Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа бағыт, тынымсыз ізденіс, оң нәтиже

Жаңа бағыт, тынымсыз ізденіс, оң нәтиже

Білім саласын бір сәт назардан тыс қалдырмаған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әр жыл сайын жағымды жаңалықпен қуантып, тиісінше тапсырма жүктеп келеді. "Мемлекеттің тірегі – адал азаматтар. Елімізде осы қағидаға негізделген жаңа қоғамдық этика орнығуға тиіс. Қазақта "Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы" деген сөз бар. Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы керек. Жас ұрпақ әділ, адал, үнемшіл, еңбекқор, білімпаз, отаншыл әрі жанашыр болуға ұмтылуы керек. Ұлттың жаңа сапасы дегеніміз – осы" деген Мемлекет басшысының сөзі расында дамыған елдермен терезе теңестіріп үлгерген Қазақстанның келешекке күмәнсіз қарауына негізделген.
Жауапкершілік жүктелді. Ал жұмыс соған сай жүйелілігін де жоғалтпауы керек. Шығыс ойшылы, ұлама ғалым Әбу насыр Әл-фараби «Адамға ең бірінші – білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас-жауы. Ал келешекте оның барлық өмірін апат етеді» дегені тарихтан жеткен тәмсіл болғанымен ақиқат қалпында қалып келеді. Міне, барлық ұстазға ұстаным болған осы жолда №71 орта мектебінде білім сапасындағы олқылықтардың алдын алу, оқушылардың білім жетістігін саралау арқылы педагог қызметкерлердің кәсіби шеберлігін жетілдіру, аттестаттау шарасына дайындығын ұйымдастыру мақсатында «Қосымша білім беру: Жаңа бағыт, тынымсыз ізденіс, оң нәтиже» атты әдістемелік шара өтті.
Әлбетте өшпес кәсіпті, өнегелі мамандықты өмірлеріне серік еткен ұстаздар қауымы тек баланың бағбаны ғана емес, жан-жақты қалыптасқан тұлға болуы қажет. Сонда ғана болашақта білімді маман, білікті азамат тәрбиелей алады. Осы мақсатта шара аясында «шығармашыл ұстаз – жаңашыл ұстаз» тақырыбында дидактикалық көрме ұйымдастырылып, сонымен қатар, «тәжірибе – таным көзі» атты оқушыларға сыныптан тыс үйірме жұмысы, «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» тақырыбында мектеп оқушыларына арналған тапсырмалар дайындалды. Бұл ұжымдағы тәжірибелі мамандар мен жастардың өзара пікір алмасуына жағдай тудырды. Сонымен қатар, мектеп кітапханашысы Гүлсім Қосмамбетованың  ұйымдастыруымен «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектеп ұстаздары мен ата-аналарына библиографикалық шолу өткізілді. «Балалар кітапханасы» бағдарламасына ұсынылған 1770 атаудан тұратын тізімге сәйкес мектеп кітапханасына келіп түскен 34 атаудан тұратын көркем әдеби кітаптармен  таныстырды. Осылайша балғындар санасында "тірең білім кітапта" деген түсінікті жеткізе алдық.
Әлбетте "мектеп" десек ұстазбен қатар шәкіртті елестету заңдылық. Шара барысында «Білімді ұрпақ – болашақ жетістігі» тақырыбында мектеп оқушыларын олимпиадаға дайындау және түсіндірме жұмысын жүргізу мақсатында шеберлік сыныбы өткізілді. Білім алушыларды ынталандырып, талантты оқушыларды анықтау, білім сапасын арттыру мақсатындағы дүние көптеген тәрбиелік негіздегі «Табиғат сенің өз үйің» атты экологиялық акциямен жалғасты. Тазалық мәдениетін мектеп жасынан үйрене білген бала патриоттық тәрбиеге еркін сусындайтынын тәжірибесінен таныған ұстаздар мұнан бөлек өзге де шараларға арқау болды. Нақтырақ «Құрғақ жүнмен жұмыс» тақырыбында оюларды әсемдеу жұмысы, «Шекіме әдісі» көмегімен қаңылтыр бетіне бедер түсіру арқылы түрлі бейнелер салынып еңбекке де дағдыланды.
Тағы бір қуанатынымыз қазірде "үштаған" аталып кеткен мұғалім, оқушы, ата-ана байланысы көрініс тапқаны. Шындығында дәл бүгінгі уақытта ата-аналардың мектеппен байланысы сирей түскен кезеңде балалары үшін белсенділік танытатын жандардың көп болуы үлкен қуаныш. Мектеп өмірін, баласының білімін және істеліп жатқан жұмыстарға куә болған олар ұлағатты кәсіп иелеріне алғысын айтып, шараны қорытындылады.

Маржан ҚОЛДАСОВА,
№71 орта мектебінің мұғалімі
11 қараша 2024 ж. 69 0