Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіптік біліммен мемлекеттік қызметке

Кәсіптік біліммен мемлекеттік қызметке

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2024 жылдың 2 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Кәсіптік білім беру саласында реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам» - деген болатын. 
Бұл бағытта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен үлкен жұмыстар қолға алынды. Соның бірі Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен бекітілген мемлекеттік қызметті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы. 
Аталған тұжырымдамада мемлекеттік қызметті кәсібилендіру тетіктері қарастырылған. Онда: кәсібилендіру талант – менеджмент, кадрларды тиімді іріктеу, кәсіби қызметті бағалау, оқыту және әділ еңбекақы төлеу жүйесімен байланысты дағдылар мен білімді жетілдіруге арналған мансаптық ілгерілету жүйесі сияқты персоналды басқару тәсілдерін қамтиды. 
Осыған байланысты жоғары нәтиже көрсеткен колледж түлектерін салалық органдарға жұмысқа қабылдау мүмкіндіктері де қарастырылуда. 
Бүгінгі таңда облыстың колледждеріне кәсіпорындардың сұранысы бойынша мақсатты даярлау енгізілуде. Кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша 2022 жылы – 119, 2023 жылы  - 251, 2024 жылы – 356 талапкер әңгімелесу арқылы колледждерге оқуға қабылданған. Бұл ретте, кәсіпорын колледжбен мақсатты даярлау бойынша шарт жасасады, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады, студенттерден қорытынды емтихан қабылдайды, оны практикадан өткізіп, бітіргеннен кейін жұмысқа орналастыруды өз міндетіне алады. 
Байқағанымыздай колледж қабырғасынан шыңдалған жас маман кәсіпорында өз біліктілігін арттырады. Енді осы мамандарды мемлекеттік қызметке әкеліп, іс жүзінде көрген тәжірибесін мемлекеттік басқаруда жүзеге асырып, мансаптық ілгерілеуіне жол салынатын болады. 
Бұл ретте, мемлекеттік қызметті іріктеу барысында үлкен реформалы өзгеріс болып жатқандығын айтып өткен жөн. 
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2023 жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін пилоттық режимде сынақтан өткізуде. 
Осы «Е-қызмет» порталында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі енгізілген. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге белгіленген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен қатысуға мүмкіндік береді.
«Е-қызмет» жүйесі барлық негізгі ақпараттық жүйелермен біріктірілген. Үміткер туралы өзге ақпараттық жүйелерден ақпарат алу, оның соттылығын немесе өзге де құқық бұзушылықтарға қатыстылығын тексеру, біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау – мұның бәрін жүйе автоматты түрде өзі жасайды. 
Конкурс ықпалдастырылған ақпараттық жүйенің "eqyzmet.gov.kz" сыртқы интернет-порталында жүзеге асырылады, яғни ешқандай тікелей байланыссыз онлайн түрде жүргізіледі.
Конкурсқа қатысу үшін үміткерге интернет, компьютер және веб-камерасының болуы жеткілікті. Осы құрылғыларды пайдалана отырып, үміткер жеке сәйкестендіру нөмірін және ЭЦҚ енгізу арқылы жүйеде тіркеледі және конкурсқа қатыса алады.
Конкурсқа қатысушы үміткер туралы ақпарат жасырын болады. Бұл өз кезегінде, конкурс барысына адами факторлардың араласуына жол берілмейді. 
Қазіргі таңда Республика бойынша бірқатар мемлекеттік органдарда мыңнан аса конкурс осы жүйе арқылы өткізіліп, өз нәтижесін көрсетуде. 
Жаңа жүйенің артықшылығы – мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жойып,бюрократиядан арылтып, талабы бар талантты жастардың мемлекеттік қызметке келуіне өз септігін тигізетін болады.
 Ж.Қ.Шынтасов
ҚР Мемлекеттік қызмет агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің
басқарма басшысы 
26 қараша 2024 ж. 181 0