Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отағасының отбасыдағы орны

Отағасының отбасыдағы орны

Әр отбасы – жеке мемлекет. Бұл мемлекеттің ірге тасын қалаушы, оны басқарушы – отағасы. Шаңырақтың рухани-материалдық жағынан құлдырамай мықты болып тұруы әкеге байланысты. Салмақтылық пен сабырлықтың иесі болып табылатын ер-азаматқа жүктелер міндет қашанда жоғары. Әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше. Жүрегі жұмсақ аналар баланы тым еркелетіп жібергенімен де, әкенің салмақты сөзі ауадай қажет.
Бала тәй-тәй басқан сәттен-ақ анасын әкесінен, ал әкесін өзге ер адамдардан ажырата алады. Бүлдіршіннің ана мен әкеге деген қарым-қатынасы екі түрлі болады. Сәби өмірінің алғашқы жылында әке бала жанынан әрдайым табыла білсе, тәрбиесі мен еркелігіне көп мән берсе екеуінің арасында тығыз психолгиялық байланыс орнайды. Ал бұл сәбидің болашақта дұрыс мінез қалыптастыруына әкелген алғашқы қадам болмақ.
"Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер" деген мақалдың мәні зор. Алайда мұндағы ұл міндетті түрде әкеге, керісінше қыз анаға қарап ғана бой түзейді деген сөз емес. Мұндағы басты сөз қарау болғандықтан, яғни ата-ананың әрбір жүрісі мен сөйлеген сөзі бала үшін маңызды. Сондықтан бала тәрбиесіндегі негізгі ұстаным ол – "көз тәрбиесі". Яғни ұлы әкесіндей болуға, ал қызы анасындай ақылды болуға ұмтылуы сол отбасының берген тәрбиесінің нәтижесі.
Әке баласына физикалық және психологиялық тұрғысынан мықты болып өсуіне көп мән беруі керек. Сондай-ақ ұқыптылық, адалдық, мейірімділік пен қамқорлық сынды жақсы қасиеттері құр сөзбен емес, өз іс-әрекетінде көрсете білуі тиіс.
Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға ұмтылған. Бір данышпан: "Біз мәпелеп, қиындықтан қорғап, ыстық-суығына өзіміз түсіп жүріп, баламызға қастық жасап жатырмыз. Кейін есейгенде өмірге бейімі жоқ, шыңдалмаған бала қиындыққа тап болса, морт сынады" деген екен. Соны білген аталарымыз ұрпағын жастайынан ерлікке тәрбиелеген.
Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: "Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?" деп сұрайды. Сонда Абай: "Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым" деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: "Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек" деп жауап қатқан деседі.
Баланың тәрбиесінде әкенің статусы жоғары болу үшін өзі дара жолы аздық етіп жатады. Себебі анасы да баласына әрдайым отағасын биіктетіп, ол жайлы "әкеңе айтамын" деген бір ауыз сөзбен баласын тоқтата білгені де даналыққа жатады. Әсте әкесі баласын ұрып соғады деген сөз емес, ондағы құндылық әкенің отбасындағы рөлінің жоғары екендігі.
Баланы сеніммен тәрбиелеу зор нәтиже береді. Өз ұлыңмен өзің сырласа білу де қазіргі қоғам өнері іспетті. Себебі көп әке ұлын жанында ертіп жүрмейді. Өзі жүрген жолмен жүргізіп, өзі көрген қиыншылықты көрсетпейді. Әке жағдайы әрдайым жақсы деген түсінік бала миында қалып қойғандықтан, қиындықтың бәрін әкеге артып қояды. Ал әкелік өмірдің қатал тұстарын көрмеген бала отбасылы болуды оңай санайды. Осылайша анасына ұқсатып алған жарымен бірге тұрудағы қиындықтарда бала өзін кінәлі санауы мүмкін. Себебі әке өз тәрбиесі мен үлгілі отбасы үшін өзі таңдаған жарын өзгерткенін ешқашан сөз етпеген болуында. Яғни әке мен ана балалары үшін көк пен жер қалай үйлессе, әйел мен ер дәл солай үйлесуі керек екенін ұғындыруы қажет. Сонда ғана әйел өз табиғатын танып, «жер қозғалмаса қозғалмайтын» байсалды, сабырлы қалпынан танбай, барлығын сіңіріп, өзгеге басу айтса, ер адам тәңірлік сипат алып, һәм күшті, һәм асыраушы болған кезде ғана қазақ отбасында гармония, үйлесім орнайды.
Тәлімі мен тағылымы мол әке мектебі әр бала үшін ауадай қажет.  Әкеге құрметпен қарау әр баланың парызы. Қазақтар өзгелерге еліктеймін деп ұлттық тұтастықты, ұл-қыз тәрбиесіндегі өзіндік ұстанымдарды уысынан шығарып алмаса игі.
Нұрай ӘМІРХАНОВА

Сурет: Нұрболат Нұржаубай
10 ақпан 2025 ж. 36 0