Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық оқушы шұжық шығарып жүр

Қызылордалық оқушы шұжық шығарып жүр

Қызылорда облысында мектеп оқушысы шұжық шығара бастады. Ол осылайша кәсіпкер әкесіне қолғанат болып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Назым Ережеп Жалағаш ауданында орналасқан әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейдің 11 сыныбында оқиды. Отбасылық бизнесті бастағандарына көп бола қоймапты. Қайтарымсыз мемлекеттік грант есебінен бүгінде үй жағдайында қой, сиыр, жылқы етінен шұжық, әсіп жасайды. Ысталған тауық еті және тағы басқа табиғи өнім түрлеріне сұраныс артып келеді.
Назымның әкесі Алмат Ережепұлы қызының аспаздық қабілетін дамыту үшін кәсіпке ден қойған.

    "Өзі кішкентайынан өзгеше тамақ істеп, осы салаға жақын болды. Бастапқыда торт жасап, сата бастады. Кейін ет өнімдерінен тамақ әзірлеуге қызығушылығы пайда болды", - деді ол.
Назымның кулинарияға қызығушылығы екінші сыныпта оқып жүргенде басталыпты.

    "Неше түрлі тәттілер пісіретінмін. Соны байқаған әжем ас әзірлеу құралдарын сәтып әперді. Бос уақытымды соған арнадым. Одан кейін кулинария курстарына қатыстым. Кәсіпкерлікке 8 сыныптан бастап бет бұрдым. Торт жасап саттым. Әкемнің кәсіппен айналысқысы келетінін білгесін шұжық дайындау әдістерін үйрендім. Алғашқыда үйдегілерге арнап жасап жүрдім. Жақындарым ұнатып, біртіндеп сұраныс түсе бастады", - деді оқушы кәсіпкер.
Кейіпкеріміз дүкен сөресіндегіден гөрі үй жағдайындағы өнім табиғи әрі таза екенін айтып, сапалы дүние қымбат болатынын қаперге салды. Отбасылық кәсіпте Назым әке-шешесімен бірге міндеттерді бөліп алып, соны жауапкершілікпен атқаруға тырысады. Дегенмен, болашақта мұғалім болғысы келеді.

    "Биыл мектеп бітіретіндіктен оқуға барынша көңіл бөлу керек. Ата-анама салмақ салмау үшін табысымды білімімді дамытуға жұмсап жатырмын. Ал аспаздық барлық қыз баланың бойынан табылуы тиіс. Болашақта аспаз боламын ба, мұғалім боламын ба, уақытында көреміз", - деді Назым Ережеп.

Назерке САНИЯЗОВА
Қызылорда облысы
29 қыркүйек 2024 ж. 127 0