Кәсіптік білімнің көкжиегін кеңіткен
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында жұмысшы мамандықтарды насихаттау жайында сөз етіп, биыл жұмысшы мамандықтар жылы деп бекіткен болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев " Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз" деген еді.
Бүгінде бұл салада еңбек етіп келе жатқан жандар аз емес. Аудандағы қос бірдей кәсіптік білім ұясының қазіргі қарқыны мен білім берудегі жаңашылдығы, маман әзірлеудегі әдістері уақыт талабына сай алға басып келеді. Білім алушыларын түрлі мамандық бойынша машықтандырып отырған осы екі колледждің оқытушылары да бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған кәсіптік-техникалық білім беру саласының ардагері, облысқа белгілі ұстаз Сексенәлі Рахановтың жолын жалғап келеді.
Өмірі өнегеге толы Сексенәлі Рахановтың өмірбаяны жайында айта кетсек. Ол 1945 жылы 5 апанда Қызылорда облысы, Жанақорған ауданы, Бірлік ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1963 жылы №55 Бірлік орта мектебін үздік бітірген соң, №97 Бәйгеқұм (Шиелі ауданы) кәсіптік-техникалық училищесінің автомобиль жүргізуші-тракторшы мамандығы бойынша бір жылдық курсын бітіріп, Н.В. Гоголь (қазіргі Қорқыт Ата) атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика-математика факультетінің «физика» бөлімін ойдағыдай аяқтап шыққан.
1970-1975 жылдары алғашқы еңбек жолын, Қызылорда құрылыс материалдары комбинатында, «Глав рис совхоз строй» трессінде аудандық дәрежедегі комсомол хатшысы, облыстық комсомол комитетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгеруші-хатшы болып қызмет атқарған.
1975-1979 жылдары Қызылорда қаласындағы Республикалық дәрежедегі №69 кәсіптік-техникалық училищесінде директор, 1979-1987 жылдар аралығында облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметінде болса, ал 1987-2003 жылдар аралығында №9, одан кейінгі жылдары №7 училище, №8 облыстық арнаулы санаториялық мектеп-интернат директоры болып қызмет атқарды. 2008 жылы зейнетке шықаннан кейін Мәншүк Маметова атындағы гуманитарлық колледж директорының орынбасары болып жұмыс істеді.
2010 жылдың соңынан бастап облыс әкімінің жанындағы кәсіпкерлікті дамыту департаментінің ұсынысымен (СПФ Монтажстрой) ЖШС жанындағы аймақтық кәсіптік оқу орталығының бастығы қызметіне жіберілді. Жалпы оқу-ағарту саласында 40 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, ал жалпы еңбек өтілі – 52 жыл.
1987-2005 жылдар аралығында кәсіптік-техникалық білім беру оқу орындары директорларының облыстық кеңесінің төрағасы және республикалық директорлар кеңесінің алқа мүшесі, оған қосымша Қазақстан-Германия жобасын жүзеге асыру және білім стандартын дайындау комиммияларының мүшесі болды.
1997-1998 жылдары кәсіптік-техникалық оқу орындарын ықшамдау, оңтайландыру кезеңдерінде директорлар кеңесінін төрағасы есебінде облыс әкімінін алдына үш рет кіріп, облыстағы он жеті училищесінің төртеуін ғана басқа училищелерге қосумен шектелуге атсалысы. Басқа облыстарда училищелер 50-60 пайызға қысқарып жатқанда, Қызылорда облысында 23 пайызбен шектелді.
Ол облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасында қызмет істеген кезеңдерде облыстағы училищелер саны он сегізге, ал онда мамандыққа оқитын оқушылар саны 12 мыңнан асқан еді. Сегіз жаңа кешенді оқу ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Басқарма жанындағы «Еңбек резервтері» спорт қоғамымен мәдениет үйінің жұмыстары республика бойынша жоғары дәрежеге көтерілді.
Сексенәлі Рахановтың ұстаздықтан бөлек қаламы да жүйрік болатын. Ол облыстық радио және телевидение, «Сыр бойы», «Кызылординские вести», өзге де республикалық газет журналдарымен үнемі байланыста болды. Түрлі тақырыптағы мақалалары басылым беттерінде жиі жарық көріп тұрды.
1990-2005 жылдары Республикалық «Кәсіптік білім» журналының, облыстық «Сыр мектебі», «Кәсіптік білім» газеттерінің тілшісі болса, ал 2012 жылдан бері «Ұлағат ұясы» газетінің бас редакторы болды.
Оның қаламынан туындаған 50-ден астам кәсіптік-техникалық білім саласында оқу-тәрбие жұмыстарын жақсартуға арналған қосымша оқулықтармен әдістемелік құралдары жарық көрген. Сонымен қатар «Дананың сөзі – ақылдың кені», «Сырдың Сымекесі», «Маңдайға біткен марғасқа», «Тамыры терең Бәйтерек», «Қаратаудан түлеп ұшқан....», «Шежірелі жылдар», «Сағындырған сағым жылдар», «Дара тұлға» сияқты оннан астам 10-15 табақ көлеміндегі кітаптары әртүрлі баспадан жарық көрген. Сондай-ақ Алпамыс батыр, 1937-1938 жылдардағы жазықсыз жалаға ұшыраған азаматтар, Қазақстанда кәсіптік-техникалық оқу-орындарының дамуы туралы көлемді зерттеу материалдары облыстық және республикалық газет-журналдарда жарияланды.
Оның шығармашылық жұмыстарының, жазған кітаптарының негізгі мазмұны тарихи-танымдық, тәлім-тәрбиелік бағытта болып келеді. Сала ардагері, ұлағатты ұстаз, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі болды.
Еткен еңбек еш кетпесін белгілі ғой. Сексенәлі Раханов көп жылғы оқу-ағарту саласындағы жұмыстары және жеткен жетістіктері үшін «Қызылорда облысының Құрметті қайраткері», «Қазақстан Республикасының Құрметті қызметкері», 2000 жылы «Ғасыр адамы» байқауында «Шабыттың шыққан шыңына» номинациясының, Сұлтанбек Қожанов сыйлығының иегері атанған. Ол ССРО, Қазақстан Республикасы кәсіптік-техникалық, және ҚР білім және ғылым саласының үздігі төс белгісімен, Ыбырай Алтынсарин, «Нұр Отан» ХДП-нің медалдарымен, ондаған Одақтық, Республика дәрежесіндегі юбилейлік медальдармен және облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің, кәсіподақ ұйымдарының мақтау грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталған. С.Раханов 2015 жылы қазан айында «Қазақстан Республикасында техникалық-кәсіптік білім беру саласы дамытуға ерекше үлес қосқаны үшін» медалімен марапатталды.
2013 жылы «Ұлағат ұясы», 2016 жылдан бастап «Кәсіптік білім көкжиегі» республикалық ақпараттық-танымдық, оқу-әдістемелік газеттеріне редактор болып, аймағымыздың техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жаңалықтар мен жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибелерін насихаттап, саланың өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосты.
Азаматтығы мен адамгершілігі, өресі биік Сексенәлі Рахановтың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сыр өңірінің халқы мен Сыр ұстаздарының жадында, оның жарқын бейнесі мен білімді басшылық қасиеттері әлі күнге дейін нұрын шашып, артына өшпес із қалдырып, ұмытылмай сақталып келеді.
Айнұр БАЙТӨРЕЕВА,
Арал көпсалалы колледжінің мұғалімі