Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » КАДРДЫҢ ҚАДІРІН АРТТЫРАТЫН ЖЫЛ

КАДРДЫҢ ҚАДІРІН АРТТЫРАТЫН ЖЫЛ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың  2 қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының бесінші бағытында Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңыздылығын, кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе, бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам екендігін атап айтып: «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы міндетті орындауға бар күш-жігерімді саламын» деді.
Жұмысшы мамандарын даярлауда Арал көпсалалы колледжі үлкен қызмет атқарып келе жатқан оқу орны. Бұл – тарихы терең білім ұясы. Арал көпсалалы колледжі алғашында 1959 жылы 23 желтоқсанда Арал ауданының Сульфат поселкесінде №169 селолық кәсіптік-техникалық училище болып ұйымдастырылды. Қазіргі таңда нарық сұраныстарына орай колледжде ауылшаруашылығы саласына өндірістің тракторист-машинисі, автокөлік жөндеу слесары, құрылыс саласының мамандары, маркетинг, есептеу техникасы және бағдарламалық қамсыздандыру мамандықтары бойынша жұмысшы мамандарды дайындайды. Білікті маман дайындау үшін ең әуелі білім ұясының материалдық-техникалық жай-жағдайы жақсы болуы керек.
Училищенің 1973 жылы Арал қаласында филиалы ашылып, 1974 жылы толықтай көшірілді. Оқу-тәрбие және өндірістік жұмыстарда жеткен табыстары үшін 1989 жылы экспериментальды-тірек училищесі болып аталды. Ал еліміз Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін 1993 жылы №16 Арал жоғары кәсіптік-техникалық лицейі дәрежесін алды. 1998 жылдан №2 кәсіптік-техникалық лицейі, 2002 жылдан бастап №2 Арал кәсіптік лицейі деп аталды. Оқу орнынан алғашқы жұмысшы мамандықтарын алған Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қуаныш Бердімағанбетов бастаған қаншама ауыл шаруашылығының қызметкерлері ел игілігі үшін ерен еңбек еткен.
Жастарды ынталандырудың негізгі шараларының бірі техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша кадрлар даярлауда мемлекеттік білім беру тапсырысын көбейту арқылы техникалық және кәсіптік білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында 2013 жылдың қаңтар айынан бастап «Арал көпсалалы колледжі» мемлекеттік мекемесі, ал 2014 жылдың қаңтар айынан бастап «Арал көпсалалы колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып құрылды.
Колледждің жалпы ауданы – 70 380 шаршы метр. Колледжде 8 ғимарат бар. Олар: 2 оқу корпусы, 4 шеберхана, 4 зертхана, техникалық қызмет көрсету орталығы, гараждар. Теориялық 20 оқу кабинеті, мультимедиялық 2 кабинет, медпункт, спорт залы, акт залы, кітапхана студенттер үшін тиянақты қызмет жасайды. Корпустың әр оқу қабатында wi-fi роутер орналастырылған. Оқу жоспары мен оқу бағдарламаларының орындалуын қамтамасыз ету және мамандар даярлау мақсатында барлық оқу кабинеттері, шеберханалар мен зертханалар қажетті жаңа үлгідегі оқу-өндірістік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Иә, колледждің оқу кабинеттері, оқу алаңдары, оқу-өндірістік шеберханалары, спорт алаңдары санитарлық талаптарға және белгіленген жалпыға міндетті стандарттарға сәйкес келеді.
Су-кәріз жүйелерімен, жылу және электр қуатымен және қысқы маусымға дайындығы толық қамтамасыз етілген. 2020 жылғы жылу маусымында газдандыру жұмысы іске қосылып, қазіргі таңда жұмыс жасап тұр. Дәрісханалардың оқу алаңдары 12-25 студентке есптелген. Бір оқушыға есептелген пайдалы оқу алаңының санитарлық нормалары сай. Колледждің оқу ғимараттары мен жайларының бір студентке нақты пайдалы алаңдары бар. Колледжде спорт залы, ашық спорт алаңы бар. 2006 жылы салынған 25 орындық жатақхана өз өтініштеріне сәйкес ауылдық жерден келген студенттерді жатын орынмен қамтамасыз етіп отыр.
Ауылдық жерден және елді мекендерден келген 35 студент жатақханамен қамтамасыз етілген. 2022 жылы жатақханада ауылдық жерлер мен елді мекендерден келген 18 студент жатты. Студенттер жатын бөлмеге орналастырылған. Бөлмелер қажетті құрал-жабдықтармен, wi-fi жүйесімен жабдықталған.
Колледжде даярланатын мамандықтар жалпыға міндетті білім беру стандартына сай оқу жоспарларының жалпы білім беру, базалық модульдер, кәсіптік модульдер циклы бойынша базалық білімі мен біліктілігі сәйкес келетін оқытушылармен, өндірістік оқу шеберлерімен толық қамтамасыз етілген.
Тиімді кадрлық саясат жүргізу, қызметкердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын, тараптардың өзара жауапкершілігін қамтамасыз ету мақсатында бөлім меңгерушілері мен оқытушылар, өндірістік оқу шеберлері еңбек шартын жасау жолымен жұмысқа қабылданған. Еңбек шартында оның әрекет ету мерзімі, тараптардың құқықтары, міндеттемелері мен жауапкершілігі, еңбек шартын тоқтату және бұзу негіздері, еңбекақы төлеу және еңбекті ұйымдастыру шарттары көрсетілген.
2022-2023 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс негізінде 9-шы сынып базасында 82 студент оқуға қабылданған. Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану – 19, ауылшаруашылығын механикаландыру – 18, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету – 16, электр жабдықтары – 14, сандық техника – 15 студент.
2022-2023 оқу жылында барлығы 337 студент білім алды. Олардың 322-і 9-сынып базасында, 15-і 11-сынып базасында оқуға қабылданғандар.
2022 жылы 1 шілдеге курстан курсқа жергілікті бюджеттен 232 студент, нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 23 студент көшірілген. 2022 жылғы 29 маусымдағы №37 бұйрықпен жергілікті бюджеттен 196 білім алушыға шәкіртақы тағайындалған, олардың 5-еуі үздік, 2-еуі мүгедек студент. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 23 студенттің барлығы да шәкіртақы алған. 2022 жылы қыркүйекте жергілікті бюджеттен 82 студент оқуға қабылданып, жергілікті бюджеттен 278, нәтижелі жұмыспен қамту бойынша 23 студент шәкіртақы алған.
Оқу-тәрбие үдерісін саналы да сапалы мамандар даярлау барысында колледжде «Студенттік парламент», «Саналы ұрпақ» еріктілер клубы, «Ұшқыр ой» дебаттық клубы, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары жұмыс жасаған. Колледждің «Ұшқыр ой» дебаттық клубы жылдық жоспары бойынша өз жұмыстарын атқарған. Клуб құрамында 12 студент бар. Клубқа колледждің жас ұстазы Ғалия Асқарова жетекшілік жасаған. 2021 жылы дебаттық клуб командасы «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» тақырыбында өткен Қызылорда облыстық студенттер пікірсайыс турнирінде жүлделі ІІ орын иеленді.
Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы және парасаттылық идеологиясын ілгерілету бойынша колледждің «Саналы ұрпақ» еріктілер клубы жұмыстар атқарған. Клуб жетекшісі, қоғамдық пәндер мұғалімі Айгүл Қожамсүгірова құқық қорғау мекемелерімен бірлесіп студенттермен кездесулер, диспуттар, жиналыстар өткізіп тұрды.
Студенттердің Отанға, туған елге деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттарды тәрбиелеу мақсатында колледжде «Жас сарбаз» клубы тұрақты түрде жұмыс жасап тұр. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімімен бірігіп, түрлі шаралар өткізіп келеді. Клуб құрамы 50 студентті құрайды.
Колледжде оқу үдерісін ұйымдастыру оқытудың дуалды, модульдік-құзіреттілік, модульдік-кредиттік тәсілдерімен ұйымдастырылған. «Арал көпсалалы колледжі» КМҚК-не білім алушыларға практикалық жұмыстар жүргізу түріндегі оқу мақсаты үшін Арал ауданы, Аралқұм ауылдық округі «Шеңгене базы» өңірінен көлемі 2000 га жер учаскесі тұрақты пайдалануға беріліп, қазіргі таңда ірі қара және ұсақ малдары бар қосалқы шаруашылық жұмыс жасап тұр.
Колледжде қазіргі таңда оқыту процесі бойынша оқытудың дуалды әдісімен 73 студент, модульдік-құзыреттілік әдістеме негізінде 74 студент, модульдік-кредиттік әдістеме негізінде 196 студент білім алуда. Білім алушылар дуалды оқыту бойынша ауданымыздағы өндіріс орындарында, шаруашылық серіктестіктер мен мекемелерде өндірістік тәжірибеден өтіп, мамандық бойынша теориялық алған білімдерін тәжірибе жүзінде одан әрі шыңдайды. «Аралтұз» АҚ, «Арал құрылысы» ЖШС, «Аралагропромтехника» ЖШС, Аудандық халыққа қызмет көрсету мекемесі және тағы басқа мекемелермен өндірістік тәжірибеден өту туралы келісім-шартқа отырған. және жоспарлы түрде іске асырылып келеді.
Жалпы алғанда, кәсіпорынға бөлінген қаржыға тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижелілік және тиімділікке қол жеткізіп, өнімді жұмсалуы байқалады.
Арал көпсалалы колледжі 2019 жылы АҚ «АТҚО»-нан институционалды және мамандандырылған аккредиттациядан 5 жылға барлық 7 мамандық бойынша акредиттеуден өткен. Олар: маркетинг, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, фермер шаруашылығы, ауылшаруашылығы техникаларын жөндеу және күту, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары, ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану.
2015 жылы аймақ басшысының қатысуымен «Аралтұз» АҚ дуалды оқыту жүйесін енгізу мақсатында меморандумға қол қойылды. «Аралтұз» Акционерлік қоғамы президенті А.Тауасаров, Облыстық Білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев, Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы директоры Г.Жақсылықов және төртінші жақ колледж болып, төртжақты келісім-шартқа отырып, алдағы атқарылған жұмыстар талқыланып мамандар дайындау мәселесі айқындалды.
Сонымен қатар, «Құзыретті мамандар дайындаудағы әлеуметтік серіктестердің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелде құзыретті мамандар даярлауды жұмыс берушілермен бірлесіп жүргізу және дуальды оқытудың элементтерін енгізу мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстелге колледждің әлеуметтік серіктестері және колледждерден оқытушылар қатысты. Сондай-ақ дөңгелек үстелде оқушылардың өндірістік практикасы өткізілетін әлеуметтік әріптестермен «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК Арал аудандық бөлімі, ЖШС «Набат-2000», «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» мекемелерімен келісім шарттар жасалып, қол қойылды. Білім алушылардың колледжді бітіруші түлектердің кәсіби маман болуы, нарық талабына сай келетін, жеке кәсібін ашып бизнеске бастама беру мақсатында Облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерінің қатысуымен семинар ұйымдастырылды. Студент жастарға нақты еңбек нарығы жағдайына бейімделуге, білім беру сапасын және болашақ кәсіби қызметінде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған жобалармен таныстырды.
Иә, елімізді соңғы жылдар бедерінде техникалық және кәсіптік білім беруге айрықша ден қойылуда. Яғни мектеп табалдырығынан шығып арман қуған жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау, мамандарды қайта оқыту арқылы қоғамға нағыз қажетті мамандарды дер кезінде даярлап үлгері және олардың біліктілігін көтеру-егемен еліміздің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі болып келеді.

Е.ЗЕЙНЕТҰЛЫ
21 қараша 2024 ж. 49 0