Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмаудың алдын алу шаралары

Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмаудың алдын алу шаралары

Арал ауданы тұрғындары арасында 2024 жылдың қаңтар айында жедел респираторлық вирусты жұқпалардың 1317 жағдайы тіркеліп, оның 719 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болса, 176 жағдайы жасөспірімдер арасында тіркелген. Өткен жылдың осы мерзімінде жедел респираторлы вирусты жұқпасымен 174 науқас тіркеліп, оның 79 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар, 12 жағдайы жасөспірімдер арасында тіркелді. Аурушаңдықтың жалпы көрсеткіші 2023 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 7,6 есеге , балалар арасында 9,1 есеге, жасөспірімдер арасында 14,6 есеге өсіп, аудан көлемінде эпидемиологиялық ахуал «қолайсыз» боп бағаланды. 2023-2024 жылдың қаңтар айында тұрғындар арасында тұмау жұқпасы тіркелген жоқ.
Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау жұқпасы – ауа арқылы таралатын, өте тез жұғатын, әрі тез тарайтын аурулар қатарына жатады. Эпидемиялық және пандемиялық сипатта таралуға бейім , жоғары тыныс алу жолдарының зақымдануымен көрініс беретін инфекция болып табылады.
Ауру қоздырғышы- вирустар жоғары температураға төзімсіз, керісінше төменгі температурада аса өміршең ( мысалы:-76 0С өлшеусіз ұзақ уақыт сақталады). Әдетте қолданылатын физикалық және химиялық залалсыздандыру тәсілдері вирусты тез жояды.
Инфекция көзі-тұмаумен ауыратын адам. Инкубация кезеңі 1-2 сағаттан 1-2 күнге дейін созылады. Инфекция көзінің қоршаған ортаға қауіпті уақыты аурудың алғашқы күндері. Науқас бойынан ауру қоздырғышының бөлінуі аурудың инкубациялық кезеңінің соңынан өршу кезеңі аяқталғанға дейін созылады. Ауру адам вирусты сыртқы ортаға тыныс жолдары секретімен бөледі (түшкіру, жөтелу ). Ауру қоздырғышы науқас адамнан 1-3,5 м. қашықтыққа дейін таралады.
Тұмау әлемнің барлық елдеріне таралған. Еліміз бойынша да тұмау жұқпалы аурулардың ішінде, ең алдыңғы орында тұрған, әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына жатады. Ауруға шалдығу балалар арасында өте жоғары. Ауру көрсеткіші ересектер арасында 40 пайызды құраса, балалар арасындағы көрсеткіш 60 пайызға жеткен. Жедел респираторлық вирусты жұқпалармен және тұмаумен көп жағдайда қарт адамдар, жоғары тыныс алу жолдарының және бронх-өкпе жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, иммунитеті төмен, әлсіз және жиі ауыратын ересектер мен балалар ауырады. Бірінші кезекте жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жолдары ағзаларының ауруларын туғызады, қызметін қиындатады. Бұл көп ретте науқастардың төсек тартып жатып қалуына, еңбектен қол үзуіне әкеліп соқтырады. Асқынулар мүгедектікке, ауыр жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін. Тұмау ауруының асқыну жағдайларын болдырмау үшін тұмаумен ауырған жағдайда оны уақытылы анықтап, дұрыс емдеу маңызды.
Алдын - алу шаралары жеке басты тұмаудан қорғауға арналған және қоғамдық деңгейдегі шаралар болып бөлінеді.
Жеке басты қорғауға бағытталған шараларға :
-Тыныс жолдарын бетпердемен тұмшалау, яғни жабық үй-жайларда және адамдар көп жиналған орындарда бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану;
-Үй-жайларды,оның ішінде ауру адам жатқан бөлмеде жиі ауа алмастырып, терезе көздерін
ашып, желдетіп отыру;
-Күнделікті ылғалды жуып-шаю жұмысын залалсыздандыру дәрілерін қолдана отырып,жүргізу,
-Жеке бас тазалық шараларын сақтау барысында қолды сабынмен мұқият жуып, ауыз,мұрын
қуыстарын тұзды сумен шаю, лас қолмен мұрынды, көзді, ауызды ұстамау;
-Денені шынықтыру мақсатында спортпен айналысу, таза ауада көп жүру;
-Күнделікті асқа дәруменге бай, құнарлы , иммунитетті көтеретін тағам түрлерін пайдалану, сұйықтықты көп ішу ;
Қоғамдық деңгейдегі алдын алу шараларына :
- Тұмауға қарсы екпе жасату. Тұмаудың эпидемиялық маусымның алдында (қазан айы) қысқа уақытта адамдарды тұмауға қарсы егу-ауруға шалдығуды, асқынуларды болдырмауды, ауыр түрлерін азайтатындығы дәлелденген жайттар.
-Тұмаумен ауырған балаларды балабақшаға, мектепке жібермеу , ересектер жұмысқа бармай дәрігер көрсетілімімен емделу ;
- Қарқынды тұмау індеті кезінде балабақшаларда,білім беру орындарында көпшілік жиналатын шараларды шектеу , оқу процесін тоқтата тұру тәрізді шаралар жатады.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық СЭББ басшысы

Фото: egemen.kz
06 ақпан 2024 ж. 346 0