Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылмыс жазасыз қалмайды

Қылмыс жазасыз қалмайды

«Ұрлық түбі - қорлық» демекші, мұндай қылмысқа барудың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны бесенеден белгілі. Өкінішке орай, кейбір жандар оны білсе де, осындай теріс әрекетке барып жатады.
Мәселен, Арал аудандық сотында өзгенің мүлкін тұрғын үй-жайға заңсыз кіру арқылы жасырын жымқырып,  Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 3)-тармағымен айыпталған Ф-ның қылмыстық ісі қаралды.
Сотта анықталғандай, №33 «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар поезының №13 вагонында жолаушы ретінде жол жүріп келе жатқан сотталушы Ф. №11 вагонның №8 купесінде үстел үстінде тұрған ұялы телефонды көріп, оны ұрлау ниетін іске асыру мақсатында купеге заңсыз кіріп, жолаушы С-ға тиесілі «Redmi-10» маркалы ұялы телефонын жасырын жымқырып, соңғыға 55 000 теңге мүліктік залал келтірген.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес, бұл қылмыстық әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады.
Сотталушының қылмыстық әрекеті, іс құжаттарымен және сотта өзінің айыбын мойындап берген жауабымен толық дәлелденген.
Сот үкімімен Ф. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 3)-тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеусіз, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, сол мерзімге пробациялық бақылау белгіленген.
Үкім заңды күшіне енбеген.
Арал аудандық соты

Сурет: ernur.kz
11 желтоқсан 2024 ж. 159 0