Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Депутат – халық өкілі

Депутат – халық өкілі

«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» делінген Қазақстан Республикасының Конситуциясында. Демек халық билігінің негізін қалайтын жергілікті орган – маслихаттардың маңызы өте зор деуге толық негіз бар. Осыған сәйкес мәслихаттар нақты заң шеңберінде жергілікті халықтың еркін білдіретін өкілетті орган есебінде іс-әрекет етіп келеді.
Өткенді еске ала отырып, болашаққа қадам басу – бәріміздің борышымыз. Алдыңғы толқынды ардақтауды, олардың елге, жерге, ұлтқа жасаған еңбегін ескеру өсер жұрттың өрісін кеңейтер өнегелі іс.
Тоқсаныншы жылдардың басында егемен мемлекеттің негізін қалауға мүмкіндік алған уақыттағы Арал аудандық мәслихатының қалыптасу кезеңдеріне тоқталатын болсақ, 1992 жылға дейін бұл құрылым халық депутаттарының Арал аудандық Советі, ал, 1992 жылдан 1993 жылдың желтоқсанына дейін халық депутаттарының Арал аудандық Кеңесі деп аталды.
1993 жылғы 8 желтоқсанда барлық Кеңес органдарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің (ХІ-сессия) қаулысы шықты. Осыған сәйкес ХХІ-шақырылған халық депутаттары Арал аудандық Кеңесінің қаулысымен аудандық Кеңес депутаттарының өкілеттіктері мерзімінен бұрын аяқтады.
1994 жылғы 7 наурызда «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен жергілікті өкілді органдары депутаттарының сайлауы» өткізілді. Бірінші шақырылған Арал аудандық Мәслихат-Депутаттар жиналысының 1994 жылғы 26 наурыздағы І сессиясының қаулысымен Арал аудандық Мәслихат-Депутаттар жиналысының хатшысы болып Әбдісәмет Жанбосынов, қоғамдық негізде жұмыс жасайтың тексеру комиссиясының төрағалығына Қ.Нұрболатов, сала бойынша 2 тұрақты комиссиясының төрағалығына Л.Қалиев пен Т.Шүкіров сайланды.
Бұл шақырылымда сол жылдары етек алған экономикалық дағдарыс, қаржыға байланысты қиындықтарға қарамастан аудандық мәслихат депутаттары аудан экономикасын қайта қалпына келтіруге, оның жаңаша даму жолына түсуіне елеулі үлестерін қосты.
Осыдан кейін 1996 жылдың қаңтарынан бастап аудандық өкілді орган Арал аудандық мәслихаты болып аталды.
Екінші шақырылыған Арал аудандық мәслихатының 1999 жылғы 16 қарашадағы І-сессиясының шешімімен Арал аудандық мәслихатының хатшысы болып Әнес Жалғасұлы Әуезов және өз қызметін басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы болып Махамбетжан Балманов, ал салалар бойынша тұрақты комиссиялар төрағалығына М.Жанаев пен А.Садуақасова сайланды.
Еліміздегі экономикалық жағдайдың жақсаруымен 90-шы жылдардың аяғында екінші шақырылымның депутаттары білім, халық денсаулығы бағдарламаларының орындалуы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен зейнетақы төлеу реформаларының орындалу барысында белсенділік танытты.
2003 жылғы 14 қазандағы І-сессиясының шешімімен үшінші шақырылған Арал аудандық мәслихатының хатшысы болып екінші қайтара Әнес Жалғасұлы Әуезов сайланды. Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалығына Қ.Аяпов пен А.Асанбаевтар бекітілді.
Осы шақырылымда күні бүгінге дейін маңызын жоймаған, ауданда шағын және орта бизнесті дамыту, мал тұқымын асылдандыру және егістікті дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдалану және оларды сауықтыру, жаңадан өндіріс орындарын ашу бағытындағы шешімдер қабылданды.
Төртінші шақырылыған Арал аудандық мәслихатының 2007 жылғы                29 тамыздағы І-сессиясының шешімімен Арал аудандық мәслихатының хатшысы болып Әнес Жалғасұлы Әуезов және мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы болып Махамбетжан Балманов, тұрақты комиссиялар төрағалығына Д.Мадинов пен А.Асанбаев сайланды.
2009 жылдың сәуір айында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы толықтырулар негізінде заңның 16-бабына сәйкес аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясына бақылау бөлімі беріліп, мемлекеттік әкімшілік қызметкерлер саны 3 бірлікке көбейді.
Бұл шақырылымда Арал ауданы бойынша білім мекемелерінің тәрбие жұмыстарының жайы, аудандағы жастар саясаты мен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, оларға патриоттық тәрбие беру мәселелері, «Көксарай кері реттегіш салу мәселелеріне байланысты Арал ауданы мәслихаты депутаттарының Үндеуі» жарияланды.
Бесінші шақырылыған Арал аудандық мәслихатының 2012 жылғы               23 қаңтардағы сессиясының шешімімен Арал аудандық мәслихатының хатшысы болып Данабай Көлбай Соңғыбайұлы, тұрақты комиссиялардың төрағалығына депутаттар А.Бөлекбаев және А.Асанбаев сайланды.
Аудандық мәслихат депутаттары өздеріне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып, өз сайлаушыларының сенімін ақтауды, мәслихат мәртебесін көтеруді мақсат тұтты.
Арал аудандық мәслихатының алтыншы шақырылымының депутаттарын сайлау 2016 жылдың 20 наурызында өткізілді. Сол жылы 25 наурыздағы сессия шешімімен мәслихат хатшысы болып Мадинов Дәуренбек Жолдасұлы, тұрақты комиссиялар төрағалығына А.Асанбаев және Ж. Жалғасбеков сайланды.
Бұл шақырылымда аудан бойынша ең күрделі мәселенің бірі – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының екінші фазасын жүзеге асыру бастамасы, ауданның 6 ірі елді мекендері бойынша ішкі су жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстары, Арал қаласын газдандыру жұмыстарын аяқтау мәселелері күн тәртібінде тұрды.
Аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымының депутаттарын сайлау 2021 жылдың қаңтар айында өткізілді. Осы шақырылымда мен мәслихат төрағасы болып сайландым. Тұрақты комиссиялар төрағалығы болып Д.Мадинов, А.Асанбаевқа жүктелді.
Аталған шақырылымда «Ауыл» партиясынан – 2, «Адал» партиясынан – 2, «Аманат» партиясынан – 11 үміткерден жасақталған депутаттар корпусы сайланып, жұмыстар жүргізді.
Сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың өкілеттілігі 2023 жылдың сәуір айынан басталды. Аудандық мәслихатқа 15 депутат сайланды. Олардың 10-ы «AMANAT» партиясынан, 1-і «Ауыл» партиясынан, 4-і өзін-өзі ұсынған.
Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көрсетілгендей «Мәслихат сессиясы - мәслихат қызметінің негізгі нысаны» болып табылғандықтан осы шақырылым барысында жұмыс жоспарымызға сәйкес күн тәртібіне ұсынылған мәселелерді сессияларда қарап, талқылап тиісті шешімдер қабылданып келеді.
Бекітілген шешімдердің бірқатарына тоқталатын болсақ, «Ауданда кәсіпкерлікті дамытуға байланысты мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және атқарылған жұмыстар туралы» мәселе қаралды.Аталған мәселеге байланысты аудандағы шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән беріп, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу, жобалардың нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру ұсынылды. Сонымен қатар мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу, оның ішінде ет пен сүт өнімдерін өндіру, малдың терісі мен жүнін өңдеуге қол жеткізу және қайтарымсыз немесе жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктерін қарастыру, көкөніс өсіру, жылыжайлар салу арқылы жыл бойы халықты көкөніспен қамту мүмкіндіктерін қарастыру, қайтарымсыз немесе жеңілдетілген несие беру және басқа да нақты өнім өндіруге басымдық беру мәселелері қаралды.
Аудан көлемінде аталған ұсыныстарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Оның бір мысалы ретінде өткен жылы аудан кәсіпкерлері өндірген өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылса, елді мекендерде 1010 гектар жерге бау-бақша дақылдары егіліп, аудан тұрғындарына жергілікті өнімдер ұсынылды. Мектептер жанынан жылыжайлар ашылып, жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, «Ауданда мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы» мәселе қаралды. Арал қаласындағы аудандық мəдениет орталығы мекемесінің ғимаратын қайта жаңғырту, елді мекендердегі тозығы жеткен клубтарды күрделі жөндеуден өткізу немесе типтік жобадағы ауылдық клубтар салу, кітапханалардағы тазалықшылардың еңбек ставкаларын толықтыру, Арал қаласының мөлтек аудандарына көше тренажерлары және стрит воркаут алаңдарын, кент, елді мекендерде спорттық кешендердің кезең-кезеңімен салынуына жұмыстар жүргізу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.
Ұсынылған мәселелер мен депутаттар тарапынан жолданған сауалдар кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. 2024 жылдың аудан бюджетін бекіту барысында Жақсықылыш кентінен балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңын салуға, Аралқұм, Абай елді мекендерінен балалар ойын алаңын салуға, Арал қаласында орналасқан кітапханалардағы тазалықшы штаттарын толықтыруға қаржылар бөлінді.
Жыл санап аудан бюджеті өсіп келеді. Салыстырмалы түрде атап өтетін болсақ, аудан бюджеті 1994 жылы 106 млн теңге болса, жыл санап аудан бюджетінің көрсеткіші 2014 жылы 9 млрд 101 млн. теңгені құрады. Ал қазіргі таңда Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы артып,аудан бюджеті 21 млрд 708 млн. теңгені құрап отыр.
Биылғы жылы Арал қаласында 300 орындық "Жайлы мекптеп", теміржол өткелінің көпірі, 150 пәтерлі 75 тұрғын үйқұрылысы және Сексеуіл кенті, Аққұм ауылдық округтеріне газдандыру жұмыстары, Ақбасты елді мекеніне  ауыз су құбыры жүргізілуде.
Бұл ауданның атқарушы билігінің жыл бойғы іске асырылған жобалары есебінен ауданның экономикасында жақсы нәтижелерге қол жеткізгендігін көрсетеді.
Сонымен қатар аудандық мәслихаттың екі тұрақты комиссиясы жоспарға сәйкес жұмыс жасайды. «Экономика, қаржы, өндіріс, құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық, ауылшаруашылығы, байланыс, экология және табиғатты қорғау мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиясына аудандық мәслихаттың депутаты А.Сауяев төрағалық жасаса, «Жергілікті басқару, білім, мәдениет, спорт, денсаулық, құқық, жастар ісі, әлеуметтік мәселелер,экономика, қаржы, өндіріс, құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық, ауылшаруашылығы, байланыс, экология және табиғатты қорғау мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссияға депутат Л.Ибраимова төрағалық етеді.
Арал аудандық мәслихатының регламентіне сәйкес сессия шешімдерінің жобаларын қарау, ұсыныстар беру, оларға қорытынды дайындау және қосымша баяндамалар мен ақпараттар жинау мен оларды талдау жүктелген. Осыған сәйкес тұрақты комиссиялар отырыстарында сессияға ұсынылған мәселелер қаралып, талқыланады.
Сонымен бірге, тұрақты комиссиялардың бекітілген жұмыс жоспарларына сәйкес жұмыстар жүргізіліп келеді. Аталған комиссиялар ұсынымдық негізде қаулы қабылдайды. Сондықтан комиссия депутаттар мен тұрғындар сұранысынан, талаптарынан туындаған мәселелерді талқылап, сол мәселелердің оң шешімін табу үшін өз құзыреттері шеңберінде тиісті орындарға ұсыныстар беріп, қозғаушылық қызметтер атқарып келеді.
Аудандық мәслихаттың 10 депутаты «AMANAT» партиясынан ұсынылып, сайланғандығын жоғарыда атап өттік. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Арал аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы тіркелген. Фракцияға мәслихат депутаты Ш.Жангушикова басшылық жасайды.
Депутаттардың сайлаушылармен кездесу, оларды жеке қабылдау кестелері бекітілген. Сонымен қатар аудандық партия жанындағы бақылау комиссиясы да өз жұмыстарын атқарып келеді. Парияның бақылау комиссиясына аудандық мәслихаттың депутаты Н.Ембергенова төрағалық етеді.
Өткен жылы республикалық, «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының І Форумы болып, форум облыс орталығында да жалғасын тапты. Аталған форум аясында облыс, қала, аудандық деңгейдегі депутаттардың көкейлерінде жүрген мәселелер ортаға салынды.
Аудан депутаттары тиісті сала министрліктеріне «Кіші Арал теңізіне құйылатын судың қазіргі таңда азайып бара жатырған ескеріп, дария суының теңізге қалыпты түрде құйылуын қамтамасыз ету мүмкіндіктерін қарастыру», «Аудан оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Ұлттық бірыңғай тестілеу» орталығын Арал ауданынан қайта ашу» мәселелерін көтеріп, соған орай оңтайлы шешімдер қабылдауды ұсынды.
Сонымен қатар, ауданда «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңда айқындалған міндетті жүзеге асыру мақсатында аудандық Қоғамдық кеңес құрылған. Үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестік өкілдері және жекелеген адамдардың өзін-өзі ұсынуы арқылы қалыптастырылатын кеңестің құрамын мәслихат сессиясында депутаттар дауыс беру жолымен 3 жыл мерзімге бекітеді. Қоғамдық кеңестер әлеуметтік – қоғамдық институт,мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог нысандарының бірі. Белгіленген заң аясында тиісті шешімдер қабылдаудың ашықтығын арттыруға бағытталған консультативтік кеңесші, бақылаушы орган ретінде аудандық мәслихатпен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді.
Осы жылдар бойы халық қалаулыларының депутаттық міндеттерін жүзеге асыруына ұйытқы болып, оларға күнделікті ұйымдастырушылық және әдістемелік көмек көрсетіп отырған «Арал аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі аудандық мәслихат депуттатарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме. Аудандық мәслихатта штат бойынша аудандық мәслихаттың төрағасынан бөлек 5 мемлекеттік қызметкер және6 қызметкер келісім шартпен өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді.
Жалпы мәслихат жұмысын ақпараттандыру мақсатында мәслихаттың, депутаттардың жұмысы туралы фейсбук, инстаграм парақшаларына жарияландырулар шығып тұрады.
Аудандық мәслихат депутаттары уақыт пен заң талабына сай болу мақсатында ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтік өзгерістердің бел ортасында жүріп, халық пен атқарушы биліктің арасындағы байланысты нығайтуға ат салысып, халықтың тұрмыс-тіршілігін нығайтуға өз үлестерін қосуда.
Өздерінің сайлауалды бағдарламаларының орындалуын тұрақты назарда ұстап, тиісті атқарушы органдарға өз ұсыныстары мен депутаттық сауалдарын жолдап, оларды орындалуын назардан тыс қалдырмай отырады.
Аудан бюджетінің мүмкіндігіне қарай депутаттардың ұсыныстары кезең-кезеңімен шешіліп, қаржыландыру кезегіне қойылуда.
Сондай-ақ, халық қалаулылары аудан көлемінде жүргізіліп жатырған барлық іс-шаралардан тыс қалмай араласып, тиісті кезеңдерде бақылау жүргізіп келеді.
Сайлаушыларының сенімін арқалай жүріп, түрлі қайырымдылық акцияларынан да қалыс қалмай ат салысып отырады. Өз сайлаушыларымен тұрақты байланыс жолға қойылған.
Тәуелсіз Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығы мерейтойында өткенге есеп беру, жинаған іс-тәжірибені бағамдау, қорытындылар жасау ғана емес, сондай-ақ, алдағы мерзімге жоспарлар белгілеу, бағыт-бағдарларды айқындап алу үшін де жақсы мүмкіндік. Уақыт әрбір азаматтың қоғам және мемлекет өміріне белсене қатысуы оның тек конституциялық мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге міндеті екенін де нақты белгілеп берді.
Үстіміздегі жылдың қазан айында барлық деңгейдегі депутаттардың қатысуымен Астана қаласында өткен ІІ республикалық форумда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Депутат болу – халық үні болу деген сөз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін» деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей біз де өкілетті органға сайлана отырып, аймақ өміріне қатысты маңызды шешімдер қабылдау, оның жүзеге асуын бақылау барысында жерлестеріміздің мүдделерін қорғау міндеті жүктелгенін жақсы сезінеміз.
Мәслихаттар халықтың қалауын білдіретін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың маңызды бөлігі. Халық сенімінен шығып, жүктелген міндеттерді абыроймен атқару әрбір азаматтың қасиетті парызы. Біздің басты мақсатымыз – мемлекетімізді одан әрі нығайту.
Бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болып, Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақтай берсін дей отырып, облыстық, аудандық мәслихаттың барлық шақырылымдарындағы депутаттарды Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толу мерекесімен құттықтаймын!
Базарбай ТӨРАХМЕТОВ,
Сегізінші шақырылған Арал аудандық
мәслихатының төрағасы
08 желтоқсан 2024 ж. 226 0