Сақ болыңыз: Алаяқтар енді “Болашақ“ бағдарламасының атынан хат жолдауға көшті
Алаяқтар енді "Болашақ" бағдарламасының әкімгері атынан хат жолдауға көшті. Халықаралық бағдарламалар орталығы шәкіртақы иегерлері мен үміткерлерін сақ болуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алаяқтар адамдарға SMS-хабарлама жіберіп, құпиясөз сұрайтын әдісті қолданатыны анықталды. Тіпті қаражат аударуды талап ететіндері де бар.
"Соңғы уақытта алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Халықаралық бағдарламалар орталығы ешқашан тексеру кодтарын сұрамайды және ақшалай қаражат талап етпейді. Барлық ресми ақпарат біздің ресми байланыс арналары немесе кураторлар арқылы ғана жіберіледі", - деп түсіндірді "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ баспасөз қызметі.
Ведомстволар интернет алаяқтар мен оларға көмектесетіндерді қатаң жазалау жолдарын қарастырып жатыр. Алайда күн сайын түрлі алаяқтық тәсілдер пайда болып, түрлі азамат пен ұйымдардың атын жамылып, ақша тапқысы келетіндер әлі азаймай тұр.
Сурет: massaget.kz