Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою

Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою

Халықаралық қарым-қатынастардың дамуына байланысты, бір мемлекеттің сот органдарынан шыққан құжатты екінші мемлекеттің аумағында ұсыну қажеттілігі туындап жатады. Осындай кездері, сот актісі ресми құжат мәртебесіне ие болуы үшін, яғни ол шет мемлекеттерге жолданар алдында міндетті түрде заңдастырылады, яғни апостиль қойылуы тиіс.
Апостиль дегеніміз - құжатқа қол қойған адамның қолын және оның өкілеттіктерін, сондай-ақ осы қағаз немесе электрондық нысандағы құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын растайтын арнайы мөртаңба.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының 2020 жылғы 13 сәуірдегі № 13 бұйрығымен бекітілген "Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою" жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары осы мемлекеттік қызметті көрсету тәртібін айқындайды.
Онда, қызмет көрсету процесінің сипаттамалары, нысаны, мазмұны мен нәтижесі, сондай-ақ өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі қамтылған. 
"Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою" жөніндегі мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі және оның облыстардағы, республикалық маңызы бар қалаларда және астананың аумақтық бөлімшелері көрсетеді.
Азаматтар үшін әкімшілік кедергілерді жеңілдету мақсатында сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою бойынша мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстары оңтайландырылған. Оңтайландыру процесі көрсетілетін қызметті алушылардың мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған және апостиль қойылған құжаттарды барынша қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді.
Құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап қызмет көрсету мерзімдері:
портал арқылы жүгіну жағдайында
-1 жұмыс күнін; облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада орналасқан Мемлекеттік корпорация филиалдарының бөлімдеріне - 1 жұмыс күнін; Мемлекеттік корпорация филиалдарының басқа бөлімдеріне - 5 жұмыс күнін; Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінің өтініштері бойынша – 5 жұмыс күнін құрайды.
Құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Мемлекеттік қызмет ақылы түрде көрсетіледі. Әрбір апостиль қойылатын құжат үшін айлық есептік көрсеткіштің 50 пайызы мөлшерінде мемлекеттік баж алынады.
Апостильденген құжат кез-келген басқа аттестациялауды немесе өзгедей заңдастыруды талап етпейді.

М.ЖИЕНБАЕВ
Арал аудандық сотының жетекші маманы
11 қараша 2024 ж. 51 0