Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шопаннан неге қадір кетті?

Шопаннан неге қадір кетті?

Ел ризығын еселейтін шаруашылық – мал шаруашылығы. Қазақтың тұрмыс-тіршілігі әу бастан 4 түлікпен тығыз байланысты. Әсіресе ертеде көшпенді өмір сүрген қазақтың әлеуметтік жағдайы қорасындағы малмен өлшенетін. Аптап ыстық пен қаһарлы қыстан мал басы аман шыққан ауылдың еңсесі биік, қуанышы орасан. Ата-бабамыз бұл кәсіпке ерекше мән беріп, жесең ас, кисең киім төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келгендігі де сондықтан. «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген аталы сөз де осының айғағы.
Адам қандай кәсіпті болсын тынбай жасаса нәтижесін көрері сөзсіз. Десе де бүгінгідей жеңіл жұмыстың түрі көбейген уақытта мехнаты көп мал бағудың ізінде жүргісі келетіндер аз. Мал баққанға бітеді дегенмен расында бұл іс көп тәуекелді және тынымсыз жұмысты қажет етеді. Оның зейнеті ше?
Бұған дейінгі тарихты да, шығармаларды да оқысақ малшылардың қоғамдағы рөлі беделді-етін. Тәуелсіздікке дейін колхоз, совхоз ұжымының аты аспандап тұрғанда жазылған шығармалардың дені осы тақырыпты айналып өткен емес. Осындайда Дулат Исабековтің «Гауһартасындағы» Тастан еріксіз ойға оралады. Оның бар ойы 100 қойдан 180 қозы алып, малшы қауымның алдында абыройлы болу еді. Міне, кезінде атағы айға жеткен «малшы» кәсібі бүгінде ақсаңдап қалғаны рас. Бүгінгідей түрлі жұмыс көзі шығып, ауыр еңбексіз ақша табатын уақытта жастардың көбі сол бағытты таңдайды. Тіпті отбасылы малшы іздеп ілінген жарнама парағы бірнеше айға дейін тұратынын көзіміз көріп жүр. Демек осы уақытқа дейін адам таппаған. Бір таңғаларлығы, ауылдық жерлерде де  шаруа  қожалықтарына малшы табу өте қиын. Неге?
Бірнеше жылдан бері биылғы жазда ауылға барғанмын. Жасым 20-дан асып, бойжеткен мені туыстарым төрге шығарып күтті. Үлкендердің дастархан басында «мал жандарың аман ба, жағдай қалай болып жатыр?» деген әңгімесінің аяғы малшы жырына ұласты. Жаз шыға ауыл адамдары қорасындағы төрт түлігін бағуға адам таппайды. 10-15 күнде келетін бір күнгі  қой кезекті қиынсынады.  Жұрт қалтасынан ақша шығарып, бір күн қой бағып келетін адам іздейді. Алайда өрістегі қой қалай бағылып жатқанымен ешкімнің шаруасы жоқ. Ауыл  қазір кеш кетіп, ерте келетін малға да үйренгенін айтты. Үлкендер бұл дұрыс емес деп қанша ескерткенмен, қой кезекке шыққан жастар мұны құлағына ілмейді. Ауыл үлкендері қазіргі малдың күйіне де, күтіміне де риза емес.
–     Бұрын біз де жас болдық, біз де мал бақтық. Ол уақытта таңғы салқынмен малды айдап кететінбіз. Кең өріске жайып, іңір түскенде қайтып келеміз.
Қазір бәрі ауыл шетінен ұзап барғысы келмейді. Күнделікті бір жолмен малды кеш шығарып, ерте алдына салып айдап алып келеді. Ол жолдың шөбі де айдалып, құнары кеткен. Айына кем дегенде бір рет тоғытып тұруға болады. Сонда үсті тазарып, артық иістен арылады. Тоғытқанда қоймен бірге суға түсіп,  әр қойдың басын батырған дұрыс. Өйткені суға батқан қой шашалып-түшкіріп мұрнына жиналған шаң-тозаңды сілкіп тастайды.  Сонда маңқа, айналшық деген ауру болмайды, – дейді ауыл үлкендері.
Осылайша жоғары немесе арнаулы білім мамандарын айтпағанда, қарапайым шопан табу үлкен мәселеге айналып отыр. Қай шаруашылыққа барсаңыз да қожалық жетекшілері мал бағатын, соның ішінде қой малын бағатын адамның жоқтығын айтады. Ауылдағы жұмыссыз жандарды әкелгенімен, олар көп тұрақтамайды. Сол себепті қаладан, басқа аудандардан, тіпті сенімсіз болса да жұмыс іздеп жүрген өзге ұлт өкілдерін әкелуге мәжбүр.
Ауылдық жерде екі қолға бір күрек таба алмай, қалада түрлі жұмыс жасап жүрген азаматтар жетерлік. Бірақ олар шаруашылықтарға барып қой бағудан қашады. Себебі күні бойы малдың соңынан еріп жүру оңай емес. Дегенмен, жұмыссыз жүргеннен жақсы емес пе?!
Жұмыс іздеушілердің арнайы веб-сайттарына сүйенсек, jooble.kz платформасында «шопан» сұранысы бойынша 1300-ден астам бос жұмыс орны орналастырылған. Ұсынылатын жалақы 70 мыңнан 450 мың теңгеге дейінгі аралықта. Көптеген жұмыс берушілердің шарттары ұқсас: тұрғылықты жай, тамақ (азық-түлік), әр маусымға арнайы киім және жалақы.
Қызылорда Жамбыл облыстарында фермерлік шаруашылықтар 70-75 мың теңге түріндегі қарапайым жалақыны ұсынады. Талаптарына орта білім мен өздері ұсынған кестелік міндетті орындау ғана жатады.
Түркістан облысында жалақы 90-100 мың теңгеге дейін көтерілсе, Батыс Қазақстанда ол 160 мың теңгеге дейін барады. Және шопан тұрғылықты үй мен азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ Алматы облысында кейбір шаруа қожалықтары отбасылы жандарды үймен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, 150-200 мың аралығында жалақы төлеуге дайын екенін айтады. Дегенмен отбасылы жан болуы міндетті.
Шопан үшін ең жоғары жалақы Алматы облысында ұсынылған 450 мың теңге. Қожалық облыстың оңтүстік-шығысында орналасқан. Ферма жауапкершілігі мол және отбасылы шопан тапқысы келетінін жазған. Хабарландыруда жоғарыда көрсетілген жалақы екі адамға, шопанға және оның көмекшісіне, сәйкесінше 250 және 200 мыңға есептелгені туралы мәлімделеді. Шаруашылық барлық салықтармен және зейнетақы аударымдарымен ресми түрде жұмысқа алатынын, 2 бөлмелі жылытылатын тұрғын үймен және қысқы және жазғы маусымдарға киім жиынтығымен қамтамасыз ететінін хабарлайды.
Сонымен қатар кейбір өңірлерде ауысымдық (вахталық) әдіспен іздеу салады.
Дегенмен малшы мен қожалық иесі  арасындағы сенім мен сыйластық  көп жағдайда бұзылып жатады. Бұл жерде бар мәселе адамына байланысты. Еңбегінің ақысын бермей, өлген, жоғалған малын жалақыдан төлетіп, ақырында араздасып қалатын жұмысшы мен жұмыс беруші көп. Ондайда «мал иесі  уәдесін орындамады, қосымша жұмысқа жекті, жарытып ақша бермеді» деп малшы арызданады. Ол ақшасын талап етуге ешқандай құжаттың жоқтығынан сотқа да арыз бере алмайды. Сол себепті олардың арасында келісімшарт міндетті түрде жасалуы тиіс.
Шаруасына мығым малшы мен қойшы табу да өте қиын. Ондай жұмыстарға көп жағдайда әлеуметтік жағдайы төмен, ішкілікке құмар, енжар, жауапсыз адамдар барады. Айдалада күні бойы жалғыздан жалғыз жүру де оңай емес. Сондықтан да хабарландырудың басым көпшілігінде отбасылы адамдарды іздейді. Ендеше қожалық иесі «ақшаңды бердім, қарныңды тойдырсам болды» деген түсініктен арылып, малшының өзімен, отбасымен  жақын араласып, ақылдасып, кәсіпке ынталандырып отырғаны абзал.
Ал «Малшы неге табылмайды?» деген сұрағымызға ауылда мал бағып, нәпақасын тауып отқан Асхат мырза:
–     Қазіргі кезде барлық жағдайды жасап қойсаң да, қой бағуға көп адам келісе бермейді. Себебі ен далада айлап-жылдап ешкімнің жүргісі жоқ. Қара нан жеп, қара шай ішіп, жағдайы болмаса да, қалаға жүгіреді. Жастар ұялы телефон, ғаламтордан айырылмайды. Оларға мал баққаннан гөрі, қар жұмыс істеп, машина айдап, адам тасыған әлдеқайда оңайырақ. Оның үстіне, жігіттер Атырау, Ақтау, Ақтөбе қалаларындағы вахталық жұмысты немесе күзетшілікті қалайды. Бүгінде мал бағудан басқа табыстың көзі көп қой. Тіптен болмаса әлеуметтік желі арқылы да ауадан ақша жасайтындар бар. Ауылда мал баққаннан, қалада даяшы болуды артық көреді. Бар себеп осында, – дейді.
Оның айтуынша, малды ұстап отыру оңай шаруа емес. Қазіргі таңда өзінің балалары ғана көмекке келеді. Маусымдық жұмыстың өзіне жанына көмекші адам таба алмайтынын айтады.
–     Жастар мал былай тұрсын, анау қораны көре сала қашады. Оларға ауылдың өмірі мүлдем қызық емес. Қаладағы қыдырысты, ғаламторды, теледидар мен ойындарды жақсы көріп тұрады. Кейде туыстарымның балалары келіп, жылқыға мініп кетеді. Келіп-кеткен сайын ет жеп, шұбат ішеді. Ет те беріп жіберіп тұрамын. Десе де заман ағымынан қалмайық деп, қалаға жүгіріп кетушілер көп, – деді ол пікірін білдіріп.
Қызылорда өңірдегі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласы қарқынды даму үстінде. Әсіресе, мал шаруашылығын дамытуға жасалған қолдаулардың нәтижесінде облыстағы төрт түліктің саны өсіп, өнімі де ұлғайып келеді. Мәселен, биыл мүйізді ірі қара өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға өссе, қой мен ешкі басы 878,3 мыңды, жылқы басы 260,3 мыңды құрап отыр.
Аудандағы жыл басынан бері 8 айлық есепітік көрсеткіш Шопан ата тұқымының 66,911 бас, ешкінің 36,984 басты құрағанын айтады. Өткен жылдың соңғы деректерінде бұл көрсеткіш 84,663-ті (оның ішінде: қой 54 570 бас, ешкі 30 093 бас) құраған еді.
«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» дегендей, қой баққан жан ғана бұл кәсіптің пайдасы мен зиянын, еңбектің машақаты мен зейнетін біледі. Өткен жылы Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров малшылардың мәртебесін көтеріп, олардың зейнет жасын төмендетуді ұсынған болатын. Оның айтуынша, жыл сайын әр өңірдегі білікті әрі озат малшыларды анықтап, оларға Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру керек. «Біз бала кезімізде 100 қойдан 176 қозы алған Социалистік Еңбек Ерлері Жолсейіт Молдасановты, Жазылбек Қуанышбаевты біліп өстік. Өз заманында ол кісілердің қолын алып, жүздесудің өзі мәртебе болатын» деген мәжілісмен. Қазақтың «Балықшы желде, диқан жаңбырда, малшы өлгенде демалады» деген сөзі бар. Сондықтан қала қазағы меймандарына кәделеп асқан етінің ауылдағы ағайынның тынымсыз еңбегі, маңдай тері мен мал бағудың үлкен жауапкершілігі мол шаруа¬сының жемісі екенін естен шығармағаны жөн-ақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамын қадірлей білу қажеттігін баса айтып, келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы уақытты пайдаланып, атакәсіптің абыройын қайта қайырамыз десек, үнемі ат үстінде жүретін малшылардың еңбегін ұлықтағанымыз дұрыс. Білуімізше, тәуелсіздік жылдарында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын қарапайым малшылардың ешқайсысы иеленбепті. Олар бұдан өзге де марапаттардан қалыс қалып жатады.
Оқыды деген екі бет парақты алу үшін 4 жылын сарп етіп, сандықтың түбіне салатын жастардың заманы туғанда аграрлық саланың болашағы бәрімізді алаңдататыны рас. Осыдан кейін қалай дамымақпыз?
Г.САҚТАПОВА

12 қазан 2024 ж. 96 0