Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОЛДАУДЫ ТАЛДАУ: ЕКІ ЖЫЛДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

ЖОЛДАУДЫ ТАЛДАУ: ЕКІ ЖЫЛДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көптеген салалардағы кемшіліктер, өзгерістер енуге тиіс нормалар мен алдағы уақытқа негізделген бағыт-бағдарлар қамтылғанын байқадық. Осы тұста «былтырғы мен биылғы Жолдаудың қандай айырмашылығы бар?» деген сауал туындауы мүмкін. Соны да бір саралап көрдік.
Еңбек адамы еленді
Бірінші мазмұннан бұрын сыртқы сипаттарға назар аударған жөн. Ең әуелі, осыған дейінгі Жолдау-жиындарда шенеуніктер – министр, әкімдер және Сенат пен Мәжіліс депутаттарының қарасы көптеп ұшырасатын. Ал биыл Үкімет үйінде өткен Жолдауда аталғандарға қоса түрлі сала бойынша білікті сарапшылар, қоғам белсенділері және еңбек адамдары шақыртылғанын байқауға болады.
– Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін  жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек.
Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады.
Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді, – деді Президент.
Көзге түскен екінші өзгешелік, былтырғы Жолдау мәтініне үңілсек, 7682 сөзден, 916 жолдан тұрса, биыл 9 тармаққа бөлініп, 7035 сөзге, 834 жолға ықшамдалыпты.
Түйістіруші тұс – экономика
Алдымен назар аударатын дүние, біз шолғалы отырған екі Жолдауды да түйістіруші тұс – экономика. Бұл түсінікті де, жаһандық саясаттағы ықпал экономикаға, халықтың әл-ауқатына байланысты екені даусыз. Былтыр өнеркәсіпті дамыту, импортқа сүйенбеу, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, экономиканы әртараптандыру, шикізат секторына тәуелділікті азайту мен логистика саласы айтылған еді. Азаматтарға тең мүмкіндік беретін тұрақты және әділ экономикалық жүйе құру жоспарланған болатын. Бұл қатарда шетелге заңсыз шығарылған капиталды қайтару, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту тиек болды.
Кейінгі кездері Үкіметтен бұрын Жолдауда айтылған тапсырмалардың орындалу есебін сұраушылар көбейді. Таяуда жалпы экономика саласының дамуы, былтырғы Жолдаудағы тапсырмалардың орындалуы жөнінде Премьер-министр Олжас Бектенов есеп берді. Айтуынша, 2029 жылға дейін ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға жеткізуге мемлекет күш салуда. Ол үшін елде қайта өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, ақпараттық технологиялар мен түрлі заманауи жобалардың жүзеге асырылуы көзделіп отыр.
Бектеновтің сөзінше, Үкімет отандық тауар өндірушілерге қолдауды күшейтіп, құны 15 трлн теңгеден асатын 17 ірі жобаны қолға алған. Соның арқасында 26 мың жұмыс орны ашылып, импортқа тәуелділік 1,5 трлн теңгеге азаймақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру 4 есе өсіп, 580 млрд теңгеге жеткен екен. Кейінгі екі жылда ауыл тұрғындары 100 млрд теңгеден аса шағын несие алып, 20 мыңға жуық азамат кәсіп ашқан.
Халықтың әл-ауқаты турасына келгенде, Үкімет Президенттің ең төменгі жалақыны көтеру туралы тапсырмасын іске асырғанын мәлімдеген. Мәселен, 2024 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге өсті. Бұл қалай әсер етеді деуіңіз мүмкін, ең төменгі жалақының өсуі арқылы 2 млн азаматтың табысы артты. Дегенмен бұл тұста инфляцияның барын жасырмаған абзал. Президент Жолдаудан тыс әр кез Үкіметке инфляцияны ауыздықтауды тапсырады. 2023 жылдың қорытындысында инфляция деңгейі 9,8 пайызды құраса, биыл маусымда деңгей 8,4 пайызға төмендегені мәлім болды.
– Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын.
Мен биыл мамыр айында «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжатта көрсетілген талаптар мүлтіксіз орындалуға тиіс.
Мемлекеттің экономикадағы тікелей үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Мұндай ахуал нарықтағы теңдік шарттарын бұзады, жеке бастамаларға тосқауыл болады.
Елімізде мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясаты әлі де тиімсіз екенін мойындаған жөн. Олардың мақсат-міндетін, қызмет аясын, қаржыландыру тәсілдерін және жұмысының басқа да тұстарын тиісті заңдармен реттеу қажет. Сонымен бірге холдингтер мен Үкіметтің арасындағы қаржы мәселелеріне қатысты ұстаным тұрақты әрі жүйелі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әйткенмен кей кемшіліктердің орны толмай жатқанын ашық айтуымыз керек. Ауылдарда білікті кадр мен заманауи технологияның тапшылығы, кәсіпкерлерді қолдауда бюрократиялық кедергі мен қаржы тапшылығы бар. Оны биыл Президент те айтты. Үкімет шағын және орта бизнесті дамыту үшін қаржылық көмектен бөлек, жайлы бизнес орта жасап, әкімшілік кедергіні жою жағын ойластырғаны дұрыс.
Биыл бюджетке үнем керек
Шынымен де биылғы Жолдау былтырғының реттілікті сақтаған заңды жалғасындай көрініс тапты. Себебі мұнда да басымдық экономика саласына ауған. Саяси мәселелерден гөрі экономика, өндірісті дамыту жөнінде көбірек айтылды. Бұның себебі түсінікті де, әлемдегі геосаяси ахуалдарға қарамастан Қазақстан дипломатия арқылы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етері анық.
Әуелі Президент елдегі орта бизнестің даму деңгейін сынға алып, 2029 жылға қарай бұл саланың ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізуді тапсырды. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шегінде ғана. Әрі саладағы қолдаудан кәсіпкерлердің көбі хабарсыз болып шықты.
Енді кезек – бюджет қаржысын тиімді жұмсау. Мемлекет басшысы тапшылықты желеу етіп Ұлттық қорға қол сала беруге болмайтынын алға тартты. Қазір Қазақстанда бюджет тапшылығы бар, кіріс аз, шығын көп.
Сол үшін дебюджетке түсетін кірісті көбейту үшін салық саясатын қайта қараудың маңызы зор. Егер мемлекет кейбір негізсіз салықтық жеңілдіктерді алып тастайтын болса, қосымша 3 трлн теңге көлемінде табыс түсіре алады. Бұл банктерге де қатысты, халықаралық сарапшылар Қазақстан банктерін әлемдегі ең көп пайда табатын банктер санатына жатқызған, сондықтан банктер дивидендіне сәйкес салық төлеуге тиіс.
Бюджет тапшылығына әсер етіп отырған тағы бір фактор – шикізат экспортына тәуелділік. Мәселен, мұнайдың әлемдік бағасы ауытқыса, бюджет қоса теңселеді. Бұған инфляция мен валюта нарығының тұрақсыздығы сияқты сыртқы экономикалық факторлар қосылуда. Міне, осы жолғы Жолдауда айтылған ескертпелер Үкіметтің келешектегі бағдарына айналуы шарт.
Экология мен заң идеологиясы
Бағамдасақ екі Жолдау да тек экономика тақырыбының аясында шектелді дей алмаймыз. Былтыр жаһандағы саяси сын-қатерлер жайы, «ішкі және сыртқы сынақтарға қарсы күш біріктіру» тақырыптары сөз болғаны белгілі. Сондай-ақ елдің әскери әлеуетін көтеру мен цифрлы технологияны дамыту жөнінде де айтылды. Бұдан бөлек, Көлік, Құрылыс министрлігі құрылып, спорт саласы мәдениеттен бөлініп, туризмге қосылған. Қазір су ресурстары Орталық Азия елдері үшін күрделі проблемаға айналып барады. Себебі табиғи процестер бұзылған. Былтырғы Жолдауда осы мәселе ескеріліп, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.
Ал биыл нфрақұрылымды жақсарту, туризмді дамыту және экологияны қорғау мәселесін басты күн тәртібіне шығарды. Қазақстан жерінің 10 пайызы ғана орманды алқапқа жатады. Қазір шаруалардың ең басты уайымы құрғақшылық болып тұр. Сондықтан Президенттің бұл тақырыпты түртіп айтуына негіз бар.
Бұған қоса, мемлекеттік басқару ісінде ашықтық қажет екені қайталанып айтылды. Осыған дейін ауыләкімдері сайлау арқылы іріктелген болса, ендігі кезек қала және аудан әкімдеріне келмек. Яғни, жергілікті халық шаһар басшысын өздері таңдайды. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын орнықтыру талап етілді. Осы істердің бәрі экономикалық үдерістермен қатар атқарылғаны жөн.
Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады
Иә мұнда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды.
– Мен жуырда Қарағанды облысында болдым. Сол кезде «Qarmet» металлургия комбинатына бардым. Отандық инвестор келген соң, ондағы ахуал едәуір тұрақталды. Кәсіпорын жаңғыртыла бастады. Бұл қадам өндірілетін өнім көлемін айтарлықтай арттыруға тиіс.
Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды. Соның арқасында бұл елді мекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет. Жалпы, аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек.
Биыл арнайы Жарлықпен Алатау қаласы құрылғанын білесіздер. Бұл қала қарқынды дамитын, инновация кеңінен қолданылатын әрі білікті мамандар жұмыс істейтін орынға айналуы қажет. Үкімет онда жайлы өмір сүріп, табысты еңбек етуге, инвестиция салуға қолайлы жағдай жасауға тиіс.
Автокөлік құрастыру ісінде оң нәтижелер бар. Осы қарқынды сақтап, жергілікті өндіріс көлемін ұдайы арттыру керек. Мемлекеттің автокөлік өнеркәсібіне көрсетіп жатқан жан-жақты қолдауы түптің түбінде толыққанды автокөлік құрастыру кластері ретінде елдің игілігіне айналуы қажет, – дейді мемлекет басшысы.
Түйін. Түптеп келгенде былтырғы жұмыс биыл және алдағы жыл да жалғаса бермек. Басты бағыт елдің өмір сүру сапасын арттыру.

Айдар САЙЛАУОВ
12 қараша 2024 ж. 106 0