Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс арқалаған адвокат

Алғыс арқалаған адвокат

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында "Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Шындығын айтқанда, елімізде әлеуметтік салада, экономика мен саясатта көптеген жүйелі мәселе қордаланып, азаматтардың мемлекет пен билікке деген сенімсіздігі арта түсті. Бұл мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейді, ұлттың жасампаздық мүмкіндіктерін шектейді. Сондықтан мемлекеттік саясатымызда әділеттілік идеясы ең маңызды болуы тиіс. Біздің бүкіл ұлттық идеологиямыз Әділет идеясымен сіңетін болады. Біз қабылдаған әрбір шешімнің, әрбір әрекетіміздің негізінде әділдік идеясы болады. Біздің басты байлығымыз бен бәсекелестік артықшылығымыз – адамдар. Сондықтан біз "адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін" деген формуланы берік ұстанатын боламыз" деген еді.
Иә, расында елдегі әділдік жайында сөз қозғала қалса, заң саласының қызметкерлері бірінші болып ойға оралады. Соның ішінде прокурор мен адвокаттың орны ерекше. Қиындыққа жолыққан жанның әділдігін заң аясында қорғайтын, қоғамның тұтастығын берік ұстап, билік пен халық арасындағы сенімге селкеу түсірмей келе жатқан адвокаттардың қызметі – адал, алғаны – алғыс. Мемлекет басшысының «Азаматтардың құқығын қорғағанда құқық қорғаушылардың, соның ішінде адвокаттардың құқығы туралы ұмытпаған жөн. Олардың қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмысына кедергі келтіретін заңсыз әрекеттердің жолын кесу қажет» деген бір ауыз сөзінің өзі осының айқын дәлелі.
Еліміз егемендік алғаннан соң 1997 жылы 5 желтоқсанда «Адвокаттық қызмет туралы» Заңы қабылданған болатын. Міне, 2022 жылдан бастап 5 желтоқсан адвокаттардың кәсіби мерекесі ретінде аталып өтеді. Бұл сала қызметкерлеріне деген құрмет пен мемлекет басымдығының бейнесі.
Бүгінде аудан көлемінде өз ісінің білгірі, талай азаматтың ары мен адалдығын қорғап, әділ жолға жете білген қорғаушы жандардың бірі, бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Нұрлыбек Рсалиев.
Білікті маман, білімді заңгар Нұрлыбек Срашұлы Қазақ Ұлттық аграрлық Университетін «инженер-педагог» мамандығы бойынша, Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Қызылжар балықшылар тұтыну кооперативінде суретші болып еңбекке қадам басқан ол әскери борышын өтеп келген соң өзі туған Қызылжар ауылының ауылдық халық театрының суретшісі қызметтерін атқарады.
Қоғам өміріне бей-жай қарай алмаған азамат өзін басқа салада сынап көрмек болады. Осылайша мемлекеттік қызметке бет бұрып, 2001-2006 жылдар аралығында Райым ауылдық округінің бас маманы лауазымын атқарып, 2006 жылғы 15 тамыздан 2022 жылғы 1 қаңтарға дейінгі аралықта «Арал қаласы әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бас маман, бас маман-заңгер, бөлімше басшысы болып, абырой төрінен көрінді.
Міне, осы уақыттар көлемінде көп тәжірибе жинақтаған заңгер 2021 жылы 23 сәуірде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі берген «адвокаттық қызмет көрсету» жөніндегі лицензия негізінде 2022 жылғы 1 наурыздан бастап адвокаттық қызметпен елге қызмет етуде. Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын Нұрлыбек 2 жылдан астам уақыттың ішінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында арнайы бекітілген қорғау (өкілдік ету) хабарламасы негізінде азаматтық, әкімшілік, әкімшілік-рәсімдік және қылмыстық істерге сотқа дейінгі тергеу шараларына және сотқа қатысып жүр. Осы қызмет барысында азаматтардың құқықтарын қорғау үшін жергілікті соттар арқылы дауласып, шешілмеген істер бойынша Жоғарғы Сотқа өтініш хат жолдап, заң талаптарының бұзылуы немесе оны дұрыс қолданбау деректері бойынша оң шешім қабылданған оқиғалар болды.
– Әр қызметтің қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Алайда әділдік әркез үстем құратыны қазақтың санасында көнеден-ақ қалыптасқан. Талай азамат алдыма келіп, қызметіме мұқтаж болды. Түрлі қиындықтар өтті. Мұндай жағдайлар турасында көп дүние айтуға болады. Бірақ, 2018 жылғы 5 шілдеде қабылданған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының талабына сәйкес, клиенттің мүддесіне қайшы келмесін деп кәсіптік құпия болғандықтан оның (клиенттің) келісімі болмайынша жария ете алмаймын. Сонымен бірге осы заң бойынша адвокатты ол заң көмегін көрсетіп отырған тұлғамен теңдестіруге тыйым салынады – деді кейіпкеріміз.
Мақтауды жақтырмайтын азамат қарапайым болмысынан бір сәт бөлектенген емес. Бүгінде өз ісінің белді маманы болғанымен қазіргі жетістікке жету жолында жәрдемші, ақылшы болған азаматтардың көмегін жиі айтып жүреді. "Қай жұмысты болмасын тыңнан бастау оңай болмайтыны белгілі. Дегенмен, 20 жылға жуық адвокаттық өтілі бар Арал аудандық заң консультациясының меңгерушісі Ерлен Нағашыбаев ағамыз істі клиенттің пайдасына оңтайлы шешу үшін өзінің тәжірибесімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп келеді. Одан бөлек, адвокат ретінде қызмет ету кезеңінде сауатты, кәсіптік деңгейді үнемі жетілдіріп, заң нормаларына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ұдайы бақылап, оны тиімді қолдануды талап ететін мамандық. Сондықтан заңның үстемдігін дұрыс пайдалану, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін заң нормаларын ұдайы қадағалап, ізденіп отыруға тура келеді" деп нәтиженің оңайлықпен келмейтінін анық айтты.
Бірде Хусейін қазының терезесінің түбіне келіп, екі тіленші:
– Құдай үшін, қайыр беріңіз, – деді.
– Құдай өзі берер, барыңыз, – деді қазы.
– Пайғамбар ақы үшін, – деген екінші тіленшіге – Ей, тіленшілер, енді басымды ауыртпай кетіңдер – деп ашуланып, қазы оқып отырған кітабын жерге атып ұрды. Алайда бейшарашылыққа бір нәрсе берсеңші деп тіленшілер кетпей, жылап тұрды. Сонда қазы ыза болып, ұшып тұрып, жұмыскерлерін шақырып Мынау бір-екі қыдырындыны зынданға тастаңдар деп бұйырады. Бірақ ол тіленшілер жоқ болып кетеді.
Мұнан соң үш күн өткен соң, қазыға көп қонақтар келіп, той болды. Өзі терезесін ашып, сол терезе түбінде мүфтимен әңгімелесіп, көзін Бағдаттың қаласына салып отыр екен, әлгі екі тіленші тағы келді.
– Қуаныштарыңыз қайырлы болсын! Осы қуаныш үстінде бізді де бір қуантыңыз, – деп жылап тұрды. Сонда қазы қасындағы мүфтиге:
– Осы екеуі екінші рет келіп мазамды алып тұр. Қалипа қазіреті осындайларға жаза бұйырмайды. Бірақ бұл жолы бұйрықсыз-ақ осы екі тіленшіні ұстатып, кісендетемін. Бағдаттай қаланың сынын бұзып, қыдырып жүрмесін, – дегенде тіленшінің өздері үйге кіріп, үстіндегі ескі киімдерін тастап, біреуі айбатты дауыспен:
– Қазы, мен сені қазы қойғанымда жұртқа қайырлы, байға, жарлыға бірдей би болар ма екен деп үміт етіп едім. Бұл жаңылысыма тоба қылдым. Жапар! Мұның әділдікпен жазасын бер, жұртым көріп-білсін патша құрығы ұзын екенін, ерте ме, кеш пе қылған жамандық патшаға білінбей қалмайтынын, білінсе үлкен-кішілікке қарамай, жаза тартатын, – дейді.
Жыйылған қонақтар бұларды танып, аяқтарына құлап жығылысты. Тіленші болып келіп жүрген Һарун Рашит деген қалипа патшасы, жанындағы Жапар деген уәзірі екен.
Міне, осы ғибратты әңгіменің өзінен көпті аңғарамыз. Әділдікті ту еткен Нұрлыбек Рсалиев те осы мысалды өмірлік ұстанымы еткен. Елге еткен еңбегі еңсесін тіктеп, абыройдың биігінен көрініп жүрген ағамыздың адал еңбегі әлі де халықтан бағасын ала бермек.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
03 желтоқсан 2024 ж. 286 0