Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Базарға қарап тұрсақ, әркім барар...

Базарға қарап тұрсақ, әркім барар...

Ауыл шаруашылығының маңызды саласы – мал шаруашылығы. Біздің аймақ ежелден мал өсіруге қолайлы қоныс. Сондықтан ата-бабаларымыз бұл кәсіп түріне ерекше мән беріп, жесең – ас, кисең – киім, сатсаң – пұл болатын төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келген. Қазіргі таңда елімізде мал шаруашылығын өркендетуге айрықша көңіл бөлініп келеді.  Мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп, қаржылай көмек те көрсетіліп жатыр.Елімізде маңыздылығы жағынан ет наннан кейін екінші тұратындықтан, халық еттің, дәмді, сапалы әрі қолжетімді болғанын қалайды. «Ет жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді» деген сөз бүгінгі күнге дәл айтылғандай. Өйткені елімізде еттің құны өсуде. Бұқараның қалтасына салмақ салып отырған бұл азық бағасының күн сайын ауа райы секілді құбылып тұруы ел-жұрттың да көңіл күйіне әсер ететіні анық. Десек те жаздың аптабы мен қыстың суығында төрт түліктің соңында тынымсыз еңбек етіп жүрген шаруалардың да өзіндік айтар уәжі бар.
«Қонақ келсе – құт» деп қонағының алдына барын  қоятын халықпыз ғой. Сырттан жақын-жуығы келсе немесе құдажол, тойға соятын мал іздеген жанның бірден мал базарынан шығатыны белгілі. Келген соң, әрине, жарам­дысын алғысы келеді. Мал иесі жем-шөптің қымбаттығына қарамай, сатқанда пұл болсын қарасының «күймейтін» бағаға сатылғанын қалайды. Ауылдық жерден әкелетіндердің көлікке төлейтін ақысы тағы бар. Саудалаушы болса «Өткенде келгенімде арзан еді ғой» деп өз уәжін айтады...
Мал базарына барғанымызда қой-ешкі саудалап жатқан бір-жар адамды ғана көрдік. Өзін Жалғас Бақбергенов деп таныстырған азамат:
– Аудан орталығынан шалғай ауыл тұрғын­дары үшін бала-шаға қажетіне деп сататын бірлі-жарлы малына бола көлік жалдау, әрине, қиын. Малдың бабын білетіндіктен бос отырмай, тірлік қылайын деген мақсатпен ұсақ мал алып сатуды кәсіп етудемін. Алған малымды бірден осы жерге әкелемін. Барлық жағдай жасалған. Мына жас жігіт те «Аға, менің де мал сатқым келеді. Азын-аулақ болса да отбасыма нәпақа болсын» деп қасымда жүр», деп қасында тұрған қараторы өңді жігітке қарап қойып: Жұрт көбіне садақа, тойға соятын мал іздеп келеді. Қойды 40, ал ешкіні 20-25 мың теңге аралығында сатудамын, – дейді.
Ал мал базарының иесі Сәкен Ембергенов:
– Мал базарын салып, халық игілігіне беруді мақсат еткенде бордақылау алаңы, мал сою алаңы, тіпті сырттан мал әкелушілерге жағдай жасау мақсатында шайхана ашу да жоспарда бар еді. Мал соятын орынның да құрылысы аяқталды. Тек жарығы мен жылуын орнату қаржыға тіреліп тұр. Қазіргі кезде базарға мал аз келеді. Оған себеп – малды сыртқа таситындар көп. Сондай-ақ халық «сатса – пұл, сауса – сүт, сойса – ет болатын» малдың қадірін біліп, сатуды да азайтуда. Өсіруге мал іздеп келетіндер көп. Бір ғана мысалды айтайын, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қарабұлақ» деген ауылдың атын атағанда, қасапшы қауымның құлағы елең ете қалады. Себебі бұл ауыл 10 мыңнан аса мал басы сыятын мал базарымен танымал. Жылдың қай мезгілінде барсаң да, бұл құтты мекенде төрт түліктің саудасы қыж-қыж қайнап жатады. Тоғыз жолдың торабында орналаспаса да тірлігі түзеліп, шаруасы шалқып тұр. Ал бізде талапқа сай мал базары бола тұра, малды үйден сататындар көп. Олар мұның заңға қайшы екендігін біледі, сонда да қоятын түрлері жоқ, – деп өз ойын айтты.
Мал базары бола тұра үйден мал сата­тындарға байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Арал аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор  Жаңабай Қаныбетов былайша жауап берді:                        
– Мал сату арнайы жабдықталған мал сату орындарында жүзеге асырылуы тиіс. Жануарларды өткізу объектілері қалалық және ауылдық жерлердің шетінде, елді мекендер­ден кемінде зиянды заттар шығаратын өнер­кәсіп­тік ұйымдарға, санитариялық-тех­ни­ка­лық құрылғыларға қатысты жел жағы­нан және тұрғын үйлерге, емдеу-алдын алу мекемелеріне, мәдени-тұрмыстық ғимарат­тарға, балалардың мектепке дейінгі және оқу-тәрбие мекемелеріне қатысты желден ық жағынан елді мекендерден кем дегенде 200 метр қашықтықта орналастырылады.
Жалпы, мемлекеттік, облыстық, қалалық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарынан қашықтығы кемінде 50 метр, темір жол түйіндерінен 300 метр болуы тиіс. Жануарларды өткізу объектісінің аумағына қаңғыбас ауыл шаруашылығы және ет қоректі үй жануарларының енуін, сондай-ақ келушілердің аумаққа белгіленбеген жерлерден өтуіне жол бермеу үшін жануарларды өткізу объектісінің аумағын периметрі бойынша биіктігі кемінде 2 метр тұтас немесе торлы дуалмен қоршайды.
қасапшылық – өнер
Мал сою алаңының ашылуына ұйытқы болған кәсіпкер Күнтуар Жайназаров саудаға  түсетін мал еттерінің сапалы болуына барынша жағдай жасаған. Талапқа сай салынған мал сою алаңында оннан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мал дәрігері С.Ешниязов әкелінген малдың алдымен құжаты тексеріліп, малдың жағдайы қаралатындығын, сол себепті жағдайы жақсы, түрлі ауруларға қарсы егілген, құжаты дұрыс малды ғана союға рұқсат берілетіндігін айта келе: «Мал сою алаңдарында ауру малдар сойылмайды. Орталық базарда орналасқан ветеринариялық зертханада сойылған малдың еті қайтадан тексерістен өткізіліп, таза екендігін растайтын мөр басылғаннан кейін, саудаға шығаруға рұқсат етіледі»  деді.
Үйде бір мал сойылса да, бірнеше адамның жиналып малдың адал және таза сойылуына мән беріп, басы-қасында жүретіні белгілі. Ал мал союға арналған алаңдарда үздіксіз мал сойылатын болғандықтан, мұнда тазалық мұқият сақталуы керек. Бірнеше жұмысшы алаң ішін тынымсыз тазалауда.
Міне, Мұхтар, Асылбек, Ербол, Жеңісбек есімді қасапшылар өз істеріне кірісуде.
– Мал сою келушілердің талабына сай ислам ережелері бойынша жүргізіледі. Ата салтымызда малды бауыздап, артық қанын шығарып союға ерекше мән берген ғой. Мал шошиды деп, көзінше пышақ қайрап, қан-жынды көзіне көрсетпеген. Сойылатын мал мінер жақ қапталымен жығылып, төрт аяғы тең буылып барып бауыздалады. Үш аяғын буып, бір аяғын бумай мал бауыздау, ауыр күнә есептеледі. Малдың қаны мен бездері мал денесіндегі жеуге тыйым салынған заттар. Сондықтан бауыздалған малдың қаны әбден сарқылғанша, жұлынға пышақ тигізбейміз. Жаны әлі шықпаған, қаны толық сарқылмаған малдың жұлынынан пышақпен кесіп жіберсе, малдың жаны тез шығады да, бойындағы қаны толық сарқылмай қалады, – деген Мұхтардың жанындағы серіктерінің де мал союға әбден машықтанған жандар екені байқалып тұр.
Сойылған малдың терісін түсіруге, мал бойындағы қанның толық ағуын қамтамасыз етуге арналған ыңғайлы аспа құралдар, тері өнімдерін тұздап қоятын орын және сойылған еттерді сорғытуға арналған орын, өнімді өлшейтін таразы дейсіз бе – бәрі бар. Өнім әбден даяр болған шақта екінші қақпадан көлікке салу да ойластырылған. Ал мал сою алаңының иесі Күнтуар Жайназаров:
– Орта есеппен алғанда күніне 7-8 бас ірі қара малы сойылады. Десек те, осы мал өнімдерін ұқсатуға келгенде ісіміздің ақсап жатқан тұстары көп. Мысалы, мал терілерін жинап қойып отырмын. Арзан бағаға да өткізетін жер жоқ. Еңбектің де зая кетіп жатқан тұсы осы. Тағы бір мәселе – коммуналдық төлемдер бағасының қымбаттығы. Ал өзім мал сою алаңы ашылғаннан бері қызмет көрсету бағасын көтерген емеспін, – деп өз пікірін жеткізді

Лаура ӘЙТІМОВА

29 ақпан 2020 ж. 558 0