Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасырлық тарихы бар ұжым

Ғасырлық тарихы бар ұжым

Қазақстанның статистика органының құрылған күні 1920 жылдың 8 қарашасы, яғни биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистикасына 104 жыл толып отыр.Қазіргі уақытта ауданның Статистика бөлімінің мамандары облыстық Статистика департаментінің жұмыс жоспарына сәйкес, аудан көлеміндегі мекемелер мен шаруашылықтардан мемлекеттік статистикалық есептіліктер жинақтап, қабылдап, тексеріп, уақытылы тапсыруылуын қамтамасыз етіп отыр. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын зерделейтін есептіліктер әртүрлі, яғни ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда, инвестиция мен тұрғын үй құрылысы, көлік жұмысы, демография статистикасы және тағы басқалар болып келеді.
Осы орайда, статистика саласындағы жаңа жүйелерге де назар аударғым келеді. Бүгінде «Online режимінде деректерді жинау» ақпараттық жүйесі енгізіліп, жұмыс жасауда. Яғни, респонденттер статистикалық нысандарды Интернет арқылы Бюро сайтында сандық қолтаңбаны қолдана отырып толтырып, тапсыра береді. «Талдау» ақпараттық жүйесі пайдаланушыларға ыңғайлы форматта, ақысыз, кез келген уақытта және екі тілде деректердің үлкен көлемін тез арада алуларына мүмкіндік береді.
«е-Статистика» бағдарламасына тұрғын үй қорларының тіркелімі енгізіліп, елді мекендердің әр шаруашылық бойынша кітабы электрондық түрде жүргізу қамтамасыз етілуде.
Арал ауданының cтатистика бөлімінің қысқаша тарихынатоқталатын болсақ, 1942 жылы ауданда халық шаруашылығы есеп инспектурасы жұмыс істей бастағандығы туралы Арал аудандық атқару комитетінің қаулысы бар.
1963 жылы желтоқсанда қайтадан жұмыс жасай бастаған. Қазақ ССР ЦСУ бұйрығымен1968 жылдың тамызында «Арал аудандық машинамен есептеу станциясы» деп аталған.
Қазақ ССР ЦСУ алқасының шешімімен аудандық ақпараттық-есептеу станциясы болып қайта құрылды. Аудандық станция құрамында өнеркәсіп, еңбек, көлік және байланыс бөлімдері, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, күрделі құрылыс, тауар айналымы, денсаулық сақтау секторлары болған.
Кейін Қызылорда облысының Статистика басқармасының «Арал аудандық Статистика бөлімі», 2009 жылдың 1 қарашасынан бастап Қызылорда облысының Статистика департаментінің «Арал ауданының Статистика басқармасы» болып құрылды.
Арал ауданының Статистика бөлімін 1958-1963 жылдары Қуанышбай Мәндібаев, 1964-1986 жылдары Алшынбай Мырзалиев; 1997 жылға дейін Амангелді Әбдібаев басқарды. 1997-1999 жылдары Құрышбек Ізмағанбетов басшы болған мекеме 2000 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін Еламан Сәдібекұлы Қапановтың басшылығында.
Өз өлкесінің дамуына үлкен үлес қосқан басшы азаматтар Қуанышбай Мәндібаев 1960 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен, Алшынбай Мырзалиев «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Еламан Сәдібекұлы да жұмыс жасаған жылдарындағы еңбегі үшін, ауданның, облыстың, Статистика Агентігінің құрмет грамоталарын алып, 2012 жылы «Қазақстан Республикасы Статистикасының үздігі» төс белгісімен марапатталды.
Бүгінгі күні арамызда жүрген, аудандағы статистикалық есеп жұмыстарына елеулі үлес қосқан  Патима Жүргенова 25 жыл, Өмірзақ Игіліков 36 жыл, Рысқал Мәндібаева 21 жыл, Жұпаркүл Шынжанова 42 жыл статистика саласында еңбек етіп, қазір статистика саласының зейнеткерлері.
Қазіргі уақытта ауданның статистика бөлімінде басшыдан басқа, бас маман Қайрат Медеубайұлы, екі жетекші маман Айнаш Досқабылова мен Райкүл Хангелдіқызы және 4 техникалық жұмысшы, 4 сұхбатшы жұмыс жасайды.
Бөлім қызметкерлері де өздеріне жүктелген міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, өз біліктіліктерін үнемі арттырып, ізденіспен жұмыс жасауда. Жақсы еңбек етіп, көзге түскен бірқатар бөлім қызметкерлері облыстық статистика департаментінің алғыс хаттарымен, грамоталарымен марапатталды. Ауданның мерекелік іс-шараларына да үзбей қатысып келеді.
Ауданның статистика бөлімінің қызметкерлерімен қаншама ақпараттар мен көрсеткіштер дайындалып, жұртшылыққа жедел жетіп жатыр. Олардың қоғамның шынайы келбетін ашық көрсетудегі атқарып жатқан үлестері зор.

Г.САҚТАПОВА

05 қараша 2024 ж. 71 0