"Ең алдымен адамдар" көшпелі семинары өтті

Аталған семинарға аудан әкімдігіне қарасты бөлім, қала, кент және ауылдық округтерде мемлекеттік қызмет көрсететін 50 тыңдаушы қатысты.
Жиында алдымен аудандық цифрлық технологиялар және мемлекеттік қызметтердің мониторингі бөлімінің басшысы Жұлдыз Мұхамбетжанова жалпы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша қысқаша ақпаратпен бөлісті.
Одан әрі модератор-педагогика ғылымдарының магистрі Ақмарал Тұрабаева семинар бағдарламасымен таныстырды.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Марат Айтхожа «Тұтынушыға бағдарланған қызмет көрсету», «Бюрократиядан арылу бағыты» және «Мемлекеттік қызметтер көрсету саласында заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету» тақырыптары төңірегінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Филиал доценті, психология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Аяғанова «Адамдармен психологиялық байланыс орнату қағидаттары» тақырыбында лекция оқыды.
Семинарда қатысушылар ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, көтерілген сауалдарға қатысты мамандар тарапынан тұщымды жауап берілді. Еркін форматта өрбіген семинар соңында қызметкерлер ой сергіту мақсатында түрлі логикалық сұрақтар бойынша пікір алмасты.

