Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілер жойылуда

Мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілер жойылуда

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2023 жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін пилоттық режимде сынақтан өткізуде.
Бұл ретте, «Е-қызмет» порталында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі енгізілген. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен қатысуға мүмкіндік береді.
«Е-қызмет» жүйесі барлық негізгі ақпараттық жүйелермен біріктірілген. Үміткер туралы өзге ақпараттық жүйелерден ақпарат алу, оның соттылығын немесе өзге де құқық бұзушылықтарға қатыстылығын тексеру, біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау – мұның бәрін жүйе автоматты түрде өзі жасайды.
Ендігі кезекте пилоттық жоба негізінде конкурсқа қалай қатысуға болатынын түсіндіріп өтейік.
Конкурс ықпалдастырылған ақпараттық жүйенің "eqyzmet.gov.kz" сыртқы интернет-порталында жүзеге асырылады, яғни ешқандай тікелей байланыссыз онлайн түрде жүргізіледі.
Конкурсқа қатысу үшін үміткерге интернет, компьютер және веб-камерасының болуы жеткілікті. Осы құрылғыларды пайдалана отырып, үміткер жеке сәйкестендіру нөмірін және ЭЦҚ енгізу арқылы жүйеде тіркеледі және конкурсқа қатыса алады.
Конкурс кезеңдеріне қатысқан кезде үміткердің дербес деректерін көрсетпей иесіздендіру үшін өтінім берген кезде жүйе оған дербес сәйкестендіру нөмірін тағайындайды. Яғни, конкурсқа қатысушы үміткер туралы ақпарат жасырын болады.
Жалпы конкурсқа қатысу үшін үміткер шекті мәні 50% құрайтын жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуден өтеді.
Мұнан соң, конкурстың келесі кезеңі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау болып табылады. Бұл жерде үміткерге жалпы саны 50 сұрақтан тұратын логикалық және ситуациялық сұрақтар қойылады. Екі кезеңнің нәтижесімен жоғары балл жинаған үш үміткер ,конкурстың соңғы кезеңі, әңгімелесуге жіберіледі.
Іріктеу кезеңдерінен өту кезінде үміткер өзге адаммен ауысуына, жанында бөгде адамдар болуына, орнын тастап кетуге, экраннан бұрылуына және бейнекамераны ажыратуына болмайды. Бұл процеске жасанды интеллектінің де жұмысы қосылған. Жоғарыда айтып өткендей өзге адаммен ауысуы, жанында бөгде адамдар болуы, орнын тастап кетуі, экраннан бұрылуы және бейнекамераны ажыратуы, бөгде адамдардың дыбысы шығып отыруы жасанды интеллект арқылы тіркеліп, анықталып отырады.
Конкурс кезеңдерінен өту кезіндегі барлық жазылған бейнежазба прокторлармен, яғни белгіленген тексеруші адамдардың бақылауынан өтіп, егер бұзушылықтар анықталып, ереже жағдайда үміткердің тестілеу келесі кезеңге жіберілмейді.
Әңгімелесу сатысына өткен үміткерлер онлайн түрде қатысады. Конкурс комиссиясының мүшелері жүйемен таңдалған адамдардан тұрады, яғни бір-бірін танымайтын мүшелерден құралады.
Айта кету керек, прокторлар-тексерушілер қатысушылардың кім және қайдан екендігі туралы бейхабар болады. Себебі, кандидаттар деректері көрсетілмей, тек арнайы код беріліп, иесіздендіріледі.
Комиссия мүшелері үміткерлерді 1 мен 3 балл арасында бағалайды. Нәтижесінде барлық кезеңнен өткен үміткерлердің орташа баллы шығады және ең көп балл жинаған үміткерді «Е-қызмет» жүйесі автоматты түрде конкурс жеңімпазы деп таниды.
Қазіргі таңда Республика бойынша 44 мемлекеттік органдарда мыңнан аса конкурс осы жүйе арқылы өткізіліп, өз нәтижесін көрсетуде.
Жаңа жүйенің артықшылығымемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жойып, бюрократиядан арылтып, талабы бар талантты жастардың мемлекеттік қызметке келуіне өз септігін тигізетін болады.

Шынтасов Жасұлан Қанибайұлы – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша
департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.

Сурет: astanazan.kz
18 қыркүйек 2024 ж. 81 0