Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

Құрылысшының жұмысы – ғасырлар бойы сақталатын мұра. Әрине сапалы салынса! Тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, инженерлік, өндірістік және көлік инфрақұрылымын салу жөніндегі мемлекеттік міндеттердің сәтті шешімі құрылысшылардың біліктілігі мен шеберлігіне байланысты. Аудан айбынын арттырып, сымбатына сән қосып, экономиканың өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін құрылыс индустриясын дамытуда құрылысшылардың үлесі айрықша. Дегенмен уақытылы орындалатын уәде мен халық алдындағы жауапкершілік басты назарда болуы тиіс.Осыған орай аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев құрылысшылармен жиі пікірлесіп, жұмыс барысын қадағалауда ұстау керегін үнемі айтып келеді. Жақында ғана А.Сақыпұлының төрағалығымен аудандағы құрылысы саласының мамандары және құрылысшылардың қатысуымен мәжіліс те өтті.
Жиынға Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Ғанижан Қалиев қатысып, аудан аумағындағы құрылыс нысандарының сапасына қатысты бақылау жұмыстарының нәтижесін айтты.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес ауданда салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасын бақылау, мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында аудан аумағындағы барлығы 17 құрылыс нысаны тексерілген. Оның 7-еуі жол құрылысы болса, 7-еуі әлеуметтік маңызы бар нысандар. Ал қалған 3 нысан инженерлік желілер.
Бақылау қорытындысына сәйкес барлық нысанның техникалық талаптары заңдылыққа сай жүзеге асырылып жатқаны айтылды.
Жиында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы және қаладағы темір жолдың үстінен өтетін көпір құрылысының сапасына қатысты бақылау жұмыстары күшейтілетіні сөз болды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сатып алынатын 150 пәтерлі 75 тұрғын үйдің сапасына қатысты да кемшілік болмау керек.
Бұдан бөлек, көпшіліктің көкейінде жүрген инженерлік-инфрақұрылым желілері, яғни көгілдір отынмен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу мен салу, абаттандыру, ауыз су және тағы да басқа маңызды мәселелер бойынша тиісті бақылау жұмыстары жүргізілген.
Мәжіліс барысында жиынға қатысушылардан құрылыс саласына қатысты ой-пікір, ұсыныстар айтылып, аудан әкімі А.Оңғарбаев көтерілген мәселелерді назарға алынатынын жеткізді. Әрбір құрылыс нысанының сапасы мен уақытылы қолға алынуы жіті бақылауда болады.
«Толқын» ақпарат
26 қараша 2024 ж. 52 0