Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жедел респираторлық вирусты жұқпалардың алдын алу

Жедел респираторлық вирусты жұқпалардың алдын алу

Арал ауданы тұрғындары арасында  2023 жылдың  қаңтар-тамыз  айында   жедел респираторлық вирусты жұқпалардың  479 жағдайы тіркеліп, оның 200-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында,47-і жасөспірімдер арасында орын алды. 2024 жылдың осы мерзімінде жедел респираторлық вирусты жұқпасымен 2512 науқас тіркеліп, оның 1324 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар болса,382-і жасөсіпірмдер үлесінде болды.Аурушаңдықтың жалпы көрсеткіші өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 5,21 есеге, балалар арасында  6,63 есеге,жасөспірімдер арасында 7,6 есеге өскен. Сондай-ақ аудан көлеміндегі  жекелеген елді мекендер бойынша  жұқпаның  тіркелу деңгейі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда көтеріңкі болып, эпидемиологиялық ахуал «қолайсыз» жағдайда қалыптасты. 2023-2024 жылдардың алғашқы 8 айында  тұмау жұқпасы тіркелмеді.
Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау жұқпасы – өте тез жұғатын, әрі  тез  тарайтын тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанда да жұқпалы аурулардың ішінде, ең алдыңғы орында тұрған, әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына жатады. Статистикалық деректер бойынша, еліміздеэпидемиологиялық кезеңде жедел респираторлық вирусты жұқпалар  және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады. Ауру көрсеткіші ересектер  арасында  40 пайызды құраса, балалар арасындағы көрсеткіш 60 пайызға жеткен.Жедел респираторлық вирусты жұқпалармен  және тұмаумен  көп жағдайда  қарт адамдар, жоғары тыныс алу жолдарының және бронх-өкпе жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, иммунитеті төмен, әлсіз және жиі ауыратын ересектер мен балалар   ауырады.Бірінші кезекте жүрек-қан тамырлары  мен тыныс алу жолдары ағзаларының ауруларын туғызады, қызметін қиындатады. Бұл көп ретте  науқастардың төсек тартып жатып қалуына, еңбектен қол үзуіне  әкеліп соқтырады. Асқынулар мүгедектікке, ауыр жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін.
Жедел респираторлық вирусты жұқпалар  мен тұмауауруының клиникалық белгілері .Жедел респираторлық вирусты жұқпалардың клиникасы ауыр емес,ауру жоғары тыныс жолдарының зақымдалуымен шектеледі, яғни мұрыннан су ағып, тамақ ауырады, кей жағдайда дене қызуы көтеріліп, бас ауру байқалады. Тұмау ауруы жедел басталады, ауырған адамның бірден тұла бойы қалтырап, дене қызуы 38-39 ºС ,кейде 40ºС температураға дейін жетеді. Басы шаншып ауырып, адам дел-сал күйде болады, құрғақ жөтел, тамақтың жыбырлауы, дауыстың қарлығуы,кеуденің ашып ауруы тәрізді белгілер, сондай-ақ  белі мен аяқ буындары сырқырайды, беті мен көзі қызарып, әлсіздік болады. Егер ауырған адам дер кезінде дәрігерге қаралып,емделетін болса 5-7 күнде аурудан айығып кетеді.
     Тұмау асқынған жағдайда ауру адамның өкпесі, кеңсірігі, құлағы  қабынып, плевритке, пневмонияға ұласады, жүрек, буын, бүйрек, ми және ми қабықтары зақымданады.
  Алдын алу шаралары
   - Тұмаудың өріс алуы кезеңі алдында  халықтың неғұрлым осал топтарына (60 жастан асқан адамдар, созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры аурулары, иммундық жетіспеушілігі бар ересектер мен балалар, әлсіз және жиі ауыратын балалар, жүкті әйелдер) және медицина қызметкерлеріне  тұмауға қарсы  егу шарасы жүргізіледі. Вакцина ауру басталған кезде оның өршуіне тосқауыл болып, аурудың кең тарап кетуіне кедергі келтіреді. тұмауға қарсы егу- ауруға шалдығуды, асқынуларды болдырмауды, ауыр түрлерін азайтатындығы  дәлелденген   жайттар.
-Науқас адам үйде емделген жағдайда оны жеке бөлмеге оқшаулап, қарым-қатынаста болған адамдарға жұқтырмас үшін  науқас  адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен (шүберекпен) жабуы тиіс немесе бірмәртелік бетперде киіп жүргені жөн.Науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы т.б. болуы қажет. Оларды жиі жуып, залалсыздандырып отыру керек.
-Мұрын мен ауыз қуысын ұдайы тұзды ертіндімен шайып, жеке бас тазалық шараларын сақтау
-Дәрумендерге бай сұйықтықтар, әсiресе лимон, бал, таңқурай, итмұрын қайнатпалары  қосылған  шәйдi, минералды суды көбiрек iшу. Пайдалы, құнарлы азық-түліктерді күнделікті тағамға пайдалану ( көкөніс, жеміс-жидек,сорпалар және т.б.)
-Тұмау ауруының  алдын алуда ағзаны жүйелі шынықтырудың үлкен маңызы бар. Таза ауада көп жүру, дене шынықтыру және спортпен айналысу   аурулардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді.
- Үйдің тазалығын сақтау, бөлмелерді жиі-жиі желдетіп,ауаны тазартып отыру және ылғалды тазарту, бөлме температурасын 20-24 0С аралығында ұстау қажет.
    -Көпшілік жиналатын орындардың барлығында санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтау ( бетперде кию, ауруханалар мен емханаларда келушілердің санын, болу уақытын шектеу
Осы қарапайым ережелерді  қолдана отырып, денсаулығыңызды сақтаңыз
А. САТЕКЕЕВА,
басқарма басшысы
17 қыркүйек 2024 ж. 139 0