Аралдық мұғалім қалбырдан зергерлік бұйымдар жасайды
Аралдық мұғалім Нұржан Балов теңізге қатысты кәдесыйлар жасаудың шебері атанып отыр. Он саусағынан өнер тамған шебер осылайша ұлттық өнерді жаңғыртса, екінші жағынан тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып отыр.
Нұржан Балов Арал ауданындағы №71 орта мектепте жұмыс істейді. 15 жылдық өтілі бар білікті ұстаз қолда бар құралдармен түрлі бұйымдар жасап, оқушыларды еңбекке баулып келеді. Мәселен, құрылыстан қалған қалытқы мен пластик материалдан теңізге қатысты кәдесыйлар дайындаса, майлы бояумен қабырғаға сурет салады. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі энергетикалық сусынның қалбырын да кәдеге жаратып отыр. Алғашында ертегі кейіпкерлері мен жануарлардың мүсіндерін жасаса, қазір қыз-келіншектерге арналған әшекей бұйымдар жасаумен айналысады.

Нұржан энергетикалық сусынның қалбырынан әшекей бұйымдар ғана емес ұлттық нақыштағы киіз үй формасындағы кәдесый, дойбы тақтасы және қыздарға арналған сөмке жасайды. Соның ішінде түрлі түсті құтылардың құрастырылған қол сөмке республикалық байқауда көрмеге қойылып, көпшіліктің қызығушылығын туғызыпты.
Ізденімпаз мұғалім Тәуелсіздік күніне орай Алтын адамның макетін жасаймын, -дейді. Қазір ол тарихи жәдігердің киіміндегі жан жануарлар мен құстардың бейнелерін, негізгі элементтерді дайындау үстінде.