Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қоғамдық кеңестің қоғамдағы маңызы зор

Қоғамдық кеңестің қоғамдағы маңызы зор

Азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру, республикалық және жергілікті деңгейде талқылаулар мен шешімдер қабылдау кезінде қоғамдық пікірді ескеру, орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету ету мақсатында құрылған мемлекеттік емес ұйымдардың бірі қоғамдық кеңес болатын. Жалпы қолданыстағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның өзі 2015 жылы қабылданған болса, кейіннен жетілдіріліп, жан-жақты талданып, бүгінде елмен етене еңбек етіп келе жатқан қоғамдық кеңестің жұмысын көрсету мақсатында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Алдаберген Жолановпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Алдаберген Алдиярұлы, "Қоғамдық кеңес туралы" Заңға өзгерістер енгізілгенінен хабардармыз. Бүгінде аудандық қоғамдық кеңестің құрамында қандай өзгерістер бар?
– Былтыр ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлеповтің заңдағы түзетулер мен өзгерістер жөнінде кеңірек баяндап «Кеңестер құрамын уақтылы толықтырып отыруға қатысты сын бұған дейін көп айтылатын. Біздің ойымызша, жаңа норма бұл мәселені тиімді жолмен реттейтін болады. Қолданыстағы заңда қоғамдық кеңес мүшелері санының нақты мөлшері қарастырылмаған болатын. Бұл ретте, кеңес мүшелері санын орталық деңгейде – 15-30 адам аралығында, ал жергілікті деңгейде  халық санына байланысты анықтауды ұсынамыз. Басты талап – кеңес құрамына түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерін тарту қажет. Осыған орай, өкілетті орган кеңестің сандық және сапалық құрамы бойынша ұсыным әзірлейді» деген болатын.
Осы негізде «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы Заңына сәйкес аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 4 наурыздағы №214 шешімдері мен аудандық қоғамдық кеңес құрамы бекітілген. Аудандық қоғамдық кеңестің құрамында 15 адамнан және қоғамдық кеңес хатшысы бар.
– Қазіргі уақыттағы осы құрамның жұмысы жайлы не айтасыз?
– Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасымен бірлесе отырып жұмыс жоспары бекітілген. Жыл басынан бері бекітілген жоспарға сай 8 отырыс өткізілді. Ақпан айында «Аудандық қоғамдық кеңестің 2021 жылғы атқарған жұмыстары туралы», «Арал ауданының 2021 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы» отырыс өткізілді.
Ал наурыз айында «Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 2021 жылы атқарылған жұмыстары және алдағы міндеттері туралы» мәселе қаралды.
Сәуір айында «Діни салт-дәстүрлердегі ысырапшылдық мәселесі туралы» Арал аудандық қоғамдық кеңесінің, Арал аудандық орталық мешітінің және аудан ардагерлер кеңесінің бірлескен үндеуі қабылданып, кеңейтілген отырыс өткізілді. Соның нәтижесінде аудан халқына діни салт-дәстүрлерді өткізу барысында ысырапшылдықты болдырмау жөнінде үндеу жарияланды. «Ауданда кәсіпкерлікті дамыту аясында мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы қызметтердің орындалу сапасы туралы» сөз етілді.
Мамыр айында аудан әкімінің аудандық қоғамдық кеңестің мүшелерімен кездесу өтті. Кездесу барысында аудан басшысы да кеңестің осы уақытқа дейінгі жұмысына оң баға бере отырып, алдағы уақытта да өзекті мәселелерді көтеруде елеулі үлес қосатындарына сенім білдірді.
Ал маусым айындағы кеңес отырысында «аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің орындалу сапасы туралы», «Аудандағы тойханалардың жұмыс уақытын реттеу» мәселелері қаралды. Аудандағы тойхана иелерімен бірлесе отырып, өткізілетін тойлардың уақытын реттеу жөнінде өзара ынтымақтастық меморандум жасалды. Бұл да маңызды мәселелердің бірі екені жасырын емес. Сондықтан халықтың сөзін, ұсынысын ешқашан назардан тыс қалдырмай, елмен етене жұмыс істеп келеміз. Сонымен қатар аудан әкімдігінің, аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың нормативтік-құқықтық қаулылары мен шешімдерінің 9 жобасы қаралып, жобаларға қатысты келісім берілді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы атқарған жұмыстарды жариялап, ашық түрде ақпараттандырып келеміз.

Сұхбаттасқан Онталап ЖОЛДАСОВ
30 шілде 2022 ж. 5 854 0