жұмыс орнының өзін үкімет халыққа өзі ұсынатын кезең болды. Сол қалыптасып қалған үрдістен шыға алмай келе жатқанының көрініс болар бәлкім. Кім білсін?!
– Құдайдың берген 5 баласы бар. Мектепті нашар оқымады. Қатарластары мектеп бітіріп, оқуға аттанды. Біз де қатарынан қалдырғымыз келмеді. Барлығы диплом алып, оқуын аяқтап шықты. Бірақ тек екеуі ғана жұмыста. Қалғаны жұмыссыз. Біздің уақытымызда жұмыссыз дегенді естімеуші едік. Әскерге барып келген соң тіпті өздері іздеп, жұмыс тауып беретін, – дейді Темірхан аға. Иә, бұл сөзді көбісінің ауызынан естиміз.
Бірақ одан бері де 30 жылды еңсердік. Қазір қоғам басқа, заман талабы басқа. Сондықтан біз де барынша бейімделіп, бәсекеге қабілеттік танытпасақ, кімге өкпелейміз?!
Расында заман көшіне ілесіп, біз әлі күнге дейін жатырқап жүрген жұмыстарды ерте меңгерген елдер қазірде қарекетсіз қарап жатқан жоқ. Бұған дәлел көп. Әсіресе ғаламтор бетінен іздей қалсаңыз, тіпті ойымызға кіріп шықпайтын дүниелермен танысамыз. Айтар болсақ уақыты өткен немесе өтуге жақын тағамдарды қайта өңдеп, солардан ас дайындап, мейрамханада тәулігіне мыңдаған адамды қарсы алатын Даниялық кәсіпкердің бұл ісі әлем халқының таңданысын тудырған. Қымбат мейрамханадан ас татуды қымбат санайтындар осы жерден ас ішіп, тіпті тұрақты тұтынушыларына айналған көрінеді. Барлығын қойшы, біз тілдескен кейіпкер Ғ.Қасым:
– Ақиректен Аралға тез арада жету қажет болды. Сондықтан үлкен жолдың бойына шығып, жол-жөнекей көлікке отырдым. Мен отырған жүк көлігінің жүргізушісі орысшалап сәлемдесті. Бірақ орыс тілінде таза сөйлемей отырғанын байқадым. Сұраса келе Молдова елінің азаматы екенін білдім. Бір таң қалғаным әлемнің дамыған еліндерінде ғана емес, Молдовада да кәсіпкерліктің өте жоғарғы дейгейде екендігі. Ол өз сөзінде "Бірнеше күн, тіпті апталап жол жүремін. Осы жүк көлігіммен Қытайдан, басқа да шет елдерден зат тасып, соны сататын арнайы орыным бар. Жалпы билік пен халық арасында өте тығыз байланыс жоқ. Бірақ кәсіп етем десең бетіңнен қақпайды. Мемлекеттік жұмысқа да көпшілік қызыға қоймайды. Халықтың 50 пайызының өз кәсібі бар. Ахуал да тұрақты" деді. Тіпті біздің елдегі зейнетақы мен жалақының, шәкіртақының көлемін естігенде көзі атыздай болды. Ол жақтағы мемлекеттен төленетін мұндай көмектер өте төменгі деңгейде екен, – дейді.
Ал бізде ше?! "Алма піс, аузыма түстің" уақыты емес, "балық емес, қармақ бер" дейтін кезеңдеміз. Ол мүмкіндік те жасалып тұр. Бір ғана жастарды қолдау, жұмыспен қамту үшін «Жастар іс-тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» секілді бағдарламалардан бөлек те көптеген бастамалар мен «Жастар ресурстық орталықтары» да жемісті жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкерлік бағытындағы қолдаулар тіпті тиімді болып тұрғаны жасырын емес.
Мәселен "Арал ауданында сатистикалық мәліметке сәйкес халық саны 79099 адам. Оның ішінде, экономикалық белсенді халық саны 29644 адам болса, жұмыспен қамтылған халық саны – 28169. Жалпы жұмыссыздар саны 1475 адамды құраса, жұмыссыздық деңгейі 5,0%" – дейді «Арал ауданының Мансап орталығы» филиалы.
Орталық тарапынан 8 айда атқарылған жұмыстарды да жоққа шығара алмаймыз. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 30 адамды оқытуға меже бекітіліп, 30 адам толық жолданды. Оқығандардың 29-ы тұрақты жұмыспен қамтылса, «Бастау бизнес» жобасына электрондық еңбек биржасы арқылы 290 адамға оқыды. Жаңа бизнес идеялардыіске асыруға арналған мемлекеттік грантқа жоспарына сәйкес толық 146 адамға гранттар берілді.Әлеуметтік жұмыс орындарына 35 адам, жастар тәжірибесіне 189 адам,ақылы қоғамдық жұмысқа 973 адам, алғашқы жұмыс орнына15 адам,ұрпақтар келісімшарты жобасы 2 адам, күміс жас жобасына 52 адам жұмысқа жолданған. Ал жұмыссыз жастардың деңгейі – 4,9%.
Қазірде кәсіпкерлердің өзі бірнеше адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Бірақ сол кәсіпкерлердің де айтары бар. Жұмыс қолы жеткіліксіз дейтін кәсіп иелері:
– Халықтың жұмыссыздық мәселесін шешіп, кәсібіміздің дөңгелуі үшін бізге жұмыс қолы керек. Бірақ жарнама бергеннің өзінде әсіресе жұмыстың қызатын уақыттарында тіпті тапшылық байқалады. Жалақыны да жақсы төлейміз. Бірақ жалқаулық өте басым. Оны жасырмаймын. Барлығына күзетші дегендей тыныш, жеңіл жұмыс қажет. Бірақ барлығына бірдей мұндай жұмыс қайда? Сондықтан өзіміздің жалқаулығымызды біреуге артып, билікті кінәлі еткен де дұрыс емес шығар, – дейді. Міне осындай масылдық көзқарастан арылмасақ, жоғарыдағы жұмыссыздық деңгейінің өзгере қоюы да шамалы болатындай.
Түйін:
"Құдай Тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсай¬мысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Бұл – Құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік" деген Абайдың сөзін естен шығармайық.
О. ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ
14 қыркүйек 2024 ж. 137 0