Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аяз ата Аралда

Аяз ата Аралда

– Армысыз, Аяз ата!
– Амансың ба, балам?
– Жақсы жеттіңіз бе? Біраз жол жүріп, шалдығып қалмадыңыз ба?
– Жо-жоқ, балам, барлығы жақсы. Мүлде шаршамадым. Керісінше мұнда жақындаған сайын асығып, шалдыққанымды ұмытып та кеттім. Себебі Арал жыл сайын жақсы жаңалықпен қарсы алады. Әр келгенімде қала көрікті, сәні мен сәулеті түрленіп, халқының ризалығын көріп, ілгерілеушіліктеріне қуанып қайтамын. Биыл қандай жаңалығың бар? Тағы да әсем қаланың жаңа ажарын көрсетуге дайынсың ба?
– Қуана-қуана аралаймыз, Аяз ата. Алайда алыстан келдіңіз, қазақтың салтымен танысып та қалған шығарсыз. Жүріңіз, қонақжайлығымызды танытып, төрге шығарайық.
– Сонда қайда барамыз?
– Жүріңіз, тездетіңіз, сізді күтіп отырған аралдықтар өте көп, – дедім де ізімнен ертіп жөнеле кеттім. Алғашқы бет алған бағытымыз қаланың шетіндегі баспаналар болатын. Алыстан «мен мұндалап» қаз-қатар тізілген сәнді үйлер көп өтпей-ақ қонақтың көзіне шалынды. Сонау жерден салтанаты байқалған шаңырақтардан аязды күні аппақ түтін көкке көтеріліп, көк аспанның қойнауына еніп кетіп жатты. Мендегі мақтанышты тез байқап, менен бетер қуанған Аяз ата:
– Мынау... Мынау кәдімгідей қалаға жарасып-ақ тұр ғой. Сонда адамдар тұрып жатыр ма? Бұл жақта қанша адам бар?
– Бұл жаңадан салынған тұрғын үйлер. Жалпы саны 75 үй. Осы жақта 150 отбасы тұрып жатыр. Республикалық бюджеттен бой көтерген бұл жердегі жандардың барлығы да сізді асыға күтуде. Мүмкін тілектері де бар шығар.
– Ендеше жылдамдатайық, – деді де алдыма түсіп кетті.
Еңселі ақ ордадай отаулардың біріне енгеніміз сол еді, алдымыздай алтын асықтай ұлдар мен қызғалдақтай құлпырған кішкентай қыздар жүгіре шығып, Аяз атаны құшақтай алды. Жарыса тақпақ айтып, қуанышқа бөлеуші аталарының дорбасындағы сыйлықтарына таласып, қуанып қалды. Балақайлардың басынан сипап, дастарқаннан дәм татқан Аяз ата:
– Дастархандарың асқа, шаңырақтарың қуанышқа толсын, айналайындар! Жылда жақсы жаңалыққа жетіңдер! Ал, қандай тілектерің бар? – деді.
– Рахмет, ата! Жылды жақсылықпен бастадық. Енді тілегіміз бар. Аралды қақ жарып өтетін темір жолдың үстінен өтетін аспалы көпір аяқталса, екі жақтағы халық үшін де игілікті дүние болар еді, – деді шаңырақ иесі.
– Жарайды, қарағым. Тілегіңді тыңдадым. Енді біз сол жаққа барайық, – деп қимай қоштасты.
Көргеніне көңілі толған Аяз ата алып ұшып аспалы көпірге де жетті. Жетті де:
– Қандай тамаша. Керемет дүние басталыпты. Халықтың қалауы да осы еді. Мен жылда Аралға келген сапарымда халық осыны айтатын. Ендеше жаңа жылда жаңа көпірдің қызығын көрсін! – деп көпірге көтеріліп көрді.
Одан кейін қаланың екінші бетіне өтіп тағы бір салынып жатқан құрылысқа бет алдық. Жолай әңгімелесе отырып "Арал халқының, жалпы қазақтың қонақжайлығы, дәстүрге адалдығы тәнті етеді. Талай елді, қаншама қала мен жерді аралап көремін. Алайда қазақтың рухы биік, руханияты бай ел. Сол құндылықты қалай берік сақтап келесіңдер?" деді.
– Аяз ата, бағаңызға рахмет, мен де ұлттығымызды, мәдениетімізді, халықтық қазынамызды, рухани байлығымызды асыратын орталыққа сізді бастап келе жатырмын, – дедім де, – Мынау көріп тұрғаныңыз "Руханият орталығы", – деп таныстыра кеттім.
– Еее, әр халық рухани қазынасын құрметтемесе болашағы бұлыңғыр деген осы шығар. Мұның да игілігін аралдықтар көп ұзамай көреді деп сенемін, – деді.
Әр мақтауына марқайып, ары қарай жол жүріп кеттік.
– Айтпақшы, Аяз ата. Сіздің жаныңызда немерңіз бар еді ғой. Бүгін ол қайда? Неге көрінбейді? – дегенім сол еді, ол да:
– Рас айтасың, әр жыл сайын немереміз екеуміз аралап, баршаға жаңа жылдық көңіл-күй сыйлап жүретінбіз. Бірақ биыл ол сабақтан босай алмады. Елде қалды, жақсы мектепте оқытсам деген арманым бар. Бірақ білім беру ісі жүйелі, заманауи жабдықталған, талапқа сай мектепті қайдан табарымды білмей жүрмін, – деп айтып қалды.
– Ендеше, Ыбырай Алтынсарин айтқандай "тілегеніңіз алдыңыздан іздемей табылғалы тұр". Жүріңіз, Аяз ата, – деп асықтырып, жол бастадым.
Қызыға әрі қуана ол да соңымнан еріп, баладай емпілдей басты. Бұл қылығын көріп одан сайын ынтықтыра түспек болып білім саласындағы жаңалықтарды айттым. "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз" деген еді. Міне соның бірі пайдалануға дайын деп келе жатқанда "Жайлы мектепке" де жетіп келдік.
Таңданысын жасыра алмай, таңдай қаққан ол мектепке еніп сәулетін көріп:
– Мұнда білім алған балақайларда арман жоқ шығар... – деп бас шайқап ұзақ тұрды.
Содан соң қаланың талай көрікті жерлерін аралап, көптеген игі бастамамен танысып, қала орталығындағы бас шыршаның жанына келдік. Аяз ата осында сәл ғана алдады да:
– Балам, тағы қандай жаңалықтарың бар? – деп маған қарады.
– Бұл тек қаладағы сіздің көрген жерлер ғана. Мұнан бөлек жақсылық көп. Тіпті ауылдарда да атқарылған жұмыс көп.
– Ол қандай ауылдар? Қандай жұмыс істелді?
– Ауданға қарасты қала орталығынан кейінгі Сексеуіл кентінде халық көгілдір отынның игілігін көруде. Мұнан бөлек Шижағада да тұрғындар газдың рахатын сезінеді. Ал бір ғана Тоқабайда балалар жаңа мектепке кіріп, науқастар жылы, жайлы амбулаториядан ем ала алады. Ауыз су мәселесі де оң шешімін тауып, халық алғысын атуда. Мұнан бөлек қаншама ауыл бар. Барлығы 2024 жылды тек жақсылықпен есте сақтайтын болады.
– Балам, мен бір байламға келдім. Басқа жаққа да уақыт табармын. Алайда мен сол ауылдарды да көріп, халықтың тілегін тыңдағым келеді, – деді. Мен де құптадым.
Аяз атаға сенетін жастан кеттік. Алайда аудандағы бірқатар ауқымды жұмыстарды осылай жеткізуді жөн санадық. Бала болмасақ та бала көңіл аралдықтардың тілегі Аяз атасыз да атқарылып жатыр. Келер жыл көл-көсір несібесімен, игілікті жұмыстармен қуантсын дейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
31 желтоқсан 2024 ж. 154 0