Тамақтан уланудың алдын алу маңызды
Тамақтан улану – адам ағзасына улы әсер ететін микробтармен, токсиндермен және микробты емес заттармен ластанған тағамды жегеннен пайда болатын жедел ауру.
Тамақтан улану мерзімі өткен сүт өнімдері, нитраты көп тағам өнімдері, жабық консервілер, сақтау талаптары, жарамдылық мерзімі өткен тағамдарды пайдаланудан болуы мүмкін. Мұндай уақытта іш ауырады, жүректің айнуы байқалады, құсу, іш өту, әлсіздік болады. Сапасыз тағамдар микробтардың көбеюіне, олардың уының пайда болуына жағдай туғызып адамдардың тамақтан улануына алып келеді. Микроорганизмдер сапасыз тамақ ішкеннен кейін пайда болуы мүмкін. Оған түскен микробтарға байланысты уланудың алғашқы белгілері тамақтан кейін бір-екі сағаттан кейін байқалады. Ал басқа жағдайларда олар қоздырғышқа байланысты 12 және одан да көп уақыттан кейін пайда болады.
Тамақтан улану қаупін азайтуға көмектесетін бірнеше нұсқаулар:
Гигиенаны сақтаңыз. Балаларды тамақтанар алдында және дәретхананы қолданғаннан кейін қолдарын жууға үйретіңіз. Сондай-ақ, жемістер мен көкөністерді тұтынар алдында жууды ұмытпаңыз;
Қауіпсіз су мен өнімдерді қолданыңыз. Пісіру кезінде жаңа және дұрыс өңделген тағамдарды қолданыңыз.
Тамақты дұрыс дайындаңыз. Пісірер алдында қолыңызды мұқият жуыңыз, айқас ластануды болдырмау үшін шикі және жеуге дайын тағамдарға әртүрлі пышақтар мен тақтайшаларды пайдаланыңыз.
Азық-түлікті дұрыс сақтаңыз. Азық-түлік сақтау нұсқауларын орындаңыз және жарамдылық мерзіміне назар аударыңыз.
Шикі және қуырылмаған тағамдардан аулақ болыңыз.
Балалар тамақ нфекцияларына көбірек бейім болуы мүмкін, сондықтан шикі жұмыртқа,пастерленбеген сүт немесе қуырылмаған ет сияқты шикі немесе қуырылмаған тағамдардан аулақ болуға тырысыңыз. Тамақтан уланудың белгілері – қызудың көтерілуі, іш өту, іштің ауырсынуы, құсу, жүрек айну, бас айналу, әлсіздік. Сонымен қатар, дер кезінде емделмесе, асқынуларға - сусыздануға, жүрек және тыныс алу жүйесінің бұзылыстарына әкеліп соқтыруы мүмкін. Тамақтан уланулар жиі той-жиындарда, халық көп жиналғанда болуы мүмкін. Өйткені осы уақытта тағамдар бірнеше сағат, тіпті, 1-2 күн бұрын дайындалады. Ас үстелінде де біршама уақыт тұрады, сондықтан даауру топтық сипатта өтуі мүмкін. Егерде Сіз тамақтан улану белгілерін байқасаңыз, дереу дәрігерге қаралыңыз. Улану кезінде емдеуді дереу бастау керек, өйткені мұндай жағдайда әрекетсіздік әртүрлі асқынуларға әкелетінін есте сақтаңыз.
А. САТЕКЕЕВА,Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы