Жазылған жайға орай
Құрметті «Толқын» газеті және жазушы, ақын Ерғали Абдулла, сіздерге шынайы ризашылығым мен шексіз алғысымды білдіргім келеді. Себебі, менің жан бауырым, ізетті інім Дәулетбай Жүгінісов туралы «Тамшысындай кәусардың мөлдіреген» деген тақырыпта көлемді мақала жазған екенсіздер.
Газеттегі сырлы суретті көріп, мақаланы жылап отырып қайта-қайта оқып шықтым. Көзге жас алмай оқу мүмкін емес, әрине ол сағыныш жасы еді. Ол сіздің оны бірге өскен, бірге қызметтес болғандай суреттеп, бар болмысын: ақ жүректі, ақкөңіл, жүріс-тұрысына дейін, сөзге шешендігін, ауылдағы айтқыштардың әзіл-қалжыңдарын мәнеріне келтіріп айтатын өнерін, өзіңіз айтқан: «Қызыл тілдің қара қазанын қайнатқан, бал қаймағын сылған нағыз бесаспап шешен» екендігін, өзіне емес өзгеге болсыншы деген баладай ақкөңілдігін, үлкен ақындық талантын, адамгершілік асыл қасеттерін, тек адамдарға жақсылық жасасам деген аппақ жүрегін, «Аралдың бір дарабоз ақыны» деген бағасын ала алмағанын... нақышына келтіріп жазыпсыз... Иә, өмір шектеулі екен, оған жете алмады.
Біз бауырлар ішіміз біліп, бірақ айта алмаған ойларымызды, арманымызды айтқан сіздің адамгершілік болмысыңызды, адам танитын тамаша қасиеттеріңізді көрдік.
«Біреу тірі жүрсе де жоқ сияқты, біреу өліп қалса да бар сияқты» деген даналардан қалған сөз бар ғой, иә шынында сіздердей адам танитын, өнерін бағалай білетін азаматтар барда менің інім тірі, бар екен...
Сондықтан сізге барлық жан жүрегімнен шыққан алғысымды, шексіз ризашылығымды білдіргім келді.
Айналайын Ерғали інім, сырттай білуші едім, шығармашылық еңбегің жемісті болсын, зор денсаулық, отбасыңа аманшылық, өміріңе қуаныш пен ұзақта бақытты ғұмыр тілеймін. Қаламыңыз ешқашан мұқалмасын.
Еңбегіңіз Алладан қайтсын!
Ертеректе Дәулетжанның шәкірттері (қызылжарлық) Айдар Сайлауов, Жақсыбай Мусаев ұстазы туралы мақалалар жазған еді. Сол кезде де бір жылап, бір қуанып, кеудемізді мақтаныш сезімі билеп, бізді бір көтеріп тастаған еді. Бұл азаматтарға да алғысым шексіз. Еңбектері жемісті, табыстары берекелі, абыройлы болсын!
Несібелі ОМАРОВА,
Қаратерең ауылы
Сурет: aqtobegazeti.kz